NIS Digital Almaty 2025 форумында бірегей жобаларын ұсынды

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары Digital Almaty 2025 беделді халықаралық форумына қатысып, бірнеше аталым бойынша марапатталды.

Форум аясында өткен робототехника чемпионатында Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы NIS-тің жас инженерлері сәтті өнер көрсетті. «Point» командасы Алматыдағы №208 гимназияның робототехниктерімен бірлесе әзірлеген «Winning alliance partner» номинациясын жеңіп алып, 500 000 теңгелік сертификатқа ие болды. Сондай-ақ команда Кипрде өтетін құрлықтық робототехника чемпионатына жолдама алды. Ал «PID» командасы «Finalist alliance captain» номинациясымен марапатталып, 300 000 теңгелік сертификатты олжалады.

Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы NIS командасы да робототехника чемпионатында жоғары нәтижеге қол жеткізді. Оқушылар FTC санатында сынға түсіп, инженерлік дайындық пен бағдарламалау дағдыларының жоғары деңгейін көрсетті. Айта кетейік, чемпионатқа 10-нан аса елден 25 команда, барлығы 100-ден аса қатысушы жиналды.

«Digital Almaty 2025» форумында «Best AI StartUp IDEA» номинациясында Петропавл қаласындағы Зияткерлік мектептің «BONFIRE LTD» командасы үздік атанды. Оқушылар арнайы веб-сайт әзірлеп, оның көмегімен пайдаланушылар сауалнама толтыру арқылы онкологиялық аурулардың даму мүмкіндігін бағалай алады. Ал дәрігерлер қатерлі ісік жасушаларының фотоларын жүктеп, оларды машиналық және терең оқыту әдістері арқылы классификациялай алады.

Мұнан бөлек, форумда Ақтау қаласындағы NIS оқушылары «Sardar» жобасын ұсынды. Бұл – Қазақстанның тарихымен, мәдениетімен және әдеби кейіпкерлерімен таныстыратын электронды ойын. Жоба заманауи технологиялар арқылы жастар арасында патриоттық сезімді қалыптастыруға бағытталған.

Форумда VR-технологияларды интеграциялайтын «qMeta» жобасы да таныстырылды. Бұл стартап білім беру бағытындағы VR-шешімдерді әзірлеуге көмектеседі. Іс-шара барысында qMeta өздерінің басты өнімі – мұнайшыларға ұңғымаларды жер астында жөндеуді үйретуге арналған VR-симуляторын ұсынды. Сонымен қатар команда мектеп оқушылары үшін арнайы жасалған тағы бір инновациялық өнім – стереометрияны оқытуға арналған виртуалды тренажерді таныстырды. Бұл құрал оқушыларға кеңістіктік пішіндер мен геометриялық ұғымдарды тереңірек түсінуге көмектеседі.

Форумда білім берудегі жасанды интеллект мүмкіндіктерін Beyim.ai платформасы анық көрсетті. Digital Bridge көрмесінде көп көзайымына айналған цифрлық бағдарлама K-12 жүйесінде оқушылардың қарым-қабілетіне сәйкес құрылуымен ерекшеленді. 2024 жылы іске қосылған бұл жүйе қазірдің өзінде 100-ден аса мектепте қолданылып, 10 000-ға жуық оқушыға білім алу процесін өз қажеттіліктеріне бейімдеуге көмектесуде. Жобаны жасаушылар Beyim.ai мұғалімдерге оқушылардың оқу үлгерімін талдауға қалай көмектесетінін, осылайша білім беруді тиімді әрі қолжетімді ететінін көрсетті.