Жаңалықтар

Еліміздегі жас мұғалімдердің «Табысқа жету қадамы» NIS-тен басталады


«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында еліміздегі жас мұғалімдердің біліктілігін арттыруға арналған ауқымды жоба өз жұмысын бастады.

Зияткерлік мектептер негізіндегі кейс-сессиялар топтамасы елорда мен Өскеменде ұйымдастырылып, Қарағанды, Алматы, Павлодар, Қостанай қалаларында өтеді деп жоспарлануда, ал жаңа оқу жылынан бастап басқа қалаларда да жалғасын табады.

NIS-тің жаңа жобасы аясындағы әрбір кездесу – жас мұғалімдердің алғашқы жұмыс жылдарындағы нәтижелері бойынша ашық әңгімесі, сондай-ақ әлемдік педагогикадағы сұранысқа ие трендтер мен отандық мектептердегі өзекті басымдықтарды талдау жұмыстары негізінде өтеді. Көптеген әріптестер сәтті және проблемалық кейстерімен бөлісіп, ең қызықты тәжірибелер жас мұғалімдер мектебі мен каникулярлық мектептердің бағдарламаларына енеді.

Жас ұстаздардың басты сауалдарына «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқармасының төрайымы Күләш Шәмшидинова, төрайым орынбасары Ольга Можаева, Педагогикалық шеберлік, Білім беру бағдарламалары және Педагогикалық өлшемдер орталықтарының қызметкерлері жауап берді.

– Біздің жас әріптестеріміз – бүгінгі білім саласына тың идеялар мен жаңа шешімдер әкелетін әрбір мектептің стратегиялық ресурсы. Олардың жаңа білімге ашық, оқуға дайын екендігіне қуаныштымын, – деп атап өтті Педагогикалық шеберлік орталығының директоры Жанбота Қабдыкаримова.

Орталық тарапынан 25 мамырда online.cpm.kz платформасында жұмысын бастайтын «Жас мұғалім мектебі» атты ашық онлайн курсы әзірленіп, дайындалды. Жаңа ресурс әртүрлі бағыттар бойынша оқу материалдарын біріктірген: мұғалімнің құндылықтары мен ұстанымдары, оқыту стратегияларының калейдоскопы, көлденең және тік жоспарлау, сонымен қатар сабақты зерттеу, эмоциялар мен уақытты басқару және басқа да өзекті басымдықтар.

Педагогикалық шеберлік орталығы еліміздің әр өңіріндегі жас мұғалімдерге арналған «Жасампаз жас ұстаз» клубтары құрылып, кәсіби алаңға айналып үлгерді. Ал «Шамшырақ» онлайн-платформасында үздік жас педагогтердің тәжірибесі туралы бейнематериалдар жариялана бастады, олардың көпшілігі ауыл мектептерінен, алдағы уақытта тікелей эфирлер өтеді деп жоспарланған.

Сәуір айында Алматыдағы бірнеше мектеп директорларының ұсынысымен педагогикалық жоғары оқу орындарының магистранттары үшін «Табысқа жету қадамдары» бағдарламасы бойынша оқыту ұйымдастырылды.

Ауқымды NIS жобасының алғашқы нәтижелері жас мұғалімдерге жүйелі кәсіби дамудың қажеттілігі мен жаңа білімге ашықтығын дәлелдеді.

 



Қаралым: 184
Жарияланған: 16 Мамыр