Жаңалықтар

Жаңа жағдай – жаңа мүмкіндіктер


 

Назарбаев Зияткерлік мектептері мұғалімдеріне арналған Тамыз конференциясы 

 Жаңа жағдай – жаңа мүмкіндіктер 

Басқарма төрайымы Шәмшидинова К.Н.

 

2020 жылы біз өмірімізде бұрын-соңды болмаған өзгерістерге тап болдық - көптеген елдерде қалалар мен кәсіпорындар жабылып, қыруар халық оқшауланып қалды. Жұмыс, оқу, тіпті  күнделікті қарым-қатынастың өзі пандемияның ықпалына түсті. COVID-19 вирусының өмірімізге әкелген өзгерістер ауқымын ешкім болжай алмады. 

Әлемнің барлық елдерінде дерлік мектептер жабылып, 1,6 миллиардан аса оқушы мен 40 миллионға жуық мектепалды жасындағы  бүлдіршіндер оқытусыз қалды. БҰҰ-ның бас хатшысы Антониу Гутерриш айтқандай, «біз бүтін ұрпақ дағдарысының куәгері болып отырмыз, оның кесірінен адамның ішкі әлеуеті сол ашылмаған күйінде кетуі мүмкін және соңғы он жылда  қол жеткізген прогресс зая кетіп, орын алған теңсіздік күшейе түсуі  мүмкін». 

Карантин кезінде балалар бүкіл уақытын отбасыларымен өткізуде, бұл бір жағынан отбасы мүшелерінің бір-бірін жақынырақ, тіпті жаңадан тануына мүмкіндік  берсе,  екінші жағынан кейбір ата-аналардың мазасы әбден қашты.  Ойламаған жерден олардың мойнына балаларды  бағып-қағу,  оқыту және  сонымен қатар жұмыс істеу  міндеті қатар артылды.     

Оқушылар оқшауланып, қашықтан  оқу кезінде мұғалімдермен және сыныптастарымен қарым-қатынасы шектеліп қана қоймай, көп жағдайда маңызды әлеуметтік тәжірибеден де шеттетіліп  отыр.  Ғылыми зерттеулерден эмоциялық тұрғыдан даму, жаңа дағдыларды үйрену, өзін таныту, өзіндік болмысын қалыптастыру және құрбы-құрдастарымен қарым-қатынасты дамыту үшін ортаның айрықша маңызды екені белгілі.  

Сарапшылардың пікірінше, қашықтан  оқыту салдарынан туындаған зардаптарды қалпына келтіру шараларын қолданбасақ, COVID-19 вирусының білім беру саласына тигізген зардабы тұтас  қоғамның игілігі мен әл-ауқатына ұзақ уақыт бойы теріс ықпал етуі мүмкін.  Сарапшылардың болжамына сүйенсек, пандемия салдарынан мектебі жабылған оқушылардың болашақ еңбекақысы 2,9%-ға қысқармақ (мектепте оқыған әрбір жыл еңбекақыны орташа есеппен алғанда 8%-ға көтереді). Бұл жыл сайын 1,9 млрд-қа дейін АҚШ доллары көлемінде  жалпы экономикалық зардаптарға соқтыруы мүмкін. 

Иә, расында, 2020 жылы  жаңа жағдайға тап болдық, десек те бұл біз үшін оқыту мен оқуда, бағалауда жаңа ізденістерге жол ашатын  мүмкіндік  те болып табылады.

 

ҚАШЫҚТАН ОҚЫТУ НӘТИЖЕЛЕРІ  

Өткен оқу жылының 4-тоқсанында оқу үдерісін білім сапасын төмендетпей ұйымдастырып, қамтамасыз ету біз үшін басты мәселе болды. 

Қашықтан  оқытуға көшу барлығымыз үшін күтпеген және өмірімізге тосыннан енген жағдай болды, осыншама үлкен ауқымда қашықтан  оқытуға ешкім дайын болмады. Бүкіл адамзаттың көз алдында жүріс-тұрыс пен білім берудің үйреншікті модельдері, яғни «мұғалім -- оқушы», «оқушы -- оқушы», «мұғалім -- ата-ана» қарым-қатынасының модельдері  бұзылды. 

Оқу үдерісінің сапасы мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналарға қашықтан  оқыту кезінде қарым-қатынас жасау мен  білім алуды қалай тұжырымдап, түсіндіруге  байланысты болатынын түсіндік. 

Қашықтан  оқыту аясында 4-тоқсанда біздің мектептерде 250 мыңнан астам онлайн сабақ өткізіліп, 75 мыңнан астам онлайн кеңес берілді. 

Оқушылар мен ата-аналар арасында жүргізілген сауалнамаға сүйенсек, олар өткізілген сабақтарға оң баға берген. Қашықтан  оқытуға байланысты туындаған  техникалық және әдістемелік қиындықтарға қарамастан, барлық мектептердің мұғалімдері мен басшылығы оқу үдерісін ұйымдастыруда жоғары кәсіби біліктілік танытты.    

Зияткерлік мектептердің қашықтан  оқытуына байланысты жүргізілген зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, көптеген  мұғалімдер (73%), балалар (83%) және ата-аналар (64%) аталмыш оқыту түріне көшкелі білім беру бағдарламасының көлемі өзгермегенімен, оқу жүктемесі артты деп есептейді. Мұғалімдер жұмысқа күніне шамамен 10 сағат жұмсайтынын  көрсеткен, бұның  ішіне  сабаққа дайындалуға және кеңес беруге кететін 4 сағат та кіреді. 

