Жаңалықтар

NIS кестесінде – Тұңғыш Президент Күні


Назарбаев Зияткерлік мектептерінде Тұңғыш Президент күні дәстүрлі «Ұлы дала мұрагерлері» домбырашылар марафонынан бастау алады. NIS-тің барлық YouTube арналарында Құрманғазы мен Дәулеткерейдің, Нұрғиса Тілендиевтің атақты күйлері орындалатын болады.

Бірінші желтоқсанға Зияткерлік мектептер желісінде ауқымды бағдарлама жоспарлануда. Мерекелік марафонды алғашқылардың бірі болып Өскеменде «Елбасы сүйген ел әні» бастады, бейнечеллендж Қарағандыдағы және Петропавлдағы Зияткерлік мектептерге жолданды.

Оралда «Президенттің бастамалары» тақырыптық NIS Tallks өтеді. Қостанайда «Елбасының кітаптары» атты виртуалды көрме әзірленуде. Қызылордадағы зияткерлік ойынға оқушылармен біргек олардың ата-аналары да қатысатын болады. Павлодарда «Замандастар жырлары» жобасы аясында дикторлар клубы көркем оқудан «Тәуелсіз елдің ұландары» байқауын ұйымдастырмақ.

Талдықорғанда кездесуге Алтын домбыраның екі дүркін иегері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Жандарбек Бұлғақов шақырылды. Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектепте «Елбасы – Мәңгілік ел көшбасшысы» атты онлайн конференция өтеді.

Барлық Зияткерлік мектептерде «Бүгінгі шаңырақ  көшбасшылары – болашақ ел көшбасшылары» көшбасшылар форумы мен «Әлем таныған Елбасы» TEDx конференциялары, «Қазақстандық жол. Н.Назарбаев» виртуалды экскурсиялар мен «Ел тірегі – Елбасы» кітап көрмелері, «Елбасының қолтаңбасы» эссе және «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» сурет байқаулары, қайырымдылық акциялары, спорттық эстафеталар мен тимбилдингтер, «Елімнің бағы – Елбасы» атты концерттер мен өзге де шаралар жоспарланған.

Барша мерекелік шаралар онлайн форматта MS Teams, Zoom, Google Meet платформаларында, Зияткерлік мектептердің YouTube арналары  мен әлеуметтік парақшаларында өтетін болады.

Толығырақ ақпарат пен сілтемелер – Зияткерлік мектептердің сайттары мен әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында.

 

 

 



Қаралым: 75
Жарияланған: 26 Қараша