Жаңалықтар

Жәутіков олимпиадасында Дияр Туленов үшінші жыл қатарынан алтын медаль иеленді


Павлодар қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Дияр Туленов математика, физика және информатикадан өткен ХVІ Халықаралық Жәутіков олимпиадасынан алтын медальді жеңіп алды.   

Сайыста  20-дан астам мемлекеттен 84 команда жалпы саны 599 оқушы бәйгеге түскен білім додасында Павлодар қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы Дияр Туленов алтын медальға ие болды.

Олимпиадада Қазақстан, Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Болгария, Грузия, Дания, Қырғызстан, Моңғолия, Непал, Норвегия, Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей, Румыния, Сербия, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан, Украина және Швеция елдерінің ең үздік оқушылары қатысқан болатын.

– Дияр шоқтығы биік халықаралық білім додаларының ең ауқымдысы саналатын Жәутіков олимпиадасында қатарынан 3 жыл алтын медальға ие болып отыр. Қуанышымда шек жоқ, – дейді 7-сыныптан бастап олимпиадаға дайындап келе жатқан физика пәнінің ұстазы Назымгүл Каримова.

– Олимпиада жылдағыдай өте жоғары деңгейде өтті. Менің бөлімімде осы жолы 170 оқушы бақ сынасқан болатын. Осы орайда жылдар бойы білімімді ұштап, дұрыс бағыт-бағдар берген ұстазым Назымгүл Баритқызына, үнемі қолдау көрсететін ата-анама, сондай-ақ алтын ұя – мектебіме алғысымды білдіремін, – дейді жеңімпаз.

Атап өту керек осыған дейін Дияр Жаутіков олимпиадасында 2017 жылы Қола медалі, 2018, 2019 жылдары Алтын медаль иегері атанған болатын. Ол тек мектеп намысын ғана емес, республика атынан Халықаралық физика олимпиадасында, «Туймаада» халықаралық олимпиадасында және т.б. халықаралық деңгейдегі білім додаларында топ жарып, жүлделі орындарды иеленді. Осы жетістіктерінің нәтижесінде, бүгінгі таңның өзінде Диярда 3 университет Гранты қолында, ол Ресейдің жоғары экономика мектебі, Назарбаев Университеті және Қазақ британ университеті. IELTS халықаралық емтиханының нәтижесі бойынша да жоғарғы көрсеткішке ие, 8.0 ұпайды жинап отыр. Атап өту керек, Дияр еліміздегі ең мықты сегіз физиктер қатарына енген оқушы.

 



Қаралым: 102
Жарияланған: 14 Қаңтар