Жаңалықтар

Шәкірттеріміз қала әкімі сыйлығын жеңіп алды


Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10 сынып оқушылары Нұрбол Мақтаев пен Мирас Мұратқанов «Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін» атты қала әкімінің сыйлығына ие болды.

 «Шығыс Жастары» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен «Жыл таңдауы - 2019» атты жастар форумы өтпелі жылдың үздіктерін анықтады. Түрлі аталымдар бойынша топ жарғандар арасында жылдың «Жас ғалымы» атанған қос шәкіртіміз мектеп мерейін асырды.

– Ұстазымыз Бақытбек Орынбаевтың жетекшілігімен жасаған жобамыздың жеңіске жеткеніне қуаныштымыз. Біз бұл жоба қысқа мерзімде аяқтап, көпшілікке таныстырған болатынбыз. Біздің жасаған домбырашы роботымыз көпшілікті қызықтырғанын, еңбегіміздің еш кетпегенін бүгін анық сезініп отырмыз. Осы шараны ұйымдастырушылар мен шараға қатысуға кеңес берген жоба жетекшісіне алғысымыз шексіз, - дейді шәкірттеріміз.

Естеріңізде болса, Мирас пен Нұрбол осыдан 1 ай бұрын шамасында домбырашы робот құрастырып, компьютерге енгізілген кез-келген күй болмаса әннің нотасы арқылы оның орындалуына қол жеткізген болатын. Бүгінгі форум аясында қала әкімі Ермак Сәлімов жас ғалымдардың осы еңбегімен жақынырақ танысып, болашақтағы істеріне табыс тіледі. 

 Биыл қала әкімі сыйлығына 10  аталым бойынша 50 – ден аса үміткердің құжаттары қабылданыпты.  Комиссия шешімімен солардың арасынан үздіктер іріктеліп, арнайы диплом мен ақшалай сыйлықпен марапатталды. Атап өтерлігі – Мирас пен Нұрбол қала әкімінің сыйлығын жеңіп алғашқы мектеп оқушылары болып отыр.

 



Қаралым: 101
Жарияланған: 12 Желтоқсан