Жаңалықтар

Қашықтан білім беру: тәжірибе мен перспективалары


«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова қашықтан форматында жұмыс істеу кезеңінде ие болған басты құндылықтарға талдау жүргізді.  Күләш Ноғатайқызының Зияткерлік мектептердің ұстаздары мен қызметкерлері алдында дәстүрлі қаңтар жиынында сөйлеген сөзі «Қашықтан білім беру: тәжірибе мен перспективалары» атты пандемия кезеңіндегі ең өзекті тақырыпқа арналды.

– Адам ойлауы мен танымының, кеңістікті түсінуінің түбегейлі өзгеруі орын алып, оқу үрдісін ұйымдастыру мен уақытты бөлуге жаңа көзқарас пайда болды. Қашықтан білім берудің басты нәтижелері деп онлайн сабақтар мәдениетінің қалыптасуын, оқушылардың, мұғалімдер мен ата-аналардың АКТ құзыреттілігі деңгейінің өсуін, оқу материалдары қорының банкін құруда тәжірибеге ие болуды, командалық жұмыс пен мұғалімдердің желілік әріптестігінің жақсаруын және өзге де нәтижелерді атауға болады. Басты жоғалтулар – эмоционалды қарым-қатынас пен шынайы бетпе-бет тілдесудің жоқтығы, – дейді Күләш Ноғатайқызы.

Онлайн кездесудің барлық қатысушыларын баяндамада аталған сандық нәтижелер қуантты: желі бойынша ағымдағы оқу жылының екінші тоқсанында білім беру сапасы өткен жылдың екінші тоқсанымен салыстырғанда 6,7% артты; IELTS-тің орташа баллы 6,7 құрады, әрбір екінші білім алушы 7,0   және одан да жоғары нәтижеге ие болды. Түлектердің 70,2% – 6,5 және одан да жоғары баллға қол жеткізді.

2019 жылмен салыстырғанда республикалық олимпиадалардың жеңімпаздарының қатары алты есеге, халықаралық – 13,4 есеге өсті, республикалық байқаулар мен ғылыми жобалардың жеңімпаздарының қатары екі есеге, ал халықаралық – 1,5 есеге өсті.

 



Қаралым: 59
Жарияланған: 16 Қаңтар