Жаңалықтар

Қызылордадағы НЗМ өңірдегі жетекші мектептермен қоғамдастық құрды


 Назарбаев Зияткерлік мектебі аймақтағы тоғыз жетекші мектеппен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжат білім беру үдерісіне инновацияларды енгізу және мектептерді дамыту бағытында бірлескен жұмыстар атқаратын өңірдегі алғашқы мектептер қоғамдастығының құрылуына бастама болды.

Қоғамдастық құрамына облыстың жетекші мектептері мен «Ауылдық мектептер» пилоттық жобасының қатысушылары енді. Бүгін осы білім ордаларының басшылары мен олардың орынбасарлары Қызылордадағы НЗМ жұмысымен танысты. Мектептің ішіне экскурсия жасап, оқу сыныптарында, жатақханада, асханада, кітапханада, телестудияда болды. Нанотехнология кабинетінде оқушылар өрт сөндіру, криминалистика, медицина салаларындағы тәжірибелік жұмыстарды көрсетті. Микробиологиялық синтездер және генетикалық инженерия бағытында зерттеулерді жүргізуге мүмкіндік беретін биотехнология кабинеті конақтардың ерекше қызығушылығын тудырды.

Зияткерлік мектеп өкілдері NIS білім беру бағдарламасының ерекшеліктері, тәрбие жұмысы, кәсіби бағдар беру және психологиялық қызметтер туралы толық ақпарат берді. Сонымен қатар CIS халықаралық аккредитациясынан өту, қорытынды емтихан, «Action Research», «Lesson Study» зерттеу жұмыстарын өткізу тәжірибелерімен бөлісті.

Он мектептің өкілдері оқытудың инновациялық әдістерді енгізуге, білім беру ұйымдарын дамытуға және серіктестікті кеңейтуге бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

– Болашақта біз бір-бірімізбен ең үздік тәжірибелерімізбен бөлісуді, бірлескен білім беру, ғылыми, шығармашылық, мәдени және спорттық жобаларды өткізуді және жалпы мектептеріміздің деңгейін көтеруді жоспарлап отырмыз, – деді Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Бақыт Жұматай.



Қаралым: 204
Жарияланған: 07 Ақпан