
Баспасөз-қызметі
Елордада Назарбаев Зияткерлік мектептері Директорлар кеңесінің отырысы өтті
Бүгін Астанада Назарбаев Зияткерлік мектептері Директорлар кеңесінің отырысы өтіп, онда білім беру экожүйесін дамытуға қатысты негізгі мәселелер талқыланды.
NIS Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин ұйым қабылдаған шешімдер Зияткерлік мектептердің дамуында стратегиялық маңызы барын атап өтті.
Кездесу Астанадағы физика-математика бағытындағы NIS-те практикалық сессиядан басталды. Қатысушылар оқу үдерісін бақылап, сабақтарға талдау жасады.
Отырыс барысында Директорлар кеңесінің төрағасы, Орал қаласындағы NIS директоры Айдарбек Айтпукешев өткен жылы орындалған хаттамалық тапсырмалар туралы есеп берді. Қостанайдағы NIS директоры Гүлнара Досқазиева мұғалімдерді аттестация кезінде қолдауға бағытталған цифрлық жеке даму жоспарын таныстырды.
Қызылордадағы NIS директорының орынбасары Қалман Бейімбетов оқушылардың толыққанды дамуына бағытталған жаңа кешенді әдіс туралы баяндады. Ал NIS Педагогикалық өлшеулер орталығының директоры Думан Сапақов бағалау жүйесін қайта қарау бойынша ұсыныстарын ортаға салды.
Зияткерлік мектеп түлектері де назардан тыс қалмады. Alumni NIS президенті Жанель Сабденова ауыл мектептерін қолдау және табысты білім беру бастамаларын кеңейту жобаларын таныстырды.
Кеңесте Халықаралық мектептер кеңесінің (CIS) өкілдері жүргізген командалық іссапарлардың нәтижелерін қарастырып, 9 Зияткерлік мектептің жұмысын талдады. Сонымен қатар Кембридж университетімен серіктестіктің жылдық қорытындысы жасалып, NIS-тің даму бағдарламасының жүзеге асырылу барысы талқыланды.
Кадр саясаты аясында Басқарма төрағасының орынбасары Сабыржан Садуақасов пен HR департаментінің директоры Самғат Бөлебаев мұғалімдерді аттестациялаудың жаңа тәсілдерін ұсынды.
Сонымен бірге Айдарбек Айтпукешевтің Директорлар кеңесінің төрағасы ретіндегі қызметіне қорытынды жасалды. Ал жаңа төраға болып Алматыдағы физика-математика бағытындағы NIS директоры Ермек Пайзов сайланды.