Жаңалықтар

Президент марапаты өз қаһарманын тапты


Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес Көкшетау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Омар Бекин «Халық алғысы» медалімен наградталды. Ол марапатын облыс әкімі Ермек Мыржықпаевтың қолынан алды.

Жер мен елді короновирус жаулап, карантин жарияланған сәтте Елбасының бастамасымен «Біз біргеміз» акциясы бастау алған болатын. Аталмыш акция аясында көкшетаулық еріктілер әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға азық-түлік тасуды қолға алды. Үйдегі ата-аналарының үрейлеріне қарамай, өзін емес өзгені ойлаған Омар қатарластарынан қалмай акцияға белсенді атсалысты. Жеке өзі 500-ден астам үйге азық-түлік тасыған.

«Мені награда алатын адамдардың тізіміне енгізіп жатқанын білгенде қатты таңғалдым, екіншіден ыңғайсыздандым. Өйткені, жұмыс істеп жүрген еріктілер қатары өте көп. Оларлың тек төртеуі ғана марапатқа ие болды. Соның бірі мен болдым. Одан қалды, осы медальға ие болған қазақстандықтардың ішінде ең жасы мен  екенмін. Қалғандары күн-түні қызметте жүріп, өздерінің денсаулықтарын, жанұяларын емес, елдің қамын ойлап жүрген дәрігерлер, құқыққорғау органдарының қызметкерлері. Әрине, ондай адамдармен бір деңгейде болу, бірдей марапат алу мен үшін зор мақтаныш», – дейді Омар.  

 



Қаралым: 106
Жарияланған: 07 Қазан