Әрине,  қашықтан  оқыту нәтижесінде мұғалімнің жұмыс істеу жағдайы, атап айтқанда сабақтың ұзақтығы, кестеге қойылатын талаптар, оқыту, бағалау әдістері, оқушылармен  кері байланыс жасау және үй жұмысын тексеру талаптары өзгергені  белгілі. Кабинетте оқыту  кезінде сәтті қолданылатын технологиялар мен әдіс-тәсілдерді  пайдалануға мүмкіндік болмағандықтан, сабаққа дайындалуға   көбірек уақыт кететіні белгілі.   

Сонымен қатар мына бір жайтты да  ескерген жөн: карантин кезінде сабақты оқушылар ғана емес, олардың ата-аналары да көреді. Бейнетаспаға түсірілген сабақтарды ПШО мамандары қарап отырады.   Осының бәрі мұғалімдерде қобалжу туғызып,  эмоциялық жағдайына әсер етеді. Оларға жинаған педагогикалық тәжірибесін, оның ішінде оқушылармен және олардың ата-аналарымен араласу әдебін күтпеген жерден жаңа жағдайларға  бейімдеуге тура келді. 

Австралияның мұғалімдері арасында жүргізілген ұлттық сауалнамаға сәйкес (Ziebell және т.б., 2020), мұғалімдердің пікірінше, мектептер мен үкімет бар назарын қашықтан оқудың балаларға тигізер әлеуметтік және эмоциялық әсері, білімнің қолжетімділігі (accessibility) және мұғалімдердің ұлғайып бара жатқан  оқу  жүктемесі секілді мәселелерге аудару керек.  

Сондықтан эмоциялық дағдарысты  шешу үшін мектеп әкімшіліктері мен психологиялық қызметтері, ДББҰ-ның құрылымдық бөлімшелері жаңа оқу жылында психологиялық қолдау көрсету механизмдерін қарастырып, педагог мамандарға әдістемелік көмек көрсету мүмкіндіктерін кеңейту керек. 

Осы орайда айта кетерлік  жайт, халықаралық зерттеулер көрсеткендей,   ұстамды және ыждаһатты оқушылар қашықтан  оқу форматына тез бейімделген.  Австрия, Германия және Швейцария оқушылары, ата-аналары, мұғалімдері мен мектеп әкімшіліктері арасында өткізілген «Мектеп барометрі» сауалнамасының нәтижесіне жүгінсек, аптасына 25 және одан артық сағат білім алатын оқушылар (сауалнамаға қатысқан оқушылардың 31%-ы) дәстүрлі түрде сыныпта оқығаннан гөрі қашықтан көбірек білім алған;  таңертен  ұйқыдан оянып, әдеттегі міндеттерін  орындау  қиынға соқпаған; олар өз уақытын  тиімді өткізіп, үй жағдайында көбірек спортпен айналыса бастаған (Huber & Helm, 2020[1]). Демек, қашықтан  оқытудың өз артықшылықтары да бар, тек оларды оқу үдерісінде тиімді пайдалану керек.

 

МҰҒАЛІМДЕРДІ ӘДІСТЕМЕЛІК ҚОЛДАУ  

Бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген көптеген ақпараттарға сәйкес мұндай күрделі кезеңде  барлық елдерде туындаған басты мәселе - мұғалімдерге қашықтан  сабақ беруге  көмектесетін  әдістемелік қолдаудың жетіспеушілігі. 

Қашықтан  сапалы білім беру  үшін біз мектептерге  түрлі деңгейде қолдау көрсеттік.    

Мұғалімдерге көмек көрсету мақсатында Білім беру бағдарламалары орталығы мен  Педагогикалық өлшеулер орталығы сабақ мазмұны, оқушылардың оқу нәтижелерін бағалау бойынша әдістемелік-нұсқаулық  материалдарын әзірледі.  

Қашықтан  оқытуға көшуге байланысты білім беру үдерісіне  араласатын барлық тараптарға  қолдау көрсету мақсатында ДББҰ-ның ресми сайтында арнайы бөлім ашылды. Оқу ісін ұйымдастыру,  білім беру мазмұны мен бағалау,  сондай-ақ техникалық  мәселелерді  жедел  шешу мақсатында ДББҰ-да жұмыс тобы құрылды. Оқу үдерісіне мониторинг жүргізу, сондай-ақ сабақты ұйымдастыру және өткізу, кеңес беру мәселелеріне қатысты мұғалімдерде туындаған  сұрақтарға жауап беретін  call-орталықтар құрылды.  

Қашықтан  білім беруді қолдау мақсатында Telegram-бот (@Teams_manual_bot) іске қосылды, онда Microsoft Teams-ты қолдануға қатысты  нұсқаулықтар мен бейнероликтер ұсынылған, сонымен қатар жаңа форматтағы оқытуды ұйымдастыруға байланысты сұрақтарға жауап алуға және әр Зияткерлік мектептің техникалық көмек көрсету чатына жүгінуге болады. 

Осы кезеңде мұғалімдерге көмек көрсету үшін педагог мамандардың  нақты кәсіби сұраныстарына  сәйкес  курстан кейінгі онлайн қолдау жұмысы жүргізілді.  Webinar.ru, Zoom мен MS Teams платформалары мұғалімдердің   бірлесе жұмыс  істеп, педагогикалық біліктілігін көтеру үшін кездесетін алаңға айналды.   

Мұғалімдерге әдістемелік қолдау аясында олардың онлайн сабақтары бақыланды. ПШО тренерлері 7-11-сыныптардың 305 онлайн-сабақтарын бақылады. 

Сабақтарды бақылау нәтижесінде онлайн сабақтарды ұйымдастырып, жүргізудің ұтымды және ұтымсыз  жақтары анықталды. 

