
Баспасөз-қызметі
Қазақстандық оқушылардың стартап-жобасы Үндістанда инвесторлардың қолдауына ие болды
Қазақстандық жас өнертапқыштар Үндістанда өткен High School Startup League халықаралық байқауында өздерінің Momentum AI жобасын таныстырып, 2000 АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартты.
Momentum AI – жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін инновациялық бағдарлама. Ол компьютердің жұмыс үстеліндегі файлдарды автоматты түрде сұрыптап, пайдаланушылардың уақытын үнемдеуге көмектеседі.
Қазақстандық команданың құрамында Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептің, Астанадағы NIS IB мен физика-математика бағытындағы NIS оқушылары, сондай-ақ Өскемендегі №47 мектептің, Екібастұз қаласындағы Білім-Инновация лицейінің және Астанадағы «NURORDA» мектеп-лицейінің шәкірттері бар.
Стартап-жобаларды қорғаудың ақтық кезеңі 2025 жылдың қаңтар айының соңында Үндістанның Гурагон қаласында өтті. Бұл бәсекеде әлемнің түкпір-түкпірінен келген 15 команда өз IT-жобаларын инвесторлар алдында таныстырды. Алайда, қаржылай қолдауға тек үздік 30% командалар ғана ие болды.
High School Startup League (HSSL) – Үндістанда жоғары сынып оқушылары арасында өткізілетін ең ірі халықаралық кәсіпкерлік байқаулардың бірі. Оның басты мақсаты – жас инноваторларды қолдап, олардың стартаптарын дамытуға мүмкіндік беру.