Жаңалықтар

Қазақстандық оқушылар WRO-2020 олимпиадасында жүлдегер атанды⠀


Қазақстандық құлтемір құрастырушы «kzSGM» командасы WRO-2020 дүниежүзілік LEGO роботтар олимпиадасында жүлделі орынға ие болды, деп хабарлайды Елорда Инфо физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.⠀

Ұйымдастырушылар эпидемиологиялық жағдайға байланысты сайысты онлайн өткізді. Канаданың Монреаль қаласында қараша айының 12-15 күндері өткен додаға әлемнің 50-ге жуық елінен 450-ге жуық команда қатысқан.⠀
Биылғы маусым «Климаттық жасақ» (Climate squad) тақырыбына арналды. Сайысқа қатысушы әр команда қолайсыз және қауіпті климаттық жағдайларды жеңіп, климаттың өзгеруіне байланысты мәселелерді шешуге көмектесетін құлтемірлер жасауы керек болды.⠀
Аталған олимпиадаға Семей қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушылары Мирас Мұратқанов пен Нұрбол Мақтаев жұбының «kzSGM» командасы қатысып, «Surprise» санатында жүлделі 6-орынға ие болды. Жалпы бұл санатта 184 команда бақ сынап, 16-19 жас аралығындағы робот құрастырушылар үшін жүлделі 8 орын үлестірілген.⠀
«Мирас екеуміздің дүниежүзілік олимпиадаға алғаш қатысуымыз. Бұған дейін республикалық деңгейдегі сайыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрдік. Осы олимпиадаға қатысатынымыз жайлы естігелі ұстазымыз Бақытбек Нұрлыбекұлының жетекшілігімен тыңғылықты дайындалуға кірістік. Бұл жарыс біз үшін нағыз тәжірибе алаңы болды. Жүлдегерлер қатарында өзімізді көргенде тіптен қуандық. Осы олимпиадаға қатысып, бағымызды сынауға мүмкіндік берген «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-на үлкен алғысымызды білдіреміз», – деді Нұрбол Мақтаев. ⠀
Оқушылардың сөзіне қарағанда, биылғы олимпиадаға ұйымдастырушылар аздаған өзгеріс енгізіп, «Surprise» санатында берілетін тың жаңа тапсырманы 24 сағаттың ішінде орындауы керек болған. Осы тапсырманың шеңберінде команда мүшелері жаңа құлтемір құрастырып, оның қозғалу, жүру, белгілі бір жұмысты атқару сынды әрекеттеріне қажетті бағдарламаны әзірлеген.⠀
Айта кетсек, қос құлтемірші өткен жылы Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында домбырашы робот жасап, оған Хәкімнің «Тор жорға» күйін тартқызған болатын.⠀


Қаралым: 87
Жарияланған: 17 Қараша