Жаңалықтар

Назарбаев Зияткерлік мектептерінде республикалық пәндік олимпиада жалауын көтерді


Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы Зияткерлік мектепте, Алматы қаласы химия-биология бағытындағы және Шымкент қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінде республикалық (желілік) пәндік олимпиаданың ресми ашылу салтанаты өтті.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Зияткерлік мектепте бұл шара НЗМ математика пәні мұғалімдері фестивалінің ашылу салтанатымен тұспа-тұс келді. Қос бірдей шара аясында білім ордасының оқушылары қонақтар мен жиналған қауымға арнайы концерттік бағдарлама әзірледі. Ашылу салтанатында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Зияткерлік мектептерді дамыту департаменті директорының орынбасары Данияр Теміртасов жүзден жүйрік оқушыларға білім бәйгесінде сәттілік тіледі. Барлық Назарбаев Зияткерлік мектептерінен елордасына жиналған 192 оқушы қаңтардың 5-6 аралығында гуманинатарлық бағыттағы Қазақстан тарихы, адам.қоғам.құқық, сонымен қатар жаратылыстану бағытындағы физика және математика пәндерінен білімдерін сарапқа салады.

Шымкент қаласы физика-матемитатика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде өткен желілік пәндік олимпиаданың ашылу салтанатына шаһардағы екі бірдей Зияткерлік мектептің басшылары Қаракөз Әбдрахманова мен Балқан Қасымов қатысып, білімділер бас қосқан доданың басталуымен құттықтады. Сондай-ақ, пәндік олимпиаданың ашылу рәсімінде сөз алған «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ аға менеджері Сәуле Жігітекова озық ойлы, шын білімді дарабоздардың оза шабуына тілектестік білдірді. Білім сайысында республикамыздың әр өңіріндегі Назарбаев Зияткерлік мектептерінен келген 240 оқушы бақ сынамақ. Екі күнге созылатын аталмыш дода гуманитарлық бағыттағы қазақ, орыс, ағылшын, француз, неміс тілдері пәндерінен өтетін болады.

Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде респбуликалық пәндік олимпиаданың ресми ашылу рәсімі оңтүстік астанамыздағы екі Назарбаев Зияткерлік мектебінің директорлары Жұлдыз Сүлейменова мен Гульмира Мункееваның, сонымен қатар, олимпиада ұйымдастырушылары ретінде «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ даму депертаменті өкілдерінің, НЗМ түлектерінің қатысуымен өтті. Салтанатты шараға арнайы келген «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ даму департаментінің аға менеджерлері Мира Битенбаева мен Гульнар Алтаева сөз сөйлеп, зияткерлерге өз нұсқауларын берді. Қазылар алқасының құрамына енген Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі, республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы, Гарвард университетінің 1 курс студенті Селімжан Чалышқан орамды ойымен бөлісті:

- Осында тұрған барлықтарыңызды мен жеңімпаз деп білемін. Бұл сайыстың артында қандай қажырлы еңбек тұрғанын, қандай білім шыңдарын бағындырғандарыңызды мен өз басым жақсы түсінемін,-деді.

Шаршы топты жарып шыққан 300-ге жуық зияткер екі күн бойы жаратылыстану бағытындағы информатика, химия, биология, география пәндері бойынша білім таластырады.

Дәстүр бойынша екі күнге ұласатын республикалық желілік пәндік олимпиада нәтижелерін ЖОО-ның ғылым докторлары мен кандидаттарынан, НЗМ түлектерінен, олимпиада жүлдегерлерінен, магистрлер мен кәсіби тәжірибелі мамандардан құралған қазылар алқасы белгіленген талаптар бойынша саралайтын болады.



Қаралым: 140
Жарияланған: 05 Қаңтар