Жаңалықтар

Евгений Югай – ұлты кәріс, рухы қазақ


Ұлты кәріс, рухы қазақ Евгений Югай елордалық физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі командасының мүшесі.

Қазақ тілі мен әдебиеті секциясы – орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгерген, корей тілін үйреніп жүрген Евгенийдің саналы таңдауы. 6 жасынан бастап қазақша сөйлей бастаған Евгений мемлекеттік тілді үйренуге ерекше ықылас, асқан қызығушылық танытады.
 
Зерделі де зерек, мақсатшыл Евгений қазақ жазушыларының шығармаларымен түпнұсқада танысқанды ұнатады, Ұлы Дала тарихы мен мәдениеті туралы кітаптарды көп оқиды.
 
Евгений айтылған ой мен әрбір сөз астарына үңіліп, үнемі әдеби тілде сөйлеуге тырысады. Тілді жетік меңгеру үшін күш пен уақытын аямайды, үздіксіз жаттығып, сөйлесуге қызықты орта іздейді. Қазақ тілді сайттарды оқиды, әлеуметтік желілердегі достарының жазбаларына қазақша жауап береді, теледидардан түрлі бағдарламаларды мемлекеттік тілде көруге тырысады.
 
– Маған қазақ тілі ұнайды. Мен өз елімді жақсы көремін! Өз елімнің тілін өмір бойы үйренуге дайынмын. Қазақ тілін білу – менің Отан алдындағы парызым деп санаймын.
 
Евгений қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен өткен мектепішілік байқаулар мен олимпиадаларға түрақты қатысады. Ол 2019-2020 оқу жылының үздік оқушысы танылса, 2021 жылдың қаңтарында өткен республикалық жобалар жарысында қола «Елбасы медалін» жеңіп алды.
 
Жас зияткер өз бетінше «Ділмарлық», «Мобилография», «Дизайн және мода», «Тез оқу техникалары», «Қаржы сауаттылығы», «Жоба менеджменті», «Жастарға арналған бизнес», «Маркетинг», «Көшбасшылық» онлайн курстарынан өткен.


Қаралым: 43
Жарияланған: 26 Ақпан