Бақылау нәтижелері мұғалімдер мен оқушылардың  онлайн сабаққа қосылып, белсенді қатысуға қажетті барлық АКТ дағдыларын меңгергенін  көрсетті. Барлық онлайн сабақтардың оқу материалдары ағымдағы тақырыптың алдыңғы тақырыбымен байланысты болды.  Пәнаралық байланыс орнатылғаны  байқалды, оқушылар практикалық тапсырмаларды орындау үшін басқа салалар бойынша меңгерген білімдерін қолданды. Онлайн сабақтар барысында мұғалімдер оқушылардың есімдерін атап, жұмыс істеді, бұл олардың арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға септігін тигізді. Кейбір онлайн сабақтарда оқушыларды оқу үдерісіне белсенді тарту әдістері байқалды. Мұғалімдердің көпшілігі  бейнеүзінділерді, интерактивті ресурстар мен қолданыстағы бағдарламалар  қызметтерін шебер қолданды. Бұл зертханалық жұмыстарды жүргізуге, физикалық әсерді көрнекі түрде көрсетуге мүмкіндік берді.

 Бақылау нәтижелеріне сәйкес мұғалімдер мен мектептердің басшылығына әдістемелік  нұсқаулар ұсынылған талдамалы анықтамалар жіберілді. Едәуір қиындықтар тудырған әдістемелік тақырыптар қамтылған 14 пән бойынша қазақ және орыс тілдерінде 20 вебинар өткізілді. Вебинарға қатысушылар туындаған қажеттіліктерге «осы жерде және дәл қазір» нақты жауап ала алған   шаралардың тиімді болғанын атап өтті. 

Атқарылған шаралардың арқасында қашықтан  ұйымдастырылған оқу үдерісі 4-тоқсанда үзілмей, өз уақытында басталды.  

ЮНЕСКО-ның білім беру жөніндегі бас директорының орынбасары Стефани Джаннини атап өткендей, мектептер жабылғаннан кейінгі алғашқы күндері қашықтан оқытуды енгізу туралы шешімді қабылдауға баса назар аударылған болса, қазір мұғалімдер мен отбасыларға академиялық және эмоциялық қолдау көрсету маңызды болып тұр. 

Біз де мұғалімдерге қолдау көрсетуге бағытталған қосымша шараларды қабылдап жатырмыз. Атап  айтқанда, 16 онлайн пәндік топтар құрылды. Оларға пән мамандары жетекшілік етеді және білім мазмұны мен бағалау бойынша кеңес береді. Барлық пәндер, сыныптар және оқыту тілдері қамтылған бірыңғай білім беру ресурстарының қоры әзірленуде. Оны Зияткерлік мектептердің мұғалімдері Білім беру бағдарламалары орталығының әдістемелік және кеңестік қолдауымен апта сайын TEAMS платформасында толықтырады. Қашықтан  оқыту жағдайында тәжірибелік және зертханалық жұмыстарды орындау үшін; оқушылардың өзіндік жұмысын ұйымдастыру,  бейнебайланысқа қатысты техникалық ақаулар туындаған жағдайда қашықтан  оқытудың балама стратегиялары туралы әдістемелік ұсыныстар жасалды. Барлық материалдар мектептерге жіберілді. 

Ақпараттық технологиялар орталығы Зияткерлік мектептердің АТ-мамандарымен бірлесе отырып, мұғалімдер мен оқушыларға әртүрлі мессенджерлер мен чат-боттар арқылы мектеп порталынан қол жетімді болу үшін 2-деңгейлі техникалық қолдау қызметін ұйымдастырды. 

Сонымен қатар біз еліміздегі жалпы білім беретін мектептермен де тығыз жұмыс істейміз. Наурыз айында Педагогикалық шеберлік орталығы мұғалімдерге, оқушыларға және олардың ата-аналарына қашықтан  оқытуды ұйымдастыруға арналған 9 түсіндірме ролик дайындады, оларды 840 мыңнан астам адам қарады, сәуір-маусым айларында шамамен 250 мың адамды қамтыған 5 мыңнан астам іс-шара өткізілді. 

Қашықтан  оқыту жағдайында мұғалімдердің жұмысын талдау мақсатында 18 мыңнан астам адамды қамтыған 1 020 жетекші мектепте 2 мониторингтік зерттеу жүргізілді. Жауап берушілердің 93,5%-ы сабақтардың уақыты мен қарқынын таңдау еркіндігін, оқу материалын өз бетінше игеру тәжірибесін қалыптастыруды, қосымша материалды терең меңгеру мүмкіндігін, онлайн оқыту жүйесімен жұмыс істеу дағдыларын меңгеруді қашықтан  оқытудың артықшылығы ретінде  атап  көрсетті. Сонымен бірге педагогтердің  85,3%-ы оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау, тиімді және сындарлы кері байланыс, оқушылардың өзін-өзі тәрбиелеу және өзін-өзі реттеу, ата-аналармен ынтымақтастық орнату сияқты мәселелерде әдістемелік көмекті қажет етеді. 

Онлайн-сабақтарды бақылау және мониторингтік зерттеулер нәтижелері «Қашықтан  оқытуды үйренемін» атты ашық онлайн-курсының негізіне алынды.  27 шілдеде іске қосылған  аталмыш курсты барлық деңгейдегі 300 мыңнан астам мұғалім аяқтады. 

