Жаңалықтар

Физиктер мен географтарға жанкүйер боламыз


Павлодардағы олимпиада қозғалысы әртүрлі деңгейдегі жеңімпаздармен, көптеген әйгілі есімдермен танымал, бірақ Дильнас Кумпекеева мен Жасулан Қазез үшін желілік олимпиада – алғашқы тәжірибе іспеттес. Георгафия пәнінің сарапшы мұғалімі Алия Қасымова балаларды 7-сыныптан бастап дайындағандарын атап өтті:

– Біз ең алдымен олардың картамен қалай жұмыс жасайтындарын бақылаймыз. Біртіндеп, үрдіс күрделеніп оқушы талдамалық ойлауға ие болады және оны дамыта түседі. Ең бастысы – мотивация. Шабыттанған, жігерленген оқушы талмай еңбек етеді, соңында жоғары нәтижелерге қол жеткізеді.
 
Шымкенттегі химия-биология бағытындағы мектептің екінші күнінен қызықты факт: география пәнінен олимпиадаға қатысатын оқушылар саны басқа пәндер бойынша қатысушылар санынан әлдеқайда көп.
 
Географияны жақсы көретіндердің бірі, 8-сынып оқушысы Арсен Сыдықов желілік олимпиадаға – осымен екінші жыл қатысып отыр. Өткен жылы Арсен 7-сыныпта оқи жүріп, география пәнінен олимпиадаға оныншы сынып оқушыларымен бірге қатысты, нәтижесінде үздік ондықтың қатарынан көрініп, республикалық жасөспірімдер Олимпиадасының финалында бірінші орынға ие болды. Осы жылы Арсен Қазақстанның экономикалық және физикалық географиясына ерекше назар аударды.
 
Шымкенттегі физика-математика бағытындағы екінші мектептің оқушылары желілікке жоғары жетістіктермен келді. Саден Даниял мен Даниял Үсенов «Жас геолог» республикалық олимпиадасының күміс жүлдегерлері, Даниял Үсенов Нұрзат Баратбекпен және Абылай Әбиболламен бірге экология бойынша қашықтан өткен «Baytaq El» республикалық олимпиадасында екінші орынды иеленді.
 
Елордадағы физика-математика бағытындағы NIS-тің жас физиктер командасын алты оқушы таныстырды және олардың барлығы түрлі олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Аделия Қожахметова өткен жылы республикалық жасөспірімдер олимпиадасының қола жүлдегері, физика пәні бойынша республикалық онлайн олимпиаданың жеңімпазы атанған.
 
Ясмин Серикбаева 2020 жылғы жасөспірімдер олимпиадасының күміс жүлдесін жеңіп алды. Даниал Байзақ өткен жылы 10-сыныптан қатысқан болатын, нәтижесінде 2-орынды еншілеп, республикалық кезеңге өтті. Тоғызыншы сынып оқушылары Альфараби Болатбек пен Ернұр Қайроллаев өткен жылы NIS құрамасының қатарында Республикалық олимпиадаға қатысты. Физтех Олимпиадасының ашық және онлайн турларының жүлдегері Егор Кожин 2020 жылғы республикалық олимпиаданың қола жүлдегері.
 
Тараздағы Зияткерлік мектептен Әміржан Бекбанов бастауыш сынып оқушыларына арналған олимпиадаға дайындық үйірмесін ашуды жоспарлап отыр. Ақбота Кеңесхан – мектеп стартаперлері командасының мүшесі, олар құрастырған Crepiks Academy платформасы – Enactus Kazfest 2020 инновациялық жобалардың фестиваль-көрмесінің жүлдегері, сондай-ақ ABC Incubation xTCA от NURIS Cluster бағдарламасының финалисі. Барлық команда бүгінде жанкүйер болып отыр.
 
Алматыдағы физика-математика бағытындағы NIS-тен Сырымхан Нұриддин емтихан алдында орыс профессорларының дәрісін оқыған, оның сүйікті кітабы – теориялық физика бойынша Ландау және Лифшиц курстары. Сырымхан желілікке төртінші рет қатысып отыр, оның қоржынында екі күміс және бір қола медаль бар, ендігі кезекте ол бірінші орыннан үмітті.
 
Оралдағы Зияткерлік мектептен Максим Ким – ХІІ Президенттік олимпиаданың абсолютті жеңімпазы. Болашақ физик олимпиадаға дайындық кезінде теориялық базаны нығайтып, кейін біртіндеп практикаға көңіл бөлу керегін айтады. Бастысы – нәтижеге тез қол жеткіземін демеңіз, әйтпесе мотивацияны жоғалтып алуыңыз мүмкін деп санайды.
 
Қызылордадағы Зияткерлік мектептен Абунасыр Әмірді мектепте үздік географтардың бірі ретінде таниды, ол мемлекеттер мен олардың астаналарын жатқа біледі. Әсіресе жас зияткер елдердің әлем қартасында орналасу нүктесі мен олардың даму тарихы туралы білімімен ерекшеленеді. География пәніне деген ерекше қызығушылық Абунасырға желілік олимпиада тапсырмаларын орындауда көмектесті.
 
Бір жарым жыл бойы олимпиада қозғалысымен айналысып жүрген Талдықорғандағы Ильяс Усиятов желілік олимпиадаға екі ай көлемінде дайындалды. Оның жетістіктер қоржынында – IESO-2020 Жер туралы ғылымдар бойынша халықаралық олимпиаданың қола жүлдесі, география бойынша мектепішілік жарыстардағы жеңістері бар. Ильяс күрделі тапсырмаларды кедергі емес, керісінше жігерлендіру деп санайды.
 
Қарағандыдағы физиктер командасынан Ангелина Мазур-Соцкая болашақта олимпиадаға қатысуға ниетті оқушылармен өз лайфхактармен бөлісті:
 
– Алаңдаудың еш қажеті жоқ. Сіз олимпиадаға ұзақ дайындалдыңыз, сондықтан уайым сізге ештеңе бермейді. Сонымен қатар соңғы күні көп формула мен ереже жаттап, өзіңізді қинамаңыз, өйткені , олимпиадаға дайындық – ұзақ процесс. Ал ең бастысы, өзіңізге сенімді болыңыз.
 
Қостанайдың олимпиада командасы желілік олимпиадада тапсырмаларды зейін қойып орындауға жайлы жағдай жасағандары үшін дене шынықтыру пәнінің мұғалімдеріне алғыс білдіреді.
 
Бүгін математиктер мен информатиктерге жанкүйер болуға асықпыз.


Қаралым: 71
Жарияланған: 24 Ақпан