Жаңалықтар

Педагогикалық шеберлік орталығы онлайн курстарының жаңа кезеңі


2020 жылы 1 маусымнан бастап «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы http://sdo.cpm.kz қашықтан оқыту жүйесі порталында 3 500-ден астам педагог пен мектеп басшыларына арналған онлайн курстарды іске қосты.

«Қазақстан Республикасы Президентінің еңбектерінде белгіленген әлеуметтік даму жолдарын түсіндіру», «Мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына арналған білім беру бағдарламасы», «Мектеп басшыларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына арналған мектеп оқушыларының кәсіби бағдарлануы бойынша білім беру бағдарламасы» және «Оқушылардың ғылыми-жаратылыстану және оқу сауаттылығын, сыни ойлауын дамыту» және «Оқушылардың математикалық және оқу сауаттылығын, сыни ойлауын дамыту» курстары бастау алды.

«Қазақстан Республикасы Президентінің еңбектерінде белгіленген әлеуметтік даму жолдарын түсіндіру» атты онлайн курс Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың еңбектерінде көрсетілген әлеуметтік даму жолдарын түсіндіруге бағытталған.

Мектеп директорларының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарларына арналған онлайн білім беру курсы әлемдік және отандық халықаралық мектептердің тәжірибесін меңгеруге, Зияткерлік мектептердегі тәрбие жұмысын ұйымдастыру қағидаларын зерделеуге бағытталған. Тыңдаушыларға арналған практикалық тапсырмалар жалпы білім беретін мектептердегі тәрбие үдерісін модификациялаудың жаңа педагогикалық әдістері мен тәсілдерін меңгеруге негізделген.

Сондай-ақ кәсіптік бағдар беру жұмыстарын ұйымдастырудың онлайн курсы мектеп директорларының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарларына арналған. Курс тыңдаушылары жаңа кәсіптердің атласына сәйкес кәсіби бағдар беру жұмыстарын тиімді ұйымдастырудың тәжірибелік дағдыларын, оқушылардың тұлғалық дамуы мен диагностикасының заманауи әдістерін меңгереді.

«Оқушылардың ғылыми-жаратылыстану және оқу сауаттылығын, сыни ойлауын дамыту» және «Оқушылардың математикалық және оқу сауаттылығын, сыни ойлауын дамыту» курстарының мазмұны халықаралық зерттеулер тапсырмаларын пайдалана отырып, функционалдық сауаттылықты қалыптастыру әдістерін, білім беру үдерісін ұйымдастыруды, оқушылардың өзін әртүрлі қызмет түрлерінде табысты жүзеге асыруға мүмкіндік беретін дағдыларын жетілдіруді көздейді.

 



Қаралым: 396
Жарияланған: 01 Маусым