Жаңалықтар

Жаңа оқу жылына Назарбаев Зияткерлік мектептерінен жаңа формамен


 Жаңа оқу жылының қарсаңында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының ұжымы Түркістан облысындағы екі бірдей мектептің оқушыларына нағыз мереке сыйлады.

Мамыр айында ұстаздар мен барлық Зияткерлік мектептердің, орталық апараттың, төрт орталықтың қызметкерлері Мақтаарал ауданындағы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында қаражат жинаған болатын. Жиналған қаражатқа Өргебас ауылындағы Қ.Аманжолов атындағы мектептің және Жеңіс ауылындағы Қ.Мүсірепов атындағы мектептің әрбір оқушысына мектеп формасы тігілді. 18 компьютерлік техника жиынтығы, балаларға көркем әдебиет және педагогтарға әдістемелік әдебиеттер сатып алынды.

Күні кеше «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова Өргебас және Жеңіс ауылының оқушылары мен ата-аналарына мектеп формаларын, ноутбуктер мен кітаптарды табыстады.

Өргебас ауылындағы Қ.Аманжолов атындағы орта мектептің 8 сынып оқушысы Жанар Мамрежапова еліміздің барлық оқушысы білім алуды армандайтын Зияткерлік мектептер жүйесінің дәл осындай қолдауы күтпеген қуаныш әрі үлкен оқиға болғандығын жасыра алмады: 

 – Мені және менің сыныптастарымды НЗМ тарапынан көрсетілген ықылас пен қамқорлық одан әрі шабыттандарып, оқуға деген жігерімізді арттыра түсті. 

 Мақтаарал ауданының Өргебас және Жеңіс ауылдарындағы су тасқынынан зардап шеккендер туралы толығырақ фоторепортажды дүйсенбі күні ДББҰ барлық ғаламатор платформаларынын көруге болады.

 



Қаралым: 189
Жарияланған: 22 Тамыз