Жаңалықтар

Жаппай стандарттаудан – жаппай бірегейлікке


«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арналған мерейтойлық жоба аясында дөңгелек үстелдер топтамасын аяқтады.

Бірінші дөңгелек үстелде еліміздің педагогтары жаңа жағдайдағы білім беру мен пандемия сабақтарына талдау жасады. «Жасанды интеллект дәуіріндегі мұғалім» атты жиынға мыңнан астам қатысушы, әсіресе ауылдық мектеп оқытушылары қосылды. Білім сапасын қамтамасыз етудегі бағалаудың рөлі туралы кәсіби әңгіме ғалымдарды да, күн сайын сабақ өткізетін мұғалімдерді де қызықтырды. Алтынсарин атындағы дөңгелек үстелдер топтамасы жаппай стандарттаудан жаппай бірегейлікке трансформациялануы мен еңбек нарығындағы жаңа талаптар секілді өзекті тақырыппен аяқталғаны орынды.

– Білім беру жүйесіндегі жаппай стандарттау ХХ ғасырда қалыптасты, ал жаңа ғасырда цифрландыру мен урбанизация әлемнің жаһандық көрінісін айтарлықтай өзгертті. Дүниежүзілік экономикалық форумның «Жұмыс орындарының болашағы» баяндамасына сәйкес, әлем халқының 5%-дан 45%-ы қазіргі күні гиг-экономикада жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда білім беру жүйесі өмір бойы оқытуға негізделген жеке траекторияны құруы тиіс, – деп атап өтті «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова:

– Мұғалімнің басты міндеті — оқушыларды өз мақсаттарына жетуге және өз бетінше әрекет етуге ынталандыру, шабыттандыру, оқушыға өздігінен білім алуға, өзінің қасиеттері мен қабілеттерін танып білуге, оларды ары қарай дамытуға қолдау көрсету.

Сидней университетінің профессоры Фил Ламберттің «Индустриалды дәуірдегі жаппай білім беруден цифрлық технологияларды қолдану арқылы дербестендірілген оқытуға көшу» атты баяндамасы қазақстандық әріптестердің үлкен қызығушылығын тудырды:

– Жалпыға бірдей жаппай білім берудің белгілі мақсаттары болды. Педагогикалық әдістер дәстүрлі пәндік оқытуға негізделді. Білім мұғалімнен бүкіл сыныпқа сызықтық беріледі. Бағалау көбінесе жаппай емтихандардан тұрды.

Бүгінгі таңда біз заманауи модельдерді, атап айтқанда дербестендірілген оқытуды қолданамыз. Ал білім беру инвестиция ретінде қарастырылады. Мұғалімдер өзінің педагогикалық тәжірибесінде қолдана алатын саралау әдістері жеке оқушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Оқу бағдарламаларының әртүрлілігі білім беру бағдарламасының айрықша емес екенін білдіреді. Әртүрлілік кәсіби-техникалық және академиялық дайындықты, сондай-ақ STEM білім беру аясында дамудың әртүрлі траекторияларын айқындайды. Қазіргі заманғы модельдер инклюзия қағидаттарына негізделіп, оқушылардың білім беру бағдарламаларына тең қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

Фил Ламберттің айтуынша, бүгінгі таңда білім берудің басты миссиясы – балаларды болашақ күнделікті және кәсіби өмірге дайындау, олардың жетістікке жетуіне ықпал ету.

Білім беру бағдарламалары орталығының директоры Жанар Әбділдина австралиялық әріптесінің сөзін «Әр баланың қабілетін ашу» баяндамасында қолдады:

– 2011 жылы Джордж Лэнд айтқан NASA зерттеуінің нәтижелері әлемдік білім беру қауымдастығын адам үшін стандартты білімнің пайдасы туралы ойлауға мәжбүр етті. Зерттеу көрсеткендей, барлық балалардың 98%-ы табиғи шығармашылық және мәселелерді шешудің стандартты емес тәсілімен туылады. Бұл көрсеткіш адам есейген сайын күрт төмендейді және ересек халықтың тек екі пайызы өздерінің табиғи данышпандық және шығармашылық қабілетін сақтай алады. Сондықтан цифрлық құрылғылар мен 3D шынайылықты белсенді қолданатын Z ұрпағының бірегейлігін қалай дамыту керек деген сұрақ өзекті болып отыр. ЮНЕСКО-ның дербестендірілген білім беру жөніндегі ұстанымы 2008 жылғы баяндамасында айтылды, мұнда «Сапалы білімге қол жеткізу жекелендірілген білімге қол жеткізуді білдіреді». Ал жекелендірілген оқыту әрқашан жеке тұлғаны дамытуға бағытталған.