Педагогтердің  біліктілігін  арттыратын  онлайн курстарды  ұйымдастыру және өткізу, мұғалімдерге әдістемелік қолдау көрсетуде тәжірибеміз орасан зор. Біз шұғыл түрде тек оқыту форматын ғана емес, тұтастай алғанда, оқу мазмұнын әзірлеу және ұсыну философиясын (тренерге нені айту маңызды және тыңдаушы өз бетінше нені оқып-зерттей алады), сандық ортадағы мінез-құлық этикасын (артында із қалатындықтан, интернетте жұмыс істеудің белгілі бір дағдыларын дамыту қажет), барлық деңгейдегі басшылардың ойлауын (сала тарылған жоқ, керісінше кеңейе түсті, жеке мәліметтерге қатысты сұрақтар туындады, сенімді және қауіпсіз бизнес-үдерістерді құру қажеттігі байқалды) өзгертуге тура келді. Деректерді қауіпсіз және жүйелі түрде сақтау ерекше назар аударуды қажет етеді. Бұл - зияткерлік еңбек пен білім беру үдерісінің барлық қатысушыларының жеке деректерін сақтау деген сөз.  

Курстарды ұйымдастыру және курстан кейінгі қолдау көрсету қашықтық форматында өз жалғасын табады. Біздің және халықаралық зерттеулердің нәтижелері мазмұны мен форматы жағынан мұғалімдердің көкейкесті мәселелерін барынша шешуге бағытталған курстарды әзірлеу және өткізу қажеттілігін көрсетеді. Біліктілікті арттыру жүйесі жеке тұлғаның сұраныстарын ескеруі қажет, яғни өзін-өзі бағалау нәтижелеріне сәйкес мұғалім өзінің тәжірибесі мен жұмысына қатысты болашақ мақсаттарын ескере отырып, кәсіби тұрғыдан дамуға көмектесетін курстарды таңдауына  мүмкіндігі болу керек.

 

ОҚУШЫЛАРДЫҢ ЖАЙ-КҮЙІ 

Карантин және мәжбүрлі түрде оқшаулау оқушылардың психологиялық тұрақтылығы мен жай-күйінің жайлылығын қамтамасыз етуге деген сұранысты одан әрі арттырды. 

Біз жақын жандардың  денсаулығы мен өз болашағына қатысты алаңдаушылығы мен  қорқынышы, физикалық белсенділіктің төмендеуі мен «бетпе-бет қарым-қатынастың» шектелуінің балалардың психикалық денсаулығы мен  эмоциялық күйіне теріс әсер етуі мүмкін екенін түсінеміз. 

Бір жағынан, сарапшылар бұл қиындықтарды біздің балаларымызды «шынықтыратын» және олардың бейімделу қабілетін арттыратын мүмкіндіктер ретінде қарастырады. Осындай қиын сәттер арқылы психикалық тұрақтылықтың негізі  қаланады, сау адамға өмірдің қиындықтарына,  жағымсыз жағдайларға төтеп беруге, түрлі сынақтарда денсаулығы мен жұмыс істеу қабілетін сақтауға мүмкіндік береді. Екінші жағынан, балалардың барлығы дерлік өмірде кездесетін қиын жағдайларды бірдей көтере алмайтыны белгілі. Төзімділігі төмен балалар өздерінің оқу мүмкіндіктерін толыққанды пайдаланбайды, жаңа жағдайға бейімделе алмайды, сондықтан  күйгелектікке ұшырап, мінез-құлқында әртүрлі олқылықтар байқалады. 

·        Қашықтан  оқыту кезінде оқушылардың жағдайын қамтамасыз етудің басым бағыттары: пандемияның психологиялық зардаптарымен жұмыс істеу  – жақындарынан айрылған, ата-аналары қаржылық дағдарысқа ұшыраған, біздің қолдауымызды қажет ететін балалар пайда болды, олар үшін әртүрлі жеке кеңес беру қызметтері ұйымдастырылады; 

·        7-сынып оқушыларының бейімделуі, мектеп бітіруші балалармен жұмыс – «Тату отбасы» бағдарламасының қашықтан  оқытылатын форматын әзірлеп, оны енгізу ісін жалғастыру,    өткен оқу жылының 4-тоқсанында алғаш рет енгізілген 12-сынып оқушыларына арналған ЖОО-на бейімдеу бағдарламаларын одан әрі жүзеге асыру; 

·        балаларды оқыту мен тәрбиелеуге байланысты әртүрлі мәселелер бойынша ата-аналарға қолдау көрсету; 

·        мұғалімдер үшін қиын өмірлік жағдайға душар болған балаларды анықтауға және оларға қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін психологтер  тарапынан кеңес беру жұмысын ұйымдастыру. 

Қашықтан  оқыту тек біз үшін, яғни мұғалімдер үшін ғана емес, ата-аналар үшін де күтпеген жағдай болды. Ата-аналар да біз сияқты, өзгеріп жатқан жағдайларға бейімделуге мәжбүр болды. Қазір біз қашықтан  оқытуда ата-аналардың рөлі қалай күрт өзгергенін көріп отырмыз. Егер дәстүрлі оқытуда ата-аналар баланың сабақтан қалмай, мектепке баруына жауапты болса, енді олар қашықтан  оқыту мен сабаққа қатысу, жұмыс орнын ұйымдастыру және техникалық құралдармен қамтамасыз ету міндеттерін толықтай өздерінің мойнына алды. Балалардың білім беру бағдарламаларын меңгеруінде ата-ананың жауапкершілігі артты. Оларға оқу үдерісін өз бақылауына алуына  тура келді. 

Мұның барлығы ата-аналардың алаңдаушылығы мен күйзелісін күшейтеді, нәтижесінде бұл балалардың денсаулығына әсер етеді. Гарвард және Берлин университеттері ғалымдарының пікірінше, карантин кезіндегі күйзелісті жағдайлардың көбісі отбасындағы келіспеушіліктің және тіпті шиеленістің өрбуіне ықпал еткен. АҚШ-да балалар арасында қатыгездік пен жеке бас қауіпсіздігіне байланысты туындаған қиындықтардың  әсерінен алаңдаушылық пен үмітсіздік сезімі күшейе түсті. Өкінішке орай, біздің елде де карантин кезеңінде тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары 25%-ға өсті.   

