Жаңалықтар

Ауыл мектебінде жаңа кеңістік пен жаңа мүмкіндіктер


Қарағанды облысының Ақтоғай ауданындағы Күләш Бәйсейітова атындағы орта мектепте «Ауылдық жердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» бағдарламасының нәтижелері ұсынылылды. Іс-шараға Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ербол Аликулов, Білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова, Білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының басшысы Бақытгүл Әбдікерова, Қарағандыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Равиль Якупов, Ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту қорының директоры Ксения Верба мен Білім беруді тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев қатысты.

«Ауылдық жердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы – «Қазақстан халқына» қоры, «Білім беруді тұрақты дамыту қоры» мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ серіктестігінде жүзеге асып жатқан ауқымды бағдарлама. Бастаманың басты миссиясы – 17 ауылдық тірек мектептерде оқыту сапасын кешенді түрде арттырып, материалдық базасын жаңарту. Жоба ауыл балаларына сапалы білім алуға, ал мұғалімдерге кәсіби деңгейін арттыруға тең мүмкіндіктер беруді көздейді. Кейіннен тірек мектептерді аймақтың барлық мектептеріне арналған ресурстық орталыққа айналдыру жоспарланған.

Жоба аясында Күләш Бәйсейітова атындағы тірек мектепте материалдық-техникалық база толық жаңартылды: 24 оқу кабинеті мен қосымша білім беру шеберханалары жабдықталып, инклюзияны қолдау кабинеті, STEM-зертхана мен ART-студия ашылды.

– Біз ауылдық жерлердегі білім беру тек қалалық мектептер деңгейінде ғана емес, үздік республикалық мектептер деңгейінде болғанын қаладық. Осы жобадағы негізгі серіктесіміз Назарбаев Зияткерлік мектептерімен бірлесіп 5 ауыл мектебінде жұмысты бастаған болатынбыз. Биылғы жылы «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен біз жобаға еліміздің барлық өңірінен тағы 17 мектепті қостық. Қазір жобаның ең қарапайым және әдемі бөлігі аяқталып, ендігі кезекте NIS тәжірибесін трансляциялау мен жинақталған білімді ауданның аз қамтылған мектептеріне бөлісу бойынша көп жылдық жұмыс күтіп тұр, – деп атап өтті Ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту қорының директоры Ксения Верба.

Қараша айының басында Қарағандыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде мектеп мұғалімдері мен әкімшілігі үшін пәндік тағылымдамалар өткізілді. Процесс әдістемелік қолдаумен сүйемелденіп, семинарлар, вебинарлар, тағылымдамалар, шеберлік сағаттар мен практикумдар ұйымдастырылды, сабақтың тиімділігін арттыру мақсатында цифрлық және білім беру ресурстары енгізілді. Тірек мектептің мұғалімдері 14 пән бойынша оқушылардың функционалдық сауатын қалыптастыруға бағытталған оқыту семинарларынан өтті.

– Біз мұнда бір ай бұрын келген едік, осы қысқа мерзім ішінде мектеп жаңарып, қаладағы ең жақсы мектептерден кем түспейтіндей жабдықталғанын көріп тұрмыз. Енді осы ұжыммен балалардың әлеуетін дамыту мақсатында оқу процесінің сапасын жақсарту бойынша жұмыс істейміз. Назарбаев Зияткерлік мектептері мектепке барынша қолдау көрсетуге дайын, – деп бөлісті Қарағанды NIS директоры Равиль Якупов.

«Ауылдық жердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы барлық мектеп қауымдастығын жүйелі өзгерістерге бастайтын ашық диалог алаңына айналу арқылы облыстағы орта білім беру жүйесін дамытып, өңірдің білім беру рейтингін барынша жоғарылатуға ықпал етуге бағытталған. Тұрақты даму қорының директоры Данияр Тоқтарбаевтың айтуынша, 2025 жылға дейін қор еліміздің барлық 166 аудандық мектептерін материалдық-техникалық базамен жабдықтауға ниетті.

Естеріңізге сала кетсек, 2022 жылғы 14 шілдеде «Қазақстан халқына» қоры, Білім беруді тұрақты дамыту қоры мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Оның аясында «Ауылдық жердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» білім беру жобасына 4,25 млрд теңге көлемінде грант бөлінді. Бұл жоба «Aitas KZ» холдингі мен Зияткерлік мектептері ұсынған «Powered by NIS ауылдық мектебі» бастамасының жалғасы ретінде жүзеге асуда. 

 

 



Қаралым: 325
Жарияланған: 30 Қараша