Жаңалықтар

Қазақстанның үздік мұғалімдерінің балы


 

         2012 жылдың 5 қазан күні «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ делегациясы Ұстаздар күніне орайластырылған I республикалық «Қазақстанның үздік мұғалімдерінің балы» форумына қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты – республикада мұғалімнің мәртебесін арттырып, аталмыш мамандықты насихаттау. «2012 жылдың ең үздік мұғалімі» атағына ие болатын адам өз ісінің шебері, талантты, оқушыларға ықыласты, әрі мамандығына деген адалдықпен ерекшеленуі тиіс еді.
         Делегация құрамына Назарбаев Зияткерлік мектептерінің директорлары мен республикалық «Үздік ұстаз-2012» байқауының жеңімпаздары – Көкшетау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің физика пәнінің мұғалімі Сергей Кошкин, Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің математика пәнінің мұғалімі Гүлнар Апеева, Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ағылшын тілінің мұғалімі Юлия Каменская кірді.

 

                          


         Балға қатысушылар мен мұғалімдерді Rixos қонақ үйінде, Қазақстан Республикасының білім және ғылым Министрі Бақытжан Жұмағұлов құттықтап, «Үздік ұстаз» байқауының жеңімпаздарына 48 медаль табыс етті. Сондай-ақ, естеліктер мен әр жеңімпазға 1,6 млн. теңге көлемінде сыйақы табыстады. Олардың қатарында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 3 ұстазы бар. Үздік ұстаздарды марапаттау рәсімі тұңғыш рет зайырлы бал форматында, классикалық музыканың орындалуында өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 400-ге жуық ұстаздар бұл күні әдеттегі киімдерін кешкі көйлектері мен смокингтерге айырбастады. Бұл кеште ұстаздар құттықтаулар қабылдап, мазурка, вальс, полька сынды билерді биледі.  
         Құрметті мамандық иелерін құттықтауға Халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Аида Аюпова, Mezzo тобы келді. Музыканттарды Ваг Папянның жетекшілігімен мемлекеттік Академиялық-симфониялық оркестрі сүйемелдеді.
        Ұйымдастырушылардың ниеттерінше, бал дәстүрлі түрде өткізілетін болады.



Қаралым: 4876
Жарияланған: 17 Қазан