Онлайн-тексеруге және балл қоюға арналған NIS Педагогикалық өлшеулер орталығының E-Marker платформасы «Corporate Training Solution» номинациясында EdTech Cool Tool Awards сыйлығының финалисі атанды.
Финалистер мен жеңімпаздар тиімділік, нәтижелілік, оңтайлылық және практикалық маңыздылық критерийлері негізінде орта және жоғары білім беру саласында ұсынылған инновациялар мен технологиялар қатарынан іріктеліп алынды.
Ұйымдастырушылар «EdTech Cool Tool Awards» қатысушыларының күрделі пандемия кезеңінде оқушыларды оқыту және бағалау процесін қолдауға қосқан үлесін ерекше атап өтті.
– Білім беру технологиясы саласындағы новаторлар мен көшбасшылар, болашақ – сіздердің қолдарыңызда. Біз сіздердің келешекке бағытталған әрбір идеяларыңыз бен ой-пікірлеріңізді қолдаймыз! – деп EdTech Digest-тің бас редакторы ретінде бағдарламаны қадағалаушы Виктор Риверо финалистерге ыстық лебізін жолдады.
Педагогикалық өлшеулер орталығының жаңа жетістігі «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ жоғары стандарттарын растайды. EdTech Awards сыйлығы 2010 жылы АҚШ-та білім беру технологиялары саласындағы беталыстарды анықтайтын көшбасшыларды мойындау және марапаттау үшін құрылды.