Жаңалықтар

Стратегиялық әріптес Кембридж Бағалау Кеңесінің Халықаралық Білім Беру бөлімінің жоғары бағасы


2019 жылдың 26-27 қарашасында Нұр-Сұлтан қаласында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының стратегиялық әріптесі Cambridge Assessment International Education – Кембридж Бағалау Кеңесінің Халықаралық Білім Беру бөлімімен бірлескен жобаларды шолу бойынша жыл сайынғы кездесу өтті.

Кембридж университетінің делегациясының құрамында Солтүстік және Орталық Азиядағы білім беру қызметтері бөлімінің басшысы Стивен Кинг, Халықаралық жобалар бойынша аға менеджер Элисон Бролли және емтихандарды аккредитациялау мәселелері бойынша аға кеңесші Джорджи Билингс, бағалау жобалары бойынша топтың жетекшісі Хью Бэйтмен және операциялық мәселелер бойынша бөлім директорының орынбасары Джерри Папуорт болды.

Ресми кездесу барысында ДББҰ Басқарма төрайымының орынбасары Ольга Можаева Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 2019 жылғы жұмысын қорытындылады. Осы уақыт аралығында тағы 2 Зияткерлік мектеп халықаралық аккредитацияға ие болды және білім беру қызметінің жоғары сапасын растады. Осылайша, барлық мектептер аккредитацияланған мектептер мәртебесіне ие болды. 2019 жылдың тағы бір маңызды оқиғасы – 21-22 қазанда Нұр-Сұлтан қаласының Халықаралық мектебіне Халықаралық Мектептер Кеңесінің (CIS) сарапшыларының сапары сәтті өтіп, мектеп CIS мүшелігіне ие болды.

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 12-сынып түлегі сертификатын отандық және халықаралық ұйымдармен және жоғары оқу орындарымен тану бойынша белсенді жұмыс жалғасуда. Аталған жұмыстың жемісті нәтижесі ДББҰ-ның UNESCO Wenhui award 2019 халықаралық сыйлығының тағайындалуы болып табылады.

Оқу жылының басынан бері «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ өкілдері EDCrunch (Мәскеу қ., Ресей), IAEA – 2019 (Баку қ., Әзірбайжан), AEA-Europe – 2019 (Лиссабон қ., Португалия), CIS Жаһандық Форумы (Бильбао қ., Испания), EERA-2019 (Гамбург қ., Германия), WISE Саммиті (Доха қ. Катар) және басқа да ірі халықаралық конференцияларға қатысты. Аталған конференцияларға қатысу арқылы ДББҰ өз нәтижелерін, зерттеулері мен жұмыстарын ұсынуға, сондай-ақ білім беру және бағалау саласындағы жетекші сарапшылармен тәжірибе бөлісуге мүмкіндік алды.

Бірлескен жұмыстың қорытындысын Солтүстік және Орталық Азиядағы білім беру қызметтері бөлімінің басшысы Стивен Кинг шығарды. Кембридж сарапшылары 2019 жылы 12 сынып оқушыларының сыртқы емтихандарының өткізілуіне және олардың нәтижелеріне ерекше назар аударды. Аталған емтихандар нәтижесінде Зияткерлік мектептердің түлектері елде және әлемде танылатын сертификат алып шығады. Сарапшылар 2019 жылғы 12 сыныптардағы емтихандарға жоғары баға берді және барлық емтихан процедуралары A және AS Level халықаралық біліктілік стандарттарына сәйкес жүргізілгенін мойындады.

 



Қаралым: 120
Жарияланған: 03 Желтоқсан