Жаңалықтар

NIS мұғалімдері Ақтөбе облысының педагогтеріне арналған әдістемелік семинар өткізді


Ақтөбе қаласындағы NIS-тің әдістемелік семинарында Бестамақ ауылының тірек мектебі мұғалімдері мен облыстың басқа да педагогтері сабақты бақылаудың негізгі бағыттарын қарастырды.

– Бүгін сабақты дұрыс әрі тиімді құрудың барлық критерийлерін қайталауға мүмкіндік алдық. «Педагогикалық жобалау», «Зерттеуге оқыту» сияқты білім берудегі жаңа тенденцияларға ерекше назар салдым, – дейді Әл-Фараби атындағы №21 мамандандырылған мектеп-гимназия мұғалімі Гульмира Жусупова.

NIS өкілдері сабақты бақылауға, сыни ойлау дағдыларын дамытуға, мұғалімдердің кәсіби қызметін бағалаудағы критерийлерге, педагог пен мектеп әкімшілігі арасында кері байланысты қалыптастыруға арналған сұрақ-жауап сессиясын өткізді. Тренерлер өзекті трендтермен бөлісті, ынтымақтастық ортасын қалай құру және әлеуметтік өзара әрекеттестік орнату керектігіне мән берді.

NIS тәжірибесін тарату департаментінің тренері Зухра Идришева сапалы білімнің бастауы ретінде оқушының үніне құлақ асуды ерекше атап өтті. Семинар барысында мұғалімдер сабақты жоспарлаудағы заманауи талаптар мен тәсілдерді меңгеріп қана қоймай, өз-өзін және өзара бағалаудың үздік тәжірибесімен танысты.

Семинардың басты қатысушылары болған Бестамак оқытушылары ауылдағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту бойынша ауқымды жобаның алғашқы жетістіктерін көріп отырғандарын жасырмады.

– Мектеп жабдықталғаннан кейін практикалық сабақтарымыз түрлене түсті. Балалардың химия пәніне деген қызығушылығы артып жатыр. Кішігірім жобаларды бастадық. Жақында елордада өткен Наурыз кездесулеріне қатысып, өте ауқымды жобаларды көріп, болашаққа жоспар құрдық. Сәтін салса, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Наурыз кездесулерінде бақ сынағымыз келеді, – дейді Бестамақ орта мектебінің химия пәні мұғалімі Айгүл Искакова.

Ақтөбе қаласындағы NIS-тің информатика, робототехника, химия және биология мұғалімдері STEAM кабинетінің мысалында мектеп жобаларын жасау тәжірибесімен бөлісті.

– «Ауылдағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында ұйымдастырылатын семинарлар мен практикалық сабақтар, кездесулер мен дебаттарда мұғалімдердің күнделікті тәжірибелерін талқылап, мәселелердің шешімін табамыз. Олар қандай жетістікке жетті және тағы қандай проблемалар бар, ауылдағы мектеп оқушылары түпкілікті қадам басып, білім сапасы қалалық қатарластар деңгейінде болуы үшін мұғалімдерге қандай құзыреттер мен дағдылар қажет. Бестамақ орта мектебінің қабырғасында ұстаз қызметінің әр саласы бойынша жеті мектеп ұжымы құрылған тәлімгерлік мектептің пайда болғаны бізді қуантты, – дейді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Тәжірибені тарату департаментінің директоры Гүлнар Балғабаева.

 



Қаралым: 196
Жарияланған: 31 Наурыз