Жаңалықтар

NIS лидерлері елордада бас қосты


«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ филиалдары оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымының көшбасшылары Нұр-Сұлтан қаласындағы Зияткерлік мектепте өтіп жатқан лидерлер форумында бас қосты.

Дәстүрлі көшбасшылар жиынында еліміздің әр өңіріндегі Зияткерлік мектептердің өзін-өзі басқару ұйымдарының Президенттері жиналып, жаңа идеяларымен бөлісуге талпынды.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Зияткерлік мектептің өнерлі оқушылары «Welcome to IB» биімен көшбасшылар форумының шымылдығын түрді.Алғашқылардың бірі болып сөз кезегін алған «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымының орынбасары Ольга Можаева көшбасшыларымызға жылы лебізін білдіріп, дәстүрлі форумның ашылу салтанатымен құттықтады:

– Бүгін Сіздердің өмірлеріңізде үлкен орын алатын көлемді жоба өз бастауын алғалы тұр. Бұл Назарбаев Зияткерлік мектептері жүйесіндегі өз ойын еркін жеткізіп, өзгені тыңдай алатын, жаңа дүниелерді танып, білім қорын жинақтай алатын тиімді пікірлер алаңы болып табылады. Аталмыш форумға биыл таңдалған тақырып, сіз бен біз үшін ауқымды және өзекті деп ойлаймыз. Форум аясында, – деді басқарма төрайымының орынбасары Ольга Можаева.

Көшбасшылар форумына асыға жеткен кезекті қонағымыз журналист, актирса Айгүл Мүкей оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымының маңыздылығына тоқталып, зияткер оқушыларды белсенді болуға шақырды.

– Оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымы – өзіңді жаңа қырыңнан тануға берілген мүмкіндік. Өзімнің мектеп және университет қабырғасындағы сәттерімде еске алатын болсам, мен өзін-өзі басқару ұйымын қолдаған жастардың бірімін. Жаңа білімді игеру мен жаңа дүниеге қол жеткізу – әр оқушының өмірлік ұранына айналуы тиіс. Форум аясында оқушыларымызды жаңа достар тауып, өмірге қажетті білімдермен қарулануға шақырамын, – деп Айгүл Мүкей пікір білдірді.

Салтанатты жиын барысында көшбасшы оқушыларымыз ұйымдастырушылар тарапынан әзірленген викториналық сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін ортаға салды.

Дәстүрлі форум өзін-өзі басқару ұйымдарының Президенттері, зияткер оқушылар презентация қорғауымен жалғасын тапты. Лидерлер «Өзекті мәселені шешудегі менің мектебімнің бірегейлігі» тақырыбында идеялары мен ойларын ұсынып, пікірлерімен бөлісті.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова оқушыларға сәттілік тілеп, орамды ойын ортаға салды:

–  Біз бүгінде жоғары технологиялар заманында өмір сүріп жатырмыз. Сол себепті білім беру саласына жүйелілік қажет. Біз «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» бағдарламасын сәтті деп сенімді айта аламыз. Өйткені, бұған бүгінде оқушыларымыздың жетістіктері мен білім деңгейлері дәлел болады. Біздің түлектеріміз әлемнің жетекші орындарында білімдерін жалғастыруда. Яғни, Назарбаев Зияткерлік мектептері – жарқын болашаққа арналған жақсы бастама. Мақсатқа қарай ұмытылып, ілгері қадам басудан қорықпаңыздар.

Жоғары оқу орнының тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында лидерлеріміз Назарбаев Университетіне барды.  Мамандықтар жөнінде мәлімет алып, зертханаларды көру мүмкіндігіне ие болды. Оқушылар заманауи құрылғылармен және зертхана мүмкіндіктерімен танысып, сондай-ақ университет кешеніне мәдени экскурсия жасады.

Экскурсиядан соң көшбасшы оқушылар ABC-I2BF Seed Fund компаниясының бас директоры, тәуекелшіл инвестициялар саласындағы сарапшы Ануар Сейфуллинмен кездесті.  Сарапшы өз сөзінде бүгінгі таңда «стартап» сөзінің теледидар, ғаламтор, газет-журналдар  мен жарнамаларда жиі естіліп жүргендігін айтып, толыққанды ақпарат берді. Сонымен қоса бұл сөз бизнес және экономика саласындағы жұмыс істейтін адамдардың арасында танымал екендігін атап өтті.

Лидерлер форумының аясында әйгілі TED стиліндегі конференция өтті. «Неге мен 10 тіл меңгергім келеді?» тақырыбындағы пікірін ортаға салған ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Нұрсұлтан Асылов, өз сөзінде тіл меңгеруге қатысты мотивациялық кеңес беріп өтті. Ал Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Сабыржан Садуакасов өз сөзінде TED конференцияларының маңыздылығы мен өзектілігіне тоқталды.

Бүгінгі форумға жиналған көшбасшылар үшін конференция өзекті тақырыптарды көтеріп, оқушыларға серпін бергені анық.

Форумның екінші күнінде «Kidness work» атты оқушылар арасындағы буллинг пен эмпатияның алдын-алуға арналған тренинг, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша танымдық экускурсия және спорттық квест өткізу жоспарланған.

 

 

 

 

 



Қаралым: 144
Жарияланған: 05 Желтоқсан