Жаңалықтар

Таразда Абай шығармашылығына арналған облыстық фестиваль өтті


Тараздағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің бастамасымен ТарМУ базасында Абай шығармашылығына арналған «Білімдіден шыққан сөз» атты облыстық фестивалі өтті. Шараға облыстың 10-нан астам мектептері қатысып, өнер мен робототехникадан бақ сынады.

– Тараздағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің бірнеше түлектері қазір біздің университетте білім алуда. Солардың бірі болашағынан зор үміт күттіретін 4 курс студенті Салтанат Букешова. Бүгінгі күні Салтанат түрлі ғылым, білім додаларында топ жарып, университет беделін арттыруға атсалысуда, – деп атап өтті салтанатты ашылуда сөз алған ТарМУ ректоры Махметқали Сарыбеков.

Дөңгелек үстел барысында мектеп басшылары мен жергілікті университет ректорлары мектеп пен ЖОО қызметіндегі сабақтастық, кадр даярлау, студенттердің білім сапасы, білікті мамандарды мектепке тарту аясындағы сұрақтарды талқылады.

– Менің ұстаздық жолын таңдауыма кезінде өзіме сабақ берген педагогтар себепкер болды. Олар көрсеткен үлгі-өнеге мен үшін ұстаздық етудің негізгі моделі еді. Сондықтан да, білікті педагог тәрбиелеу үшін ең алдымен білікті ұстаз қажет. Себебі мектеп қабырғасына келген әрбір педагог өзінің ұстазынан үйренгенін жасайды. Бұл ретте оған үлгі болатын мұғалім білімді, абыройлы, парасатты болуы шарт, – деген ойымен бөлісті дөңгелек үстел барысында Зияткерлік мектеп директоры Тимур Нуркешов.

Оқушылар құрастырған роботтар қазақтың ұлттық ойын түрлері асық ату, арқан тартыс, қыз қуудан жарысқа түсссе, акт залында Абай шығармалары бойынша драмалық қойылымдар көрсетілді. Сайыс талабына сай оқушылар, ата-аналар мен ұстаздар бір сахнада өнер көрсетті.

Фестиваль нәтижесінде Тараздық Зияткерік мектебі Абай шығармаларын сахналауда бірінші орынға ие болса, роботқұрастырудан екінші орынды еншіледі. Осылайша, қазақ данасы Абай Құнанбаевтың 175-жылдық мерейтойына арналған облыстық фестиваль білім мен өнер ұштасқан зияткерлік алаңға айналды.



Қаралым: 99
Жарияланған: 25 Ақпан