Жаңалықтар

Шымкент қаласында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары арасында өнердің 5 бағыты бойынша І желілік Арт-фестиваль аяқталды


Шымкент қаласында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары арасында өнердің 5 бағыты бойынша І желілік Арт-фестиваль аяқталды.

І желілік Арт-фестиваль Қазақстанның түкпір-түкпірінен, атап айтқанда республиканың аймақтары және облыс орталықтарындағы 15 Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 600-ден астам оқушысын және 100-ден астам мұғалімін біріктірді.

Желілік арт-фестивальға «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова, Облыс әкімі орынбасарлары  Ербол Садыр, Сәкен Қаныбеков, Берік Құрманғали, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының режиссеры Мұхтар Қапалбаев, Алматы телеканалының бас продюссері Руслан Желдібай, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық Білім академиясының қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі Қайыржан Рахымжанов, М.Әуезов атындағы ОҚМУ аға оқытушысы, Қазақстан Республикасының Суретшілер одағының мүшесі Виля Тен және тағы басқалар қатысты.

І желілік Арт-фестивальдің мақсаты – оқушылардың қабілеттерін дамыту арқылы, олардың бойында құндылықтық бағдар қалыптастырып, тұлғаның Отансүйгіштік және әлеуметтік-адамгершілік қасиеттерін арттыру.

Арт-фестивальдің өту барысы екі кезеңді қамтыды. Бірінші кезең өнердің 5 бағыты бойынша Облыстық Опера және балет театрында өткізілді. Олар: «Мюзикл жанрындағы қойылым»«Үздік әлеуметтік ролик», «Үздік көркем сурет және графика», «Үздік арт-фото», «Үздік қолөнер» бағыттары. «Мюзикл жанрындағы қойылым» ­- музыка, вокал, хореография, актерлік шеберлік негізінде оқушылардың шығармашылығын тануға, «Үздік әлеуметтік ролик» - «Қоғамға қызмет ету» бағдарламасы негізіндегі әлеуметтік маңызы жоғары идеяларды тарату, «Үздік көркем сурет және графика» бағыты «Зияткерлік мектеп оқушысына оқуға ұсынылатын 100 кітап» жобасындағы кітаптарды оқып, оны көркем сурет және кескіндеме арқылы суреттеуге, «Үздік арт-фото» бағыты Зияткерлік мектеп өмірін, «Туған елге тағзым» өлкетанулық-зерттеу экспедициясын, «Ата-ана жұмысындағы 10 күн», «Ауылдағы 2 апта» әлеуметтік тәжірибелерін танытуға, «Үздік қолөнер» оқушылардың ағаштан, жүннен, киізден, теріден, сүйектен, қыштан жасаған жұмыстарын насихаттауға бағытталған.   

І желілік Арт-фестивальдің екінші кезеңі Шымкент қаласы физика-математика және химия-биология бағыттарындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінде ұйымдастырылады, 15 Назарбаев Зияткерлік мектептерінің үйірме жетекшілері шеберлік сыныптарын көрсетті. Бұл шарада көркемөнерпаздардың үйірмелерінен бастап, қолөнершілердің шеберлік сыныптарын тамашалауға және вальс үйреніп, флеш-моб билеп, сергуге мүмкіндік қарастырылған. І Желілік Арт-фестиваль қатысушыларына арналған «Елбасы жолы» фильмін тамашалау, EXPO Party интеллектуалды жарыстары, «Достарыма тосын сый» танысу кеші, Шымкент қаласындағы музейлерді аралау, шығармашылық аялдамалар ұйымдастырылған. 

Ал ең басты Арт-фестиваль жаңалығы - Ш.Қалдаяқовтың әндеріне арналған Зияткерлік мектептердің оқушылары арасындағы «Зияткер балы» болып табылады. Аталған шара облыстық көрме орталығында өткізілді.

Балдың мақсаты – оқушыларға ұлттық құндылықтарды насихаттау арқылы эстетикалық тәрбие беру. Балға қатысушы 15 Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары әр адамның жан сарайына әсем әндерімен ғажайып сәулесін төккен “Вальс королі” Шәмші Қалдаяқов шығармашылығына арналған би кешіне қатысты. Оқушылар «Шарықтасын Шәмшінің асыл әні»,  «Әуенді тап», «Вальс» байқаулары барысында композитор Ш.Қалдаяқовтың өмірбаяны мен шығармашылығымен қаншалықты таныс екендігін көрсетті. «Зияткерлер балын» жүргізген арнайы шақырылған қонақтар - Шаншар әзіл-сықақ театрының әртістері – Нұржан Құлшынбаев және Күннұр Қалмырзаева. Балдың қонағы – елімізге танымал әнші Меруерт Түсіпбаева болды.

Арт-фестиваль қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте Орал қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі бірінші болды. Екінші орында Шымкент қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі, ал үшінші орынға Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік, Талдықорған қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік және Өскемен қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектептері ие болды.

«Мюзикл жанрындағы қойылым» бағыты бойынша Гран при жеңімпазы -  Ақтөбе қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі.

«Үздік әлеуметтік ролик» бағыты бойынша Гран при - Тараз қаласы химия-биология бағытындағы және Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектептеріне берілді.

«Үздік арт-фото» және «Үздік көркем сурет, кескіндеме» бағыттары бойынша Гран при  жеңімпазы болып Талдықорған қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі атанды.

 «Үздік қолөнер» бағыты бойынша жеңімпаз - Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі.

Барлық мектеп оқушылары көптеген номинацияларға және арнайы сыйлықтарға ие болды.



Қаралым: 6408
Жарияланған: 27 Желтоқсан