Жаңалықтар

Екінші күн. NIS-тің үздік географтарының пікірлері


Көкшетау қаласындағы NIS, Амина Сейпиева:

Мені олимпиадаға география пәні мұғалімі Қарлығаш Разхан дайындады. Соңғы айдың көлемінде біз әртүрлі тақырыптарды талдап, тест сұрақтарын шештік және де бүгін тапсырмалар қатарында дәл сол тақырыптар кездесті.
 
Ақтөбе қаласындағы NIS, Айдана Айтөре:
 
Олимпиадаға алғаш рет қатысуым, бұл мен үшін үлкен тәжірибе болды. Желтоқсан айында дайындықты бастап кеттік, жетекшім Мират Қорғанбекұлымен 9-сыныптың барлық бағдарламасын қамтыдық, қиын тұстары болғанын жасырмаймын. Жақсы нәтиже көрсететіндігіме сенемін, ал олимпиаданың пандемияға байланысты қашықтан өткендігі, әрине, өкінішті.
 
Нұр-Сұлтан қаласындағы NIS, Аида Давлетова:
 
Мен географияны ең қызықты пән ретінде санаймын. Әлем елдерінің орналасуы, табиғаты, жер-суға қатысты тылсым оқиғалар туралы оқып-білген ұнайды. Бұл пәнге деген қызығушылығымды одан әрі арттырған бір дерек: Тайландтағы Меконг өзені. Қазан айының соңы мен қарашаның басы аралығында мыңдаған қызыл жарқыраған шарлар Меконг өзеніндегі судан жылдам көтеріліп, қараңғы аспанға бірнеше секунд жарық береді де, ауада жоғалып кетеді. Оларды Нага отты шарлары деп атайды. Әлі күнге дейін ғалымдар бұл құбылыстың сырын таба алмай келеді. Келесі жылғы Дипломдық бағдарламада география пәнін тереңдетіп оқуды жоспарлаудамын.
 
Гүлнұр Асқар, Алматы қаласындағы NIS (ХББ):
 
Зияткерлік байқауға дайындық барысындағы менің лайфхактарым. Жетекшім Назерке Жұмабаеваның кеңесімен барлық оқу материалдарын ғана емес, 8 сыныптан бастап атластарды талдадым, логикалық тапсырмаларды орындауға ерекше көңіл бөліп, әдеби кейіпкерлердің өмір жолын, сонымен қатар, олардың өмір сүрген орталарын зерттедім. Ассоциациялық дағдыларды дамыту мен проблемалық, жағдаяттық сұрақтарды талдау олимпиадада септігін тигізуі мүмкін.
 
Тараз қаласындағы NIS, Ақбота Кеңесхан:
 
Олимпиада кезінде қоршаған әлемнен барынша алшақтаңыз: тек сіз және тапсырмалар ғана бар деп есептеңіз.
 
Петропавл қаласындағы NIS, Олжас Құсайын:
 
Олимпиада – бар білгенің сыналар сәт. Мен оған көп дайындалдым. Оқу барысында көптеген жаңашылдықтарды білдім. Сол рухани азық менің ғылымға деген қызығушылығымды оятты.
 
Қызылорда қаласындағы NIS, Абунасыр Әмір:
 
Кез-келген білім сайыстары – жақсы дайындықты қажет ететін өте жауапты кезең. Олимпиада тапсырмалары әр түрлі деңгейде болды. Әсіресе ғалымдардың ашқан жаңалықтарына қатысты сұрақтарға жауап беруге көп уақыт жұмсадым. Мұндай сайыстар оқушылардың жеке дамуына, жаңа білім мен тәжірибе алуға септігін тигізеді.
 
Семей қаласындағы NIS, Адиль Капизов:
 
Олимпиада – білім бәйгесі ғана емес, адамның тұлғалық қасиеттерінің дамуына да себепші.
 
Орал қаласындағы NIS, Максим Ким:
 
Егер сіз шын мәнінде жоғары нәтижеге жетуге ұмтылсаңыз, пәнді зерттеудің әдіснамасы, сабақтастығы және тереңдігі өте маңызды. Және сәтсіздіктерге мойымау, ал жеңістерді аспандатпау қажет. Бұның бәрі сапалы білім жолындағы керемет негіз және тәжірибе деп ойлаймын.
 
Талдықорған қаласындағы NIS, Ильяс Усиятов:
 
География – жетінші сыныптан бері менің сүйікті пәнім, сонымен қатар, сан түрлі салаларды қамтитын күрделі ғылым. Оның әрбір саласы бойынша жинақтаған білім мен үшін өте маңызды. Өйткені адам Жер шарында өмір сүреді, жер оның – үйі. Сол себепті адамзат планетамыздың барлық заңдарын білуі қажет.


Қаралым: 100
Жарияланған: 24 Ақпан