Жаңалықтар

Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Любовь Дудченко Жилстроисбербанкке мобильдік қосымша әзірлеп шығарды


Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 «М» сынып Любовь Дудченко «Baiterek hackathon – 2019» инновациялық жобалар республикалық байқауында «Үздік IT-жоба»  номинациясы бойынша бірінші орынды жеңіп алды. Өз жобасын жүзеге асыру үшін Любовьқа ұйымдастырушылар тарапынан 1 000 000 теңгелік сертификат берілді.

Хакатонға қатысуға 550-ден астам өтінім келіп түссе, оның 200-ден астамы ғана іріктеуден өткен.  «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі мен «QazTech Ventures» компаниясының қолдауымен «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» ұйымдастыруымен республикалық байқаудың финалы Алматы қаласында өтті.

Байқаудың басты мақсаты – жоба әзірлеушілер мен бизнес-инвесторлар арасындағы алшақтықты жою, – дейді ұйымдастырушылар. Олар хакатон қатысушыларына банк клиенттерінің үйден шықпай-ақ, қызметті онлайн алуының бағдарламалық жасақтамасын ойлап табуды ұсынды. Қатысушылардың ұсынған шешімдері тиімді, қарапайым жолмен жүзеге асатын және клиенттер үшін түсінікті болуы тиіс деген талап қойылған.

Любовь Дудченко жоба бойынша серіктестері Ильяс Ахметов және Есентай Құрманбаевпен бірге «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» компаниясы үшін салымшы бонустарын жинап, өзінің виртуалды үйін құрастыра алатын мобильді қосымша әзірлеп шығарған.

«Бұл банк клиенттерінің салымдарының қарқындылығын арттыруға көмектеседі. Сонымен қатар, бұл қосымшада жеке куәлікті сканерлеудің арнайы функциясы бар. Оның көмегімен банктегі кезектерді қысқартуға болады, себебі сауалнамаларды толтыру және клиенттердің мәліметтерін деректер базасына жіберу автоматты түрде жүргізіледі», – дейді Любовь.

 

 

 



Қаралым: 141
Жарияланған: 04 Желтоқсан