Қазақстан 2016 жылдан бері қатысып келе жатқан ЭЫДҰ-ның «Білім беру 2030» жобасында негізгі мектептің жаңартылған білім беру мазмұнының оқу бағдарламаларына талдау жасалды. Сарапшылар бес топқа біріктірілген 28 құзыреттілікті анықтады: сауаттылықтың негізгі түрлері; дағдылар, қатынастар және құндылықтар; түйін ұғымдар; қайта құру құзыреттіліктері; кешенді құзыреттіліктер.

Оқу бағдарламаларының халықаралық салыстырмалы талдауы жаңартылған білім берудегі қазақстандық теориялық куррикулумның құзыреттіліктерді дамытуға жеткілікті түрде жақсы бағытталғанын көрсетті. Алайда, білім беру бағдарламасы туралы айтатын болсақ, оның үш түрін ажырату маңызды: қалайтын немесе теориялық, жүзеге асырылатын немесе оқытылатын, оқушылар қол жеткізген немесе меңгерілетін. Бұл тізбектегі ең маңыздысы – жүзеге асырылатын білім беру бағдарламасы, себебі ол мұғалімнің шеберлігі мен кәсібилігіне негізделеді.

Назарбаев Зияткерлік мектептерінде оқу процесі бастапқыда дербестендіруге назар аудара отырып ұйымдастырылды: жоғары сыныптарда тереңдетілген және стандартты деңгейлерде пәндердің кең таңдауы мен жеделдетілген оқыту моделі әзірленді (2 жыл ішінде 8-10 сынып бағдарламасы); сондай-ақ «Жеке білім беру бағыты» және дербес жеделдетілген оқытуға бір пәннен үш пәнге дейін таңдау мүмкіндігі бар. Қазір NIS-Programme бағдарламасына сәйкес бейіндік пәндер бойынша оқу материалдары жинақталған NIS Online дербес білім беру платформасын құру бойынша жұмыс жүргізілуде.

Білім берудегі халықаралық көшбасшылық орталығының сарапшысы Эрик Шенингер (АҚШ) дербестендірілген оқытудағы кәсіби тәжірибесімен бөлісіп, не, неге, қалай деген сауалдарға жауап берді.

Жекелендірілген оқыту кезіндегі ең қауіпті фраза – «Біз ылғи осылай жасадық». Бізді қалайша үйретеді, біз де солай үйретеміз. Альберт Эйнштейн айтқандай, бір әрекетті қайта-қайта жасап, жаңа нәтиже күту – ақылсыздық. Жекелендіру жолында біз қолайсыздыққа, қорқынышты жеңуге, қайта оқуға дайын болуымыз керек.

– Дербестендіру дегеніміз – балалардың шығармашылығы және данышпандығын ашумен қатар қызметкерлерге үздіксіз кәсіби білім беруді дамыту. «Сыныптарымыздағы алға бастаушы ойлау» атты соңғы кітабымда көптеген мысалдар негізінде жинақталған жекелендіруге арналған тарау бар.

 Әріптестер, сіздермен кәсіби нәтижелеріммен бөлісу мен үшін үлкен мәртебе болды, – деп мойындады Эрик Шенингер.

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Басқарушы директоры Александра Молчановская «Адами капиталды дамыту: «мамандықтан» «дағдыларға» дейін» атты өзекті тақырыпты жалғастырып, еңбек нарығындағы жаһандық трендтер, өмір бойы дағдыларды дамытудың жаңа моделі, талап етілетін дағдылар банкі, электрондық цифрлық биржада кандидаттарды іздеу сияқты басымдықтарға егжей-тегжейлі тоқталды.

Ал өз зерттеулерін жасанды интеллектке,  сондай-ақ оның бизнес және адамзат үшін мүмкіндіктері мен қауіптеріне арнаған Горно-Алтайск мемлекеттік университетінің ректоры м.а. Виталий Недельский гибридті өркениет пен гибридті ақыл-ой кәсіптердің күрделенуін болжайтынына сенімді.

Алғаш рет дөңгелек үстел барысында ата-ана даусы естілді: Ерлан Дүйсенханов әке әрі кәсіпкер ретінде «Балаларды оқытудың заманауи әдістері мен XXI ғасыр дағдыларын дамытудың жаңа тәсілдерін» талқыға салды. Ата-ана тәрбиесіндегі негізгі тақырыптар – оқып жүріп үйрету және өзінің ең жақсы нұсқасын  жасау.

NIS-тің әрбір дөңгелек үстеліне еліміздің түкпір-түкпірінен қосылған мыңнан астам педагог осындай кәсіби платформаның қажеттілігін дәлелдеп отыр. Жиын барысында мұғалімдер танымал сарапшылармен бірге қазіргі педагогикадағы стратегиялық басымдықтарды талдады. Сол себепті елімізде Алтынсарин атындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің білім беру жобасы келер жылы да жалғасын табады.



Қаралым: 664
Жарияланған: 28 Желтоқсан