Жаңалықтар

Ақтөбедегі Зияткерлік мектептің жетінші өнертабысы авторлық құқыққа ие болды


 Бүгін Ақтөбе қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары өздері ойлап тапқан орманды-дала өрттерін анықтауға және алдын-алуға бағытталған құрылғыға авторлық құқық алды. «Fire Finder» жобасының авторлары – оныншы сынып оқушылары Айдана Кенжебаева мен Самал Әли.

Құрылғы температура және инфрақызыл сәулелену сенсорларымен, сондай-ақ ұялы байланыс модулімен жабдықталған. Жер қызған кезде сигнал беріліп, өрт туралы ақпарат ұялы телефонға SMS-хабарлама түрінде келеді. Смс хабарламада аталған жердің коды немесе мекен-жайы жазылады. Құрылғы 1 шаршы шақырым радиустағы өртті анықтай алады, алайда оған салынған құрылғылардың қуаты көбейсе, олардың әсер ету радиусы айтарлықтай артады. Төтенше жағдайлар мекемелеріне бұл қажетті, әрі таптырмас құрал екенін олар алдағы уақытта дәлелдемек. Бұл жүйені дала өрттері көп кездесетін қорғалған аймақтарда және шаруа қожалықтарында да қолдануға болады.

– Менің атам ауыл шаруашылығымен айналысады және жыл сайын өрттің қаншалықты шығын әкелетінін естимін. Дала және орман алқаптары өртінің бар-жоғын ешкім уақытында анықтай алмайды. Сондықтан бұл тақырып мені аландатады, – деді Айдана.

Оқушылар бұл өнертабысты Павлодарда өткен робототехникадан «Ақылды қала» номинациясы бойынша ұлттық чемпионатта ұсынды. Нәтижесінде жоба бірінші орынға ие болды. Жақында жоба «ҚХА Жастар Синергиясы» республикалық форумының ең үздік 13 жобасы қатарына кірді.

Жас өнертапқыштар өрт анықтағыш құралын 3 рет өңдеп шығарған. Осы жоба жасалған мектептегі робототехника үйірмесінің жетекшісі Бауыржан Шоқанов құрылғының басты артықшылығы – жоғары сенімділік, дербестік және бұл әдісті байланыс аясы тыс жерде қолдануға мүмкіндік барын атап өтті.



Қаралым: 116
Жарияланған: 05 Қаңтар