Зияткерлік мектептер арасында жүргізілген зерттеу барысында оқушылардың көбі қашықтан  оқыту кезінде жағымды эмоциялық күйде болғандары туралы айтты. Алайда балалардың үштен бір бөлігі қиындықтарға тап болған. Олардың 69%-ы және ата-аналардың 80%-ы мектептегі оқудың жетіспейтіндігін мойындайды. 35%-ы үйде оқу қолайсыз деп санайды, 32%-ы өздерінің эмоциялық күйлерін оң деп бағаламайды. Демек, бұл көрсеткіштер оқушыларға да, ата-аналарға да психологиялық қолдаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. 

Таяуда Австралияда жүргізілген зерттеу (Ziebel және т.б., 2020) нәтижелеріне сәйкес, мұғалімдердің айтуынша, қашықтан  оқыту балалардың достық, ұйымшылдық, жанашырлық және мейірімділік сияқты ұғымдарды бағалай түсуіне әсер етеді. Осы ретте қашықтан  оқытудың баланың әлеуметтік өміріне тигізетін кері әсерін азайтуда  отбасы негізгі рөл атқарады. Әлеуметтік және эмоциялық  жай-күйінің жағымды болу мәселелері бұдан былай мектеп бағдарламасының маңызды бөлігіне айналуы мүмкін. Сондықтан қашықтан  оқыту кезінде ата-аналарға білікті жан-жақты қолдау көрсетіліп,  олардың өтініші бойынша арнайы оқыту вебинарлары, жаднамалар әзірленеді, психологтер  мен мұғалімдер тарапынан тұрақты кеңес беру ұйымдастырылады. 

Тамыз айының соңында қазақ және орыс тілдерінде ата-аналарға арналған «Бақытты ата-ана – табысты бала» ашық онлайн-курсы басталады. Бұл курста оқушылардың ата-аналары мен ата-әжелері қазақстандық және халықаралық платформалардың жұмысымен танысып, үйде оқу атмосферасын ұйымдастыру, әртүрлі жастағы балалармен қарым-қатынас  құру, мектеппен өзара  байланыс орнату мәселелері бойынша ұсыныстармен таныса алады.

 

БАҒАЛАУ  

Қашықтан  оқытуға көшу кезінде білім беру жүйесінің алдында маңызды сұрақ тұрды: бағалау процесі қалай өтеді? Дүниежүзілік банк өзінің есебінде білім беру жүйелеріне маңызды емтихандарды онлайн режимде өткізу өте қиынға соғатынын  атап өтті. Ағымдағы жылдың сәуір айында өткізілген ЮНЕСКО-ның жаһандық жедел-талдауы көрсеткендей, елдер аталған  мәселені әртүрлі жолмен шешті: 58 ел емтихандарды кейінге қалдырды, 11 ел одан бас тартты,  23 ел онлайн немесе үйде тестілеу сияқты балама әдістерді ұсынды, тек 22 ел ғана емтихандарды өткізді. 

Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Кембридж бағалау Кеңесі Қазақстанды қоса алғанда, барлық елдерде A-level халықаралық емтихандарын өткізбеу туралы шешім қабылдады. Алайда Зияткерлік мектептердің түлектері үшін Сертификаттың жоғары маңыздылығын ескере келіп, Кембридж сыртқы жиынтық бағалауға қойылатын жоғары талаптарды сақтай және өткен жылдардағы түлектердің сертификатымен  деңгейлес болуын қамтамасыз ете отырып, 2020 жылғы түлектер үшін емтихандарды өткізбей, Сертификаттарды беру туралы шешім қабылдады. Кембридж үлгерімді жан-жақты растау жүйесіне негізделетін сыртқы жиынтық бағалау моделін әзірледі. Бұл модель Қазақстанда алғаш рет қолданылып, бағалаудың сенімділігі мен әділдігін қамтамасыз етуге, академиялық адалдық қағидаларын сақтауға мүмкіндік берді.  

Жалпы алғанда, Зияткерлік мектептер желісі бойынша биылғы сыртқы жиынтық бағалау нәтижелері оқушылар шынайы емтихан тапсырған өткен жылдың нәтижелері деңгейінде болды. Оның ішінде  А* (өте жақсы) және В (жақсы) бағаларының үлесі 1,0%-ға өсті. Сыртқы жиынтық бағалау қорытындысы бойынша 112 оқушы барлық пәндер бойынша А* және А (өте жақсы) бағаларын, 995 оқушы – А*, А, В, С (өте жақсы және жақсы) бағаларын алды. 112 түлек «Алтын белгіге» ие болды, 214 түлек сыртқы жиынтық бағалау нәтижелерін ескере отырып, үздік аттестатты ақтап шықты. 

Оқушылардың білімі мен дағдыларындағы олқылықтарды анықтайтын педагогикалық диагностиканың, уақытылы орнатылатын сындарлы кері байланыстың  рөлі зор.  Сондықтан қыркүйек айында онлайн режимде мониторинг жүргізу шаралары ұйымдастырылады. Мониторинг нәтижелері оқушылардың, мұғалімдердің, ата-аналардың ынтасын арттырып,   «білім берудің жаңа үштігіндегі» тұлғалардың  қарым-қатынасын қолдауға мүмкіндік береді, ал бұл мәселеде қолдау барлығына қажет.  

