Жаңалықтар

25 мамырда - Астана қаласындағы ФМБ Назарбаев Зияткерлік мектебінде Соңғы қоңырау!


 

25 мамырда сағат 10.00-да Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде соңғы қоңырауға арналған мерекелік іс-шара мектеп атриумында өтеді. Мерекелік іс-шарада мектеп бітірушілерді қорытынды аттестаттауға жіберу туралы және сыныптан-сыныпқа көшу туралы бұйрық оқылып, 11-сынып түлектері ерекше аталып өтіледі. Түлектер мен оқушылар үшін мектеппен қоштасу рәсімі бойынша мектеп өмірінің символы ретінде соңғы қоңырау соғылады.

 

             


Зияткерлік мектепте 2011-2012 оқу жылында 39 сынып-жинағында 833 оқушы білім алды. Соның ішінде қазақ және орыс тілдерінде оқитын 2-4 сыныптарда 456 оқушы оқыса, «Өркен» білім гранты бойынша 5-11 сыныптарда 377 оқушы білім алды. Түлектер арасында халықаралық олимпиада мен ғылыми жобалар байқауының жеңімпазы Аубакирова Малика - International Scientific Rating Olympiad математика пәні бойынша, International Olympiad “Intellectual Maraphon” физика пәні бойынша жеңімпаз, халықаралық ФЛЕКС бағдарламасының жүлдегері, ағылшын тілі бойынша республикалық олимпиада жеңімпазы. Айтмаханов Дәулет - «Зияткер ұлт болашағы» ұлттық форумына қатысушысы, физика пәні бойынша «Дарын» республикалық ғылыми жобалар байқауының мақтау қағазының иегері. Арыстанбек Айзада  - International Conference for Youth халықаралық ғылыми жобалар байқауы мен ағылшын пәні бойынша облыстық олимпиада жеңімпазы, Франция мемлекетінде өткен халықаралық шығармашылық олимпиада жеңімпазы. Ахметов Ербол - физика пәні бойынша  республикалық ғылыми жобалар байқауының жеңімпазы, қалалық олимпиадалар жеңімпазы, «Зияткер ұлт болашағы» ұлттық форумының қатысушысы, қалалық дизайнерлік жобалар жеңімпазы. Сұлтанғазин Әлімжан - Лиді еске түсіруге арналған VII математикалық турнир және облыстық ғылыми жобалар байқауының, физика пәні бойынша Еуразия университетінде өткен VII қалалық олимпиада жеңімпазы, жаратылыстану ғылымдары бойынша 2 ашық юниорлар олимпиадасының жеңімпазы. Асқанбекова Ақбота - республикалық  ғылыми жоба байқауы мен International Rating Scientific Olympiad халықаралық рейтингтік олимпиада жеңімпазы. Жалмұратова Динара - математика пәні бойынша Франция мемлекетінде өткен халықаралық олимпиада жеңімпазы, Баймұрат Нұрислам - Швейцарияда өