Жаңалықтар

Қарағандыда білім саласындағы заманауи трендтер талқыланды


 «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинованың қарағандылық жас ұстаздармен кездесуінде білім дифференциациясы басты тақырыпқа айналды.
Жас мұғалімдер жаһандық білім беру тенденциялары контекстіндегі білім мазмұны мен өз тәжірибесін, соның ішінде сәтті және проблемалық кейстерді талқылады.

Кездесуге Әлихан Бөкейхан атындағы орта мектептің биология пәні мұғалімі Салтанат Рахметолла бірнеше сұрақпен келген:

– Осы кездесуде саралау әдісін қолдануға қатысты өзімді қызықтырған сұрақтарға жауап алдым. Модераторлар мен жас әріптестер ұсынған әдіс-тәсілдерді келесі оқу жылында өз жұмысыма енгізуді жоспарлап отырмын, – дейді Салтанат Рахметолла.

Күләш Ноғатайқызы жас мамандарға арналған жиында білім саласындағы заманауи трендтерді таныстырып, жаңа заман мұғалімінің жан-жақты, ізденімпаз болуының өте маңызды екенін атап өтті.
– Бүгінгі кездесуде өзекті мәселелерді көтеріп, жақсы талдау жасадыңыздар. Терең ойлы, ізденісте жүретін жастарды көріп, қуанып отырмын. Сұрақ қоя білу, өзін қызықтырған сұраққа жауап іздеу – ұстазға ең қажет қасиет, – деп бөлісті Күләш Ноғатайқызы.

Кездесу модераторлары – Педагогикалық шеберлік орталығының тренерлері Евгения Маторина мен Бауыржан Ділманов жас мұғалімдерге саралау әдісінің маңызы мен оны тиімді жүзеге асыруға көмектесетін пайдалы әдіс-тәсілдерді таныстырды.
Бауыржан Момышұлы атындағы мектептің мұғалімі Абылай Мұқанов осындай форматтағы кездесулер өз жұмысыңа сырт көзбен қарап, жаңа бағыт-бағдар алуға көмектесетінін айтады. Бұл пікірмен №73 негізгі орта мектептің информатика мұғалімі Ержан Акимжанов та келіседі.

– Мұғалім болып жұмыс істеп жүргеніме төрт жылдан асты. Педагогика саласында үлкен тәжірибесі бар мамандардың жас буынға өз тәжірибесін, ақыл-кеңесін бөлісіп жатқаны қуантады. Жас мұғалімдерден де аларымыз көп. Осындай кездесулер жиі ұйымдастырылып, тәжірибе алмасу алаңдары көбейсе, балалардың сапалы білім мен тәрбие алуына бағытталған жұмысымыз жемісін береді деп сенемін, – дейді жас маман.

Жас мамандармен кездесу топтамасы алдағы уақытта Алматы, Павлодар, Қостанай қалаларында өтеді деп жоспарлануда, ал жаңа оқу жылынан бастап басқа қалаларда да жалғасын таппақ.



Қаралым: 154
Жарияланған: 19 Мамыр