Жаңалықтар

Желілік олимпиаданың нүктесін жас полиглоттар қойды


Желілік олимпиаданың бесінші күнінде қатысушылар әлем елдеріне саяхатқа аттанды, себебі бүгін олар ағылшын, француз, неміс тілдерінен, сондай-ақ тарих пен құқық негіздерінен білім таластырды.

Шымкенттегі химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектептің оқушысы Ахмет Базарбеков олимпиадаға екі жыл қатарынан қатысып келеді, таңдауы неміс тіліне түсіп, Германияға саяхат жасамақ:
 
– Неміс тілінде ең бастысы грамматикаға көңіл бөліп, зат есімдердің қай негізде жазылатынын нақты білу.
 
Елордадағы физика-математика бағытындағы NIS-тен Аида Керибаева биыл олимпиадада бақ сынауға шешім қабылдап, мектеп бойынша бірінші орынды иеленген:
 
– Кез келген зияткерлік бәйге – сайыскерлік жағдайда білімің сыналатын, жинақылығың назарға алынатын, жеңіске деген ұмтылысың бағаланатын сәт. Ағылшын тілін меңгеру – менің хоббиім, тілдік білімімді advanced деңгейіне жеткізуді көздеймін. Осы мақсатта әлем бойынша сұранысқа ие тілді толыққанды меіңгеру үшін TED talks қарап, ағылшын тілінде танымдық видеолар мен жаңалықтар тыңдаймын.
 
Алматыдағы физика-математика бағытындағы NIS оқушысы Аяулым Мұқан соңғы 2 аптада олимпиадаға қарқынды дайындалған:
 
– Мектептегі соңғы жылы білімімді тексеріп көргім келді.
 
Петропавл қаласындағы NIS оқушысы Темірлан Әбішев жалпы білім беретін пәндер бойынша желілік олипиадада өткен жылы ағылшын тілі пәні бойынша қатысып, ІІІ орын алған болатын. Тәжірибелі сайыскер биылғы білім додасында қамтылған сұрақтар өзі үшін біршама жеңіл болғанын атап өтті:
 
– Мені қолдап, осы сынға дайындаған ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Айгүл Серікқызына алғысым шексіз. Ол ұстаз ретінде оқушылардың өз пәніне деген қызығушылығын оятып, жақсы білім бере алады.
 
Қарағанды қаласындағы NIS оқушысы Меңдіғаз Зейнолла NIS желілік ғылыми жобалар байқауында ІІІ орынды иеленген болатын. Олимпиадада ол ағылшын тілінен сынға түсті.
 
– Олимпиада маған қабілеттерімді тануға, білім деңгейімді білуге мүмкіндік береді.
 
Оралдағы NIS оқушысы Амира Ағаділова неміс тілі бойынша білімін сынады. Жас полиглоттың қоржынында халықаралық «Tolles Diktat» акциясы мен республикалық пән олимпиадасының күміс медалі бар:
 
– Бірнеше шет тілін қатар меңгеру қазақстандық мектеп оқушылары үшін қалыпты жағдайға айналды, өйткені тіл білудің көптеген артықшылығы бар, сонымен қатар дүниетанымды кеңейтіп, қарым-қатынас дағдыларын дамытады.
 
Нұр-Сұлтан қаласындағы Зияткерлік мектептен Диана Ажигалиева былтыр өткен олимпиадаға қатысып, неміс тілі бойынша екінші орынды иеленген болатын. 7-сыныптан бері неміс тілін терең меңгерумен айналысып келеді:
 
– Тілді үйренуде сөздер мен сөз тіркестерін жаттап, оларды күнделікті өмірде жиі қолданып тұру керек деп ойлаймын. Мен лексиканы білу – бұл тіл үйренудің негізгі кілті деген қағиданы ұстанамын.
 
Ақтөбедегі Асия Тайжанованың желілікке биыл алғаш қатысуы:
 
– Таңдауым ағылшын тіліне түсті, лексика-грамматикадан білімімді, тексерумен қатар, тыңдау және жазу бөлімдерінен де сүрінбей өттім.
 
Алматыдағы химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектептен олимпиаданың тілдік секциясына қатысушылар – нағыз полиглоттар.
 
Ұлжан француз тілін меңгерумен айналысады, Бальзак еліне университетке түсуді армандайды. Тамерлан неміс тілін білу Гете мен Шиллерді түпнұсқасында оқуға мүмкіндік береді деп санайды, 7-ші сыныптан бастап ол тілді меңгеруге бет бұрған. Ал Іңкәр Сабыр неміс тілі бойынша өз білімін дәлелдеп шықты. Зияткер Лейпциг университетінің профессорынан жаратылыстану-ғылыми пәндерден дәріс алуға мүмкіндік беретін MINT лагеріне жолдаманы жеңіп алды. Сондай-ақ Іңкәр Германияның академиялық қызметінен DAAD стипендиясына үміткер болып табылады. Тамерлан мен Іңкәр Германия министрлігінің B1 сертификатына ие.
 
Ағылшын тілінен олимпиадаға қатысушы 10 сынып оқушысы Алинаның олимпиадаға бірінші қатысуы емес. Зияткер өткен жылғы Желілік олимпиаданың 2-ші орын иегері.


Қаралым: 85
Жарияланған: 27 Ақпан