Жаңалықтар

Түркістандағы NIS-те алғаш рет соңғы қоңырау соғылды


«Ел ертеңі – бүгінгі ұрпақ»: Түркістандағы мерекелік жиын биыл ғана NIS-ке оқуға түсіп, қолына алғаш рет домбыра алған оқушылардың орындауындағы атақты Құрманғазының «Балбырауын» күйімен басталды.

Жаңа білім ордасының алғашқы шәкірттерін мектеп директоры Балқан Қасымов құттықтап, Түркістандағы NIS-тің ашылуы бүкіл оңтүстік өңір үшін, әсіресе ұстаздар қауымы үшін үлкен оқиға болғанын атап өтті. Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова өз сөзінде түркі әлемінің астанасында бой көтерген жаңа Зияткерлік мектептің облыс бойынша орта білім беру жүйесіне озық тәжірибелерді белсенді түрде тарататынын айтты.

Оқушылар «Қазақтың 100 күйі», «Қазақтың 100 әні», «100 кітап», «Қоғамға қызмет ету», «Radio club», «Karaoke club», «Visual club», «Guide club», «Robot club» және «Wikipedia club» әлеуметтік жобалары мен элективті курстарындағы жетістіктерімен қуана бөлісті.

Үздік оқушылар мен мұғалімдерге ерекше жетістіктері үшін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановтың алғыс хаттары табыс етілді. «Мектеп жанашыры» номинациясында мектеп өміріне белсенді араласқан ата-аналар марапатталды.



Қаралым: 113
Жарияланған: 26 Мамыр