Жаңалықтар

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы 2020 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Зияткерлік мектептердің оқушыларын қашықтықтан оқытуды жалғастырады


      Коронавирустық инфекцияның  таралу қаупін азайту мақсатында және оқушылар мен педагог мамандардың өмірі мен денсаулығының сақталуын қамтамасыз үшін 2020-2021 оқу жылының 1-тоқсанында Назарбаев Зияткерлік мектептерінде білім беру үдерісі қашықтықтан оқыту форматында ұйымдастырылады.      

Оқушыларды қашықтықтан оқыту Microsoft Office 365 бағдарламалық өнімдерін (Teams, OneDrive, Forms, OneNote және т.б.) пайдалана отырып, қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық материалдарға сәйкес Microsoft Teams платформасында жүргізіледі.

 Зияткерлік мектептердің барлық оқушылары мен мұғалімдерінде Microsoft Office365-те есептік жазбалары бар, оларды мектептердің IT-мамандары басқарып жүзеге асырады.

Оқу үдерісін ұйымдастыру, қашықтықтан оқыту жағдайында оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау юойынша нормативтік, нұсқаулық құжаттар дайындалып, Басқарманың шешімімен бекітілді және  ДББҰ-ның ресми сайтында жарияланды. 

Қашықтықтан оқыту форматына көшуге байланысты білім беру үдерісінің барлық қатысушыларына қолдау көрсету үшін ДББҰ-ның ресми сайтында арнайы бөлім құрылды (Білім мазмұны => Қашықтықтан оқыту).

 ДББҰ-да ұйымдастырушылық, техникалық мәселелерді, оқыту мазмұны мен бағалау мәселелерін жедел шешу мақсатында жұмыс тобы қызмет атқарады. Оқу үдерісіне мониторинг жүргізу және педагог мамандарға сабақтарды ұйымдастырып, өткізу мәселелеріне қатысты кеңес беру үшін қоңырау шалу call-орталықтары іске қосылды. 

Кеңес беру мақсатында ДББҰ «Білім беру бағдарламалары орталығы» филиалының (бұдан әрі – БББО) пән үйлестірушілері қоңырау шалу call-орталығы мен TEAMS платформасындағы онлайн чаттар арқылы мұғалімдерге туындаған мәселелер бойынша қолдау көрсетеді.

 
Қашықтықтан оқыту үдерісін қолдау мақсатында Telegram-бот (@Teams_manual_bot) іске қосылды, онда Microsoft Teams-ті қолдануды үйрететін нұсқаулықтар мен бейнероликтер бар, әрбір Зияткерлік мектеп үшін техникалық қолдау чаты құрылды. 

Ақпараттық технологиялар орталығы Зияткерлік мектептердің IТ-мамандарымен бірлесіп әртүрлі мессенджерлер мен чат-боттар арқылы мектеп порталдарынан қол жеткізе алу мүмкіндігін беру үшін 2-деңгейлі техникалық қолдау қызметін ұйымдастырады.

 Оқушылар  мен мұғалімдердің қажетті компьютерлік техникамен қамтамасыз етілуіне, ғаламторға қосылу мүмкіндігіне мониторинг жүргізіледі. Мұқтаж оқушылар мен педагог мамандарға қажетті қолдау көрсетіледі. Ғаламтор желісіне қолжетімділігі жоқ елді мекендерде тұратын мектеп оқушылары ерекше бақылауға алынады.

 Халықаралық тәжірибе және Қазақстан Республикасы  санитарлық-эпидемиологиялық талаптарының негізінде қашықтықтан оқытылатын сабақтың ұзақтығы, сабақ кестесі, онлайн сабақтар мен кеңестерді ұйымдастыруға қатысты ұсыныстар дайындалды.

  Зияткерлік мектептерде білім беру үдерісі цифрлық технологияларды қолдану арқылы нақты уақыт режимінде де (вебинар, топтық  бейнеконференциялық байланыс, топтық және жеке кеңес беру және т.б.), уақыт өте келе де (вебинар жазу, топтық конференцияны бейнежазу, тақырып аясындағы өзіндік жұмыс тапсырмалары, жеке кері байланыс беру және т.б.) жүзеге асырылады.

  Барлық пәндер, сыныптар және оқыту тілдері бойынша оқу ресурстарының бірыңғай қоры құрылуда, оны Зияткерлік мектептер мұғалімдері TEAMS платформасында Білім беру бағдарламалары орталығының әдістемелік және кеңестік қолдауымен апта сайын толықтырып отыратын болады.

  Оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау қалыптастырушы және жиынтық  бағалаудан тұрады және бағалау пәндердің ерекшелігі мен оқу жүктемесіне сәйкес өткізіледі.

  Оқушыларға дер кезінде педагогикалық қолдау көрсету мақсатында қыркүйек айының басында арнайы бағдарламалық жасақтамалардың көмегімен 2019-2020 оқу жылының 4-тоқсанында қашықтықтан оқыту нәтижесінде оқушылардың әр пәннен білімі мен дағдыларында жіберілген кемшіліктерді анықтау мақсатында онлайн режимде мониторинг өткізіледі.

  Мониторинг нәтижесінде педагогикалық ұжымға оқу мақсаттары және пәндер бөлінісінде оқушылардың оқу қажеттіліктерін айқындайтын және алдағы уақытта қашықтықтан оқыту тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін есептер (мектеп, параллельдер, сынып, оқушы деңгейлерінде) ұсынылады.

 Зияткерлік мектептердің мұғалімдері оқушыларды қашықтықтан оқыту әдістемесі және қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру жөніндегі Педагогикалық шеберлік орталығы (бұдан әрі - ПШО) әзірлеген біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Тамыз айында қашықтықтан оқыту және онлайн-сабақтарды құруға қажетті әртүрлі қосымшалар түріндегі онлайн-құралдарды тәжірибелік қолдану дағдыларын одан әрі дамыту үшін  курстар өткізіледі.

  Тамыздың екінші жартысында Зияткерлік мектептерде 7-сынып оқушылары үшін бағдарлық апталық өтеді, онда оқушылар мектептің тарихы және дәстүрімен, мұғалімдері және сыныптастарымен, қашықтықтан оқыту ресурстарымен танысып, оқушылардың өзін-өзі басқару қауымдастығы мүшелерімен және қосымша білім беру мұғалімдерімен кездеседі.

  Төртінші тоқсанның қорытындысында анықталған оқушылардың қажеттіліктері мен ата-аналар үшін өзекті тақырыптар ескеріліп, жаңа оқу жылында вебинарлар сериясын ұсыну жоспарланып отыр. Онда ата-аналарға қашықтықтан оқу және пандемия кезінде балаларға қолдау көрсету, отбасында жанжал мен зорлық-зомбылықты болдырмау, ғаламторды шамадан тыс пайдалану мен кибербуллингтің алдын алу, жасөспірім балалардың эмоциялық күйіне дұрыс жауап беру және басқа мәселелер бойынша нұсқаулықтар беріледі.

  Қыркүйек айының басында ата-аналарға «Құбылмалы әлемдегі мектеп және отбасы» диалог алаңы ұйымдастырылады, онда ата-аналар қашықтықтан оқытуды ұйымдастыруға байланысты барлық сұрақтарды мектеп әкімшілігі және жауапты қызметкерлерге тікелей қоя алады.

  Жаңадан қабылданған оқушыларға арналған бейімдеу апталығы аясында балалар мен ата-аналар арасындағы қарым-қатынасты нығайту мақсатында 7-сынып оқушылары мен ата-аналары үшін «Біз жай ғана отбасымыз» бағдарламасы бойынша онлайн оқытатын 5 сабақ ұйымдастырылады.

  Жыл бойы оқушылардың ата-аналарына кездесулер өткізіледі, «қауіп тобындағы» балаларға қолдау көрсетіледі. Ата-аналар мен оқушылардың жеке сұраныстарымен жұмыс істеу үшін жеке онлайн кеңестер беріледі.

  Қашықтықтан оқытуды ұйымдастыруға жауапты тұлғалардың байланыс деректері:

 - Сенім телефоны  8 800 080 00 95

 - Call-centre техникалық демеу қызметінің номері  8 (7172) 23 5 7 77

 - NIS-Programme бағдарламасын іске асыру мәселелері – 8(7172) 23 57 58 (ішкі 1651)

 - Оқу жетістіктерін бағалау сұрақтары - 8(7172) 23 52 78 (ішкі  1651)

 -Microsoft Teams арқылы қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру жөніндегі видеолар мен нұсқаулықтар - https://t.me/Teams_manual_bot

 



Қаралым: 604
Жарияланған: 17 Тамыз