Бағалау барысында рәсімдердің сапасына, нәтижелердің сенімділігі мен әділдігіне және білім беру үдерісіне барлық қатысушылардың арасындағы академиялық адалдық қағидаттарының сақталуына ерекше назар аударылатын болады. Қашықтықтан оқыту жағдайында бұл өте маңызды.

 

БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАСЫН ӘМБЕБАП ҚҰЗЫРЕТТІЛІКТЕРДІ ДАМЫТУ МАҚСАТЫНДА  ЖЕТІЛДІРУ  

Біз 8 жыл бойы халықаралық деңгейде танылған және A/As - level (Ұлыбритания), O-Level (Сингапур), Халықаралық бакалавриат сияқты бағдарламалармен  деңгейлес NIS-Programme білім беру бағдарламасын енгізіп келеміз. NIS-Programme тиімділігі Зияткерлік мектеп оқушыларының PISA-2018 халықаралық зерттеуінде алған жоғары нәтижелерімен расталды. Зияткерлік мектептердің оқушылары математикалық және жаратылыстану-ғылыми сауаттылық бойынша "төртінші" және "алтыншы" орында, ал оқу сауаттылығы бойынша "он бірінші" орында тұр. Осы ретте елдер арасында математикалық және жаратылыстану-ғылыми сауаттылық бойынша алғашқы бестікке, ал оқу сауаттылығы бойынша алғашқы ондыққа кірді. 

Дегенмен білім беру бағдарламасының мазмұны қоғамдағы өзгерістерді ескере отырып, үнемі жетілдіруді талап етеді, ал өзгерістер көбіне білім беру мазмұнын жаңарту қарқынының алдына түсіп отырады.  Біз қол жеткен деңгейде қала алмаймыз.  Әйтпесе, меңгертілетін білім мен дағдылар  үнемі өзгеріп отыратын еңбек нарығына толыққанды жауап бере алмауы мүмкін.    

 Белгісіздік ауқымы артып келе жатқан қазіргідей кезеңде  жас ұрпақтың заман талабына сай өзгере алу құзыреттілігін дамыту мәселесі  аса маңызды болып саналады.  Бұл жөнінде ЭЫДҰ сарапшылары  «Білім мен дағдылардың болашағы: Білім беру - 2030» жобасында  сөз етеді. Оқушыларға өмірде жетістікке жету үшін жаңа құндылықтарды қалыптастыру, шиеленісті, күрмеулі  мәселелерді шешу, ымыраға келу және жауапкершілікті  көтере алу  қабілеттері қажет.  

Біздің алдымызда NIS-Programme мазмұнын жетілдіруге байланысты үлкен жұмыс күтіп тұр. Эпистемологиялық және іс-тәжірибелік білімді қамтитын  қаржылық, экологиялық, заңдық, медициналық, кәсіпкерлік және басқа сауаттылықтарға  үйрететін қолданбалы түрлерін қалыптастыруға баса назар аудара отырып, оқу  мақсаттарының жүйесін қайта қарау керек. Эмоциялық  және әлеуметтік дағдыларды дамыту үшін құндылықтар аясын кеңейту қажет.  

Ол үшін  алдымен куррикулумды бағалаудың заманауи құралдары мен әдіснамасын пайдалана отырып, оқу бағдарламаларына терең талдау жүргізу қажет. Өзекті ғылыми және дидактикалық материалдарды  зерттеп, жан-жақты әдеби шолу жасаумен қатар өзіміздің зерттеулерімізді  де қарастыру  қажет. 

Әмбебап құзыреттіліктерді қалыптастыру тұрғысынан мұндай талдау оқу бағдарламаларының мазмұнын, бағалау жүйесін және оқыту әдістерін кезең-кезеңмен жаңартудың бастапқы қадамы болады. Оқу  мақсаттарының жүйесін қайта қарау кезінде тұжырымдамаларды, арнайы пәндік және метапәндік дағдыларды анықтап, оларды қызмет түрлері мен тапсырмалар түрлері бойынша жіктеу қажет. Бейімделген оқытуды ұйымдастыру жөніндегі әдістемелік ұсынымдар оқу бағдарламасының  бір бөлігіне айналуы тиіс. Сабақтан тыс жұмыстар оқу бағдарламасы  оқытуды барынша қолдап, оқушыларға оқу нәтижелеріне қол жеткізуге көмектесуі тиіс. Сәйкесінше, ұсынылатын элективті  курстар  бағдарламаларының тізімі қолданбалы сипатқа ие болуы, оқушылардың практикалық дағдыларын дамытуы, бастапқы кәсіби түсінік беруі  тиіс. – Білім беру деңгейлері бойынша сыртқы бағалау құралдарын, мұғалімдердің біліктілігін арттыру жұмыстарын және білім беру ортасын трансформациялау бағдарламаларын қоса алғандағы  барлық өзгерістер кешенді сипатқа ие болады. Оқушылар алған білімдерін тәжірибе жүзінде қолданатындай етіп барынша жағдай жасайтын боламыз. Бірінші кезекте мектептерімізде инженерлік зертханалар құру жұмыстарын жалғастырамыз. 

Жаңартылған оқу бағдарламалары Зияткерлік мектептердің мұғалімдеріне мониторинг өткізіліп, білім мен сауаттылықтың жаңа түрлерін дамыту жұмысымен қатар жүретін апробациядан өтетін  болады.  Мұғалімдерге әдістемелік қолдау көрсету мақсатында әмбебап құзыреттіліктерді қалыптастыру үшін ресурстық база құрылып, оқулықтар қайта  қарастырылады, дербестендірілген оқытудың онлайн платформасы құрылатын болады. Білім беру бағдарламасының мазмұнын жетілдіру жұмысы – бұл белгілі бір уақытты алатын күрделі  үдеріс. Халықаралық алаңдарда пікірталастарға қатыса отырып, бұған ықпал ететін боламыз.

