Жаңалықтар

Журналистердің армандары NIS-те орындалады


Журналистердің армандары NIS-те орындалады. «Хабар» телеарнасының редакторы Дина Алланазарова, «Elorda Aqparat» медиахолдингі директорының орынбасары Қанат Әуесбай, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің экономика бөлімі редакторы Қымбат Тоқтамұрат қыш станогына алғаш рет отырды. КТК телеарнасының елордадағы бюро тілшісі Гүлбағда Көбеева мен «Астана» телеарнасынан Жайна Алтынбек алғаш рет домбыра аспабын қолдарына алды. Ал «Qazaqstan» телеарнасындағы «Таңшолпан» таңғы бағдарламасының жүргізушісі Дастан Мүрсәлім мен республикалық «Білімді ел» газетінің бас редакторы Ләззат Түркістанова алғаш рет ағаш бөлшектерінен киелі бесік құрастырды.

Барлық Зияткерлік мектептерде алғаш рет өтіп жатқан республикалық медиа-марафонда БАҚ өкілдерінің армандары орындалды. Кәсіби мереке қарсаңында журналистер NIS-ке редакциялық тапсырмамен емес, мейрамды тойлауға келді.

Нұр-Сұлтанда БАҚ өкілдерін физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектеп директоры Мейрам Жәкенов құттықтап, NIS ұстаздары елордалық журналистер үшін бірнеше шеберлік cабақтар өткізді.

Домбыра бойынша шеберлік сабақ Зияткерлік мектептердің танымал «Қазақтың 100 күйі» жобасы аясында ұйымдастырылады, журналистерден құрылған оркестрді қосымша білім беру педагогы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Айтжан Тоқтаған басқарды, ол мамыр айында Гиннесс рекордтар кітабына дирижерлік еткен болатын.

– Домбыраны алғаш қолға алып, «Еркем-ай» әнін үйрендім, Айтжан ағай менің домбыра ойнауға икемім бар екенін атап өтті, бұл менің алдағы уақытта ұлттық аспапты меңгеруіме үлкен шабыт сыйлады, – деп республикалық Astana TV телеарнасының продюсері Арай Ибарева қуанышын жеткізді.

– Бүгін біз рухани тұрғыдан байыдық. Айтжан ағайдың жанында отырып балалық шақта өткен естеліктерді еске алдым. Әкем – танымал жыршы, менің қолыма алғаш домбыра ұстатқан да сол кісі, – деп бөлісті Дина Алланазарова.

Асан Борончиновтың шеберлік сабағында медиа-менеджерлер, редакторлар, тілшілер алғаш рет қыш құмырадан бұйым әзірлеу үрдісіне қатысты, олар саз-балшықпен жұмыс жасап көруді өмір бойы армандағандарын мойындады.

«Wood Production» сабағында БАҚ өкілдері өнер пәні мұғалімі Оразбек Ещановпен бірге қазақ халқы үшін киелі бесіктің қалай жасалатынын өз көздерімен көріп, кәдесый үлгілерін жинады.

– Менің әкем құрылысшы, сондықтан бірнәрсе салу мен құрастыру қабілеті қанымда бар, ағаштан жасалған сувенирлік бесік жасау процесі қатты ұнады, бесігім әдемі болып шықты, өнер мұғалімі Оразбек Ещанов мені мақтады! – дейді республикалық «Казахстанская правда» газетінің шолушысы Әсел Мұқанова.

«ШеберArt» шеберлік сағаты барысында өнер мұғалімі Алтын Ерғазина кенеп бетіне трафареттік кескіндеме салуды үйретті, әрбір журналист өзіне жеке экошоппер-сөмке жасап алды. «Арт-Дизайн» студиясында қосымша білім беру педагогы Салтанат Омаровамен бірге қатысушылар киізден ұлттық ою-өрнектері бар конверт-сөмкелер дайындады.

– «Жігітке жеті өнерде аз» демекші, өзімді бүгін әбден сынадым. Көзіме оттай басылғаны – тігін машинкасы. Бұрын анамда ұқсасы болушы еді. Алғаш рет өз қолыммен тігін тіктім, – деп атап өтті Дастан Мүрсәлім.

Журналистерге арналған спорттық жарыстар, сәндік-қолданбалы өнер бойынша шеберлік сабақтар мен тимбилдингтер барлық Зияткерлік мектептерде жалғасуда.

 



Қаралым: 205
Жарияланған: 23 Маусым