NIS және «Қазақстан халқына» қоры тірек мектептерді дамытуға қатысты кездесу өткізді

Бүгін елордада «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының топ-менеджерлері мен «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры өкілдерінің кездесуі өтті.

Жиын барысында «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасының алдағы жоспарлары, оның ішінде NIS жүзеге асыратын әдістемелік қолдау жұмысы жан-жақты талқыланды. Бұл жұмыс үш негізгі бағытты қамтиды: оқушылардың оқу жетістіктеріне тәуелсіз мониторинг жүргізу, балалардың игілігі бағдарламасы және мұғалімдердің біліктілігін арттыру мен қолдау.

NIS Басқарма Төрағасы Әнуар Жанғозин жобаның соңғы үш жылдағы нәтижелеріне шолу жасады.

– Тірек мектептердің барлық педагогтері біліктілікті арттыру курстарынан, сондай-ақ Назарбаев Зияткерлік мектептерінде тағылымдамадан өтті. 2024 жылы оқушылардың білім деңгейін тәуелсіз бағалау нәтижесінде оқу үлгерімінің айтарлықтай өскені байқалды: 4-сынып оқушыларының көрсеткіші +16,4%-ға, ал 8-сынып оқушыларының көрсеткіші +7,5%-ға артты. Бұдан бөлек, NIS сарапшылары жоба аяқталғаннан кейін де қолдау көрсетуді жалғастырып, мұғалімдермен кездесулер мен іс-шаралар ұйымдастырады.

Кездесу барысында NIS өкілдері барлық тірек мектептерде буллингке қарсы KiVa бағдарламасын енгізу туралы бастама көтеріп, балалар үшін қауіпсіз және жайлы білім беру ортасын қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.

Тағы бір маңызды бастама – ауылдық білім беруді дамытуға үлес қосып жүрген шығармашыл мұғалімдерді қолдау ұсынысы. Бұл бағытта ауыл мұғалімдерінің кәсіби өсуіне ерекше көңіл бөлінбек, бұл өз кезегінде білім сапасын арттырып, өңірлік педагогтер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

«Қазақстан халқына» қорының Басқарма Төрайымы Ләззат Шыңғысбаева жобаның маңыздылығын атап өтіп, Назарбаев Зияткерлік мектептері тірек мектептерін дамытумен қатар, елдің зияткерлік әлеуетін қалыптастыруға зор үлес қосып отырғанын жеткізді.

Айта кетейік, «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы 2022 жылдан бастап «Қазақстан халқына» қоры, Білім беруді тұрақты дамыту қоры және Назарбаев Зияткерлік мектептерімен бірлесіп жүзеге асырылып келеді. Ортақ күш-жігер ауылдағы білім сапасын арттыруға және педагогикалық қауымдастықты қолдауға бағытталған.