 

БІЗДІҢ КЕЛЕШЕГІМІЗ 

Дербестендірілген оқыту  

Дербестендірілген білім беру бүкіл әлемде білім беруді дамытудың басым векторына айналуда және сандық трансформацияның «өзегі» ретінде қарастырылады. Дербестендірілген оқыту жаңа білім беру моделі ретінде, ең алдымен, оқушының жеке таңдауын дамыту арқылы жүзеге асырылады. 

Онлайн оқытуға мәжбүрлі көшу білім беру үдерісінде сандық технологияларды кеңінен қолданудың триггері болды және оқытуды жақсартудың әлеуетін көрсетті. Оқытуды дербестендіру аясында заманауи технологиялардың артықшылықтарын пайдалану басым міндет болып табылады. Машиналық оқытуды, жасанды зият пен Big data-ны оқу үдерісіне енгізу оқытуды дербестендіріп қана қоймай, әр оқушының қабілеті мен қажеттіліктерін ескере отырып, бейімдеуге мүмкіндік береді. 

Біз сандық білім беру контентін қалыптастыру, мектептердің IT инфрақұрылымын жақсарту, виртуалды зертханаларды енгізу жұмыстарын  жалғастырамыз. Оқушыларды оқу үдерісіне  қызықтыра түсу мақсатында біртіндеп геймификация элементтері  енгізілетін болады. Мұның бәрі IT технологиясының барлық артықшылықтары  пайдаланылатын және қатысушының жеке  аумағын сақтайтын бейімдей  оқытуға арналған порталды әзірлеуге мүмкіндік береді. 

Өткен оқу жылында Зияткерлік мектептерде дербестендірілген оқытудың 2 үлгісі  апробациядан өткізілді: «Жеделдетілген оқыту» (2 жылда 8-10 сынып бағдарламасы) және «Жеке білім беру бағыты». Сауалнамаға қатысқан мектеп әкімшілігі өкілдерінің пікірінше, оқушылар уақытты ресурс ретінде бағалай бастады. Жеке білім беру бағытымен оқитын балалардың көпшілігі бағдарламаны тезірек игеретін болғандықтан, бос уақыты  көбейгенін атап өтті.  Олар басқа пәндерге көңіл бөліп,  қалаған істерімен айналысуға, күні бойы демалуға мүмкіндік алды, бұл олардың көңіл күйіне оң әсер тигізді.  Оқушылар да, ата-аналар да дербестендірілген оқытуға көшу балаларды  уақытты ұтымды ұйымдастыруға,  өзін-өзі реттеу дағдыларын тәрбиелеуге,  сондай-ақ жеке бас  жауапкершілігін  арттыруға  әсер ететінін атап өтті. Балалардың психологиялық көңіл-күйі мен оқуға деген қызығушылығы артты. Оқушылар мен мұғалімдердің жүктемесіне байланысты қиындықтар да орын алды. Егер 4-тоқсанда бірінші  орында біз үшін онлайн форматтағы оқу үдерісін шұғыл ұйымдастыру және білім беру сапасының төмендеуіне жол бермеу шаралары тұрса, қазір  қашықтан  оқытудан тәжірибе жинақтап,  енді нені жақсарту керектігін қарастырып жатырмыз. Алдағы оқу жылының бірінші тоқсанында қашықтан  білім беру норма болып табылады. Бізге барлық оқу үдерістерін жетілдіру,  жаңа  жағдайда дербестендірілген оқыту сияқты жоспарлы  шаралар мен бастамаларды үйлесімді іске асыруды қамтамасыз ету қажет. 

Осы ретте біз бейімделген оқытуды енгізу мақсатында білім беру мазмұнын трансформациялау және платформаны құру үшін қызметкерлеріміз бен педагог мамандарымыздың әлеуетін арттыру бағытында жұмысты жалғастырамыз. 

 

ВИРТУАЛДЫ КЕҢІСТІКТЕГІ ӨЗАРА ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ЖАСАУ МӘДЕНИЕТІ МЕН ӘДЕБІ 

Оқыту ісі бізден виртуалды кеңістікте өзара қарым-қатынас жасаудың жаңа мәдениеті мен әдебін, әсіресе, білім беру үдерісіне  қатысушылардың  «цифрлық гигиенаны» сақтауын, соның ішінде онлайн қауымдастықтардағы деректердің сақталуы мен өзіндік мінез-құлықты  талап етеді. 

Қазіргі қоғамдағы барлық адамдар үшін қолжетімді қарым-қатынас құралы ретінде әлеуметтік медиа мұғалімдерді, сонымен қатар қоғамның басқа да кәсіпқой мамандарын осы құралдарды пайдалану туралы шешім қабылдауға шақырады, егер пайдаланатын болса,  жеке тұлға (жеке) ретінде  немесе мұғалім (кәсіби) ретінде қолдана ма?  Сонымен қатар олардың әлеуметтік желілерді жеке және кәсіби тұрғыдан пайдалануында бірқатар қайшылықтар бар. Мұғалімдер әрқашан қоғамның назарында, олардан  үлгі алады, сондықтан бұл мәселе күрделі болып табылады. Мұғалімдерді қорғап, әлеуметтік қысымға ұшыратпай, цифрлық іздердің болашақ кәсіби қызметіне  теріс әсер етпеуін қамтамасыз ету  маңызды болып табылады. Кейбір ғалымдар мемлекеттік мектептердегі әлеуметтік желілерге қатысты саясатты, әсіресе, мұғалімдердің интернет желісіндегі  оқушылармен және студенттермен өзара қарым-қатынасына баса назар аудара бастады (мысалы, Isaacs et al. 2014). Десе де, осы тақырыптағы зерттеулер өте  аз. Сарапшылар әлеуметтік желілердегі өзара қарым-қатынастың кәсіби әдебін негіздейтін  құрылымдық нұсқаулық қажет деген ортақ пікірге келді.

