Жаңалықтар

Семей, Өскемен және Павлодар қалаларындағы Назарбаев Зиияткерлік мектептері оқушыларының Республикалық Спартакиадасы


2013 жылғы қазанның 23,24 күндері Өскемен қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде І Республикалық Назарбаев Зияткерлік мектептері арасында өткен Спартакиада аясында волейбол мен шахматтан аймақтық жарыс өтті.  

Салтанатты ашылу рәсімінде кеш жүргізушілері әр қаланың спорттағы жетістіктері туралы баяндады. Соның ішінде Қазақстанның қанжығаға ең көп медаль байлаған Павлодар қаласының «Иртыш» футбол командасы мен халықаралық дәрежедегі гроссмейстерлері Ринат Жұмабаев пен Павел Коцурға, Семейдің футбол командасы және Өскеменнің хоккейшілері мен жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы Ольга Рыпаковаға ерекше құрмет танытылды.

– Мен Сіздерді осы керемет мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Тартысты ойын, әділ жеңіс тілеймін! – деді өз құттықтауында Өскемен қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Күлфарида Раисова.

Спартакиаданың салтанатты ашылуынан кейін Өскемен мен Павлодар қалаларының жарысқа қатысушылары шахмат ойындарын бастап кетті. Павлодар құрамасының 9 ойыншысының ішінде біреуінің ғана асығы алшысынан түсті. Яғни, бұл кездесуде Өскеменнің бірден 8 ойыншысы жеңіс тұғырына шықты. Командалық есеп 6:0. Бұл додадан кейін павлодарлықтармен ойынды Семей қаласының қыздар құрамасы жалғастырды. Бұл жолы 3:3 есебімен командалар өзара тең түсті.

Осы күні сондай-ақ, волейболдан 6 ойын өтті. 8-9-сыныптардан жасақталған Өскемен құрамасы Семей қаласының қыздарымен бірінші болып алаңға шығып, 2:1есебімен, ал павлодарлықтармен 1:2 есебімен тартысты ойын өткізді. Семей мен Павлодар арасындағы ойын нәтижесі 0:2 ұпай көрсеткішімен аяқталды. Бірақ, Павлодардың 11-12-сыныптарының қыздар құрамасы еселерін семейліктерге жіберіп алды. Есеп тағы да 0:2. Айта кету керек, Семей қаласынан келген жоғары сынып құрамасы жарысқа тыңғылықты дайындалған. Бұл күні олар Өскемен құрамасымен кездесіп, дәл осы есеппен жеңіс тұғырына шықты.

Екінші күн шешуші болғандықтан қатысушылардың бәрі-дағы жеңіске деген зор талпыныс танытты. Алғашқы нәтижені шахматшылар шығарды. Екі күндік дода қорытындысы бойынша 7-сынып қыздар арасында жүлделі І орын Семей құрамасының қанжығасын майлады. 8-9-сыныптар арасында 4 балл жинаған Өскемен командасы бірінші орын иеленді. 11-12-сыныптары арасында да өскемендік қыздар құрамасы үздік деп танылды. Сонымен, командалық есеп бойынша шахматтан І орын Өскемен қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне берілді. 

Волейболдан да тартысқа толы қызу ойын өтті. Жанкүйерлер қарасы көбейіп, ойын бояуы арта түсті. Сонымен, спартакиада нәтижесі бойынша, жетінші сынып арасында І орын Павлодар, ІІ орын Өскемен, ІІ орын Семей құрамаларына бұйырды. Дәл осы сатыда 8-9 сыныптары да жеңіс тұғырында сап түзеді. Бірақ, 11-12 сыныптар арасында І орын Семей құрамасына бұйырды.

Командалық есепте волейболдан бірінші орын Павлодарға бұйырса, шахматтан І орынды Өскемен қаласының қыздар құрамасы жеңіп алды. Салтанатты рәсімде жеңімпаз командаларға кубоктар табыс етілді.  



Қаралым: 4495
Жарияланған: 03 Қараша