Жаңалықтар

Желілік олимпиада. Екінші күн. Бастау биігінде – географтар мен физиктер


Желілік олимпиадаға алғашқы боп жас химиктер мен биологтар қосылды.

Елордадағы физика-математика бағытындағы NIS-те жас білімпаздарға мектеп директоры Мейрам Әміржанұлы Жакенов сәттілік тіледі.

Павлодарда қатысушылардың көпшілігі өздерін әртүрлі деңгейдегі, оның ішінде халықаралық олимпиадаларда бақ сынап үлгерген, бірақ бүгінгі додаға үлкен жауапкершілікпен қарауда.

– Біз бұл білім бәйгесін асыға күттік.  Желілік олимпиадаға алғаш қатысуым емес, дегенмен әр жаңа дода – жаңа тәжірибе деп білемін, – дейді Алматыдағы химия-биология бағытындағы мектептің оқушысы Богдан Миронов.

Өткен жылы қызыордалық өрендеп желілік олимпиаданың төрт күміс, үш қола медалін қанжығалаған еді,  биыл да медальдар топтамасын толықтыруға үмітті.

Кеше көптеген қатысушылардың желілік олимпиадаға осымен бірнеше мәрте қатысып отырғандары анықталды.

Петропавлдағы Зияткерлік мектептің тоғызыншы сынып оқушысы Аңсар Тілепбергенов осымен екінші рет бақ сынауда:

– Химияда барлық пәндер топтасқан. Осы байланыс пен күрделілік мені қатты қызықтырады. Желілік олимпиадаға екінші рет қатысуым. Мұндай деңгейдегі тапсырмаларды орындауда бойымдағы прогресті бірден сезіндім, – дейді Аңсар.

Семейдегі NIS оқушысы Ескендір Ғадылжан желілік олимпиадада мектеп намысын екінші жыл қатарынан қорғауда.

Атыраудағы Зияткерлік мектептен Арман Мүсіреповтің де бұл додаға алғаш қатысуы емес, ол жүлделі орыннан үмітті.

Қарағандыдағы NIS-тің 11 сынып оқушысы Жомар Тілеутаев тапсырмалар күрделі, бірақ қызықты болғанын жасырмады. Оның командандалас досы Әмір Әлмуханов өткен жылғы желілікте екінші орынға ие болған:

– Олимпиадалар көптеген жеке қасиеттеріңді дамытып, көп еңбектенуге үйретеді және ой-өрісіңді кеңейтеді деп ойлаймын.

Оралдағы Зияткерлік мектептен Әли Бауыржанның  2021 жылғы желілік олимпиадаға осымен үшінші мәрте қатысуы. Жас химик олимпиадаға дайындық барысында қатысушыларға  түрлі ғылыми форумдарға  кіріп, олардың кітапханаларын қолдануға кеңес береді.

Елордадағы Зияткерлік мектептен Ақкербез Тлеубекова биологиямен көп уақыттан бері айналысып келеді:

– Олимпиадада мен ең алдымен өзімді, білімімді пәнді зерттеудегі нәтижем ретінде тексеремін.

Тараздағы NIS оқушысы Бақытжан Ешенқұл олимпиададан соң өзіне қажет қорытынды шығарып үлгерген:

– Келесі кезекте ботаника мен анатомияға көп көңіл бөлетін боламын, себебі дәл осы салаларға қатысты тапсырмаларда аздап қиындықтар кездесті.

Тараздағы мектептен Іңкәр Инаятқызы өзінің алғашқы лайфхактарымен бөлісті:

– Тәжірибелі олимпиадашылардың кеңестеріне құлақ түріп, дайындықты ертерек бастау қажет.

Қостанайда желілік олимпиадаға  оқушылармен үзіліс уақытында босаңсу және демалу үшін арнайы таңдалған ми жұмысын жаттықтыру жұмыстарын жүргізетін психологиялық қызмет қосылды.

Бүгін желіліктің бастау биігіне жас географтар мен физиктер шығады.

 



Қаралым: 49
Жарияланған: 23 Ақпан