Жаңалықтар

«Ауылдан шыққан миллионер» Сәуле Досжан: Балаларға арналған бір керемет шығарма жазсам екен деп армандайтынмын


«Ауылдан шыққан миллионер» танымал кітабының авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, ақын, журналист Сәуле Досжан Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушыларымен онлайн кездесті. 

Сәуле Досжанның балаларға арналған жаңа кітабы еліміздегі барлық аймақтың жас оқырмандарының сүйікті шығармасына айналып үлгерді. Бүгінгі таңда «Ауылдан шыққан миллионер» − қазіргі қазақ балалар әдебиетінің теңдессіз шығармаларының бірі. Осы кітап желісі негізінде Зияткерлік мектептерде түрлі шаралар өткізілді. Павлодарлық оқушылар кітап кейіпкерлері мен сюжеті бойынша суреттер салса, Шымкенттегі химия-биология бағытындағы мектеп оқушылары зияткерлік ойын өткізіп, анимациялық буктрейлер жасады. 

«Ауылдан шыққан миллионердің» авторымен өткен кездесуге төрт мыңға жуық NIS оқушылары қосылды. 

− Балалар әдебиеті ылғи жүрегімде жүретін. Балалар әдебиетінде бір керемет шығарма жазсам екен деп армандайтынмын. Және қазақ балалары кішкентайынан нарық заңын біліп өсіп, өмір сүрудің құпияларын біліп өссе екен деп армандайтынмын. Сол көп жылдан бері ойлап жүрген арманыма былтыр пандемия кезінде жеттім, − деп Сәуле Мағазбекқызы ағынан жарылды.

Көкейлерінде жүрген сұрақтарды қойған оқушыларға басты кейіпкер Жомарттың болашақтағы өмірі қызық болды: ол өз махаббатын тапты ма,  достарымен қарым-қатынасы жалғасты ма, Роза тәтенің дүкені әлі де жұмыс істеуде ме. Үздік деп танылған пікір мен сұрақ авторлары жазушының қолтаңбасы қойылған кітапқа ие болды. 

Дәстүр бойынша Сәуле Досжан өзінің болашақтағы жоспарларын да атап өтті, қазіргі таңда жазушы Жақсылық Үшкемпіров жайында балаларға арналған романын жазу үстінде.

 



Қаралым: 81
Жарияланған: 26 Қаңтар