 Құрметті әріптестер, материалдарды виртуалды кеңістікте жарияламас бұрын  өзіңізден сұраңыз: 

1. Материалды жариялау ниетіңіз жеке немесе кәсіби себептерге байланысты ма? 

2.       Сіз жариялаған материал сізге, сіздің мектебіңізге, отбасыңызға, жұмыс берушіңізге немесе мұғалім мамандығыңызға жағымсыз  әсер етуі мүмкін бе? 

3.       Жариялайтын ақпарат қаншалықты тексерілген және сенімді? 

4.       Академиялық адалдық қағидаларына  қаншалықты сәйкес келеді? 

Біздің топ Назарбаев Зияткерлік мектептерінің педагог қызметкерлері үшін Цифрлық әдеп бойынша кәсіби нұсқаулық жобасын әзірледі, аталған құжатты талқылау нәтижелі болады деп үміттенеміз. 

Мектептер қайта ашылған кезде педагогикалық ұжымдар оқыту және қарым-қатынас жасаудың осы тәжірибесін ескере отырып, жұмысын жалғастыратын болады. 

Біздің топ карантиннен кейін рұқсат берген жағдайда мектепте оқуға біртіндеп көшу жоспарын дайындап жатыр.  Бұл мектепке келіп, партаның алдына отыра салу ғана емес. Біз бір-бірімізбен қайта танысып, оқу үдерісін ұйымдастыруға деген көзқарастарымызды қайта қарауымыз керек. 

 

Құрметті әріптестер! 

2019-2020 оқу жылы жаһандық індетке байланысты  4-тоқсанда мектептердің жабылуына орай  туындаған қиындықтарға қарамастан,  айтулы оқиғалар мен жетістіктерге  толы болды.  

Атап айтқанда, Назарбаев Зияткерлік мектептері халықаралық деңгейде мойындалып, еліміздегі және әлемдегі университеттермен табысты жұмыс жүргізгені,  инновациялар мен білім беру қызметінің сапасын арттырғаны үшін ЮНЕСКО-ның Wenhui сыйлығына (Вен Ху Эй) ие болды. Бұл жағдай Қазақстанның білім беру қоғамдастығы үшін теңдессіз оқиға болып табылады. 

12 132 оқушы республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми сайыстардың жүлдегерлері атанды. 200-ден астам авторлық құқық, пайдалы модельдер патенттері мен  инновациялық жобалар қорғалды. 

Өткен жылы Зияткерлік мектептерден 2170 түлек  бітіріп шықты. Олардың 30%-дан астамы (655 адам) Назарбаев Университетіне оқуға шақырту алды,  оның ішінде 434-і Foundation бағдарламасын өтпей-ақ, 1 курсқа  қабылданды. Үш түлек Айви лигасына кіретін  Гарвард,  Пенсильвания және Колумбия университеттеріне түсті.  Олардың екеуінің 80% оқу грантын жеңіп алғанын айта кету керек.  Сонымен қатар  45 түлек QS Top 100 рейтингісінде әлемнің үздік жоғары оқу орындарында тегін оқуға шақырылды. Біздің барлық түлектеріміз таңдаған жоғары оқу орындарының лайықты студенттері болады деп  сенеміз.  

 

ҚОРЫТЫНДЫ 

Құрметті әріптестер! 

          Үміт пен күдік аралас белгісіздік кезеңін  тек білім беру жүйесі  ғана емес, сонымен қатар еліміздің  барлық салалары бастан өткеріп отыр.  Өзгерістер барлық жерді  қамтыды  және әдеттегідей,  күтпеген жерден туындады. Шындығында, кез келген өзгеріс  күтпеген жерден орын алатыны белгілі. 

          Біз бүгін бір-бірімізге деген жауапкершілік, өзін-өзі тәрбиелеу, батылдық пен жанашырлық артқан  кезеңде  өмір сүріп отырмыз.  Көпшілігіміз жақындарымыздан  айырылып,  қайғыға  душар болдық.  Осы бірнеше айда біз сәл өзгердік. Себебі жақын адамнан  айырылу, туыстардың денсаулығы мен өмірі үшін үнемі алаңдаудың қаншалықты ауыр  екенін түсіндік.  Біздің ұжым бүкіл елмен бірге өмірлік қиын жағдайларға тап болған азаматтарымызды қолдауға  атсалысты. Жақында су тасқынынан зардап шеккен Түркістан облысы Мақтаарал ауданы Өргебас ауылындағы Қ. Аманжолов атындағы №22 және Жеңіс ауылындағы  Ғ. Мүсірепов атындағы №20 орта  мектептерінде оқитын барлық 719 оқушыға мектеп формалары мен 36 дербес компьютерді табыс еттік.  Мұның бәрі біздің қызметкерлеріміздің жеке қаражаты есебінен сатып алынды. 

           Елдегі жағдай бізді одан әрі біріктірді. Біз бір-бірімізді жігерлендіре және  қолдай отырып, бүкіл елмен бірге алға  қадам басамыз.

 

Құрметті әріптестер! 

Сіздерді жаңа оқу жылымен құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық және қызметтеріңізге табыс  тілеймін!

 



Қаралым: 308
Жарияланған: 19 Тамыз