Жаңалықтар

Алматыдағы NIS алаңына журналистер шықты


Алматылық журналистер арасындағы үздік спортшылар физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектепте сайысқа түсті.

Қазақстан журналистикасы күніне арналған республикалық медиа-марафон аясында оңтүстік астанадағы NIS-те волейболдан, шағын футболдан, үстел теннисі және шахматтан спартакиада ұйымдастырылды.

«Qazaqstan», «Хабар», «Almaty TV», «31 арна», «Еуразия бірінші арнасы» республикалық телеарналарының редакторлары, корреспонденттері, дикторлары мен операторлары, «Tengrinews.kz», «Hola News», «Baribar.kz», «Nur.kz» интернет-порталдары мен «Ұлан» балалар газетінің тілшілері БАҚ құрамасы атынан ойнады.

«Tengrinews.kz» ақпараттық порталының журналистері футбол алаңының чемпиондары атанды, Зияткерлік мектептердің спортшылары екінші және үшінші орындарды еншіледі.

Волейболдан «Dream TEAM» БАҚ құрамасы жеңімпаз атанды.

Үстел теннисінен «Qazaqstan» телеарнасының командасына тең келер ешкім болмады, екінші орынды «Ұландық» журналистер алса, үздік үштік қатарына «Almaty TV» енді.

Шахмат ойынында алтын және күміс жүлдені Ұлттық арна тілшілері Нұрлан Құмар мен Естай Байназаров өзара бөлісті. Үшінші орынды химия-биология бағытындағы NIS мұғалімі Ринат Ботай иеленді.

Екі Зияткерлік мектептің директорлары Гүлмира Мункеева мен Ермек Пайзов БАҚ өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтап, оларды тек микрофон, камера, дыбыс жазу құрылғыларымен ғана емес, әрдайым спорттық киіммен қуана қарсы алатындарын жеткізді.

 



Қаралым: 86
Жарияланған: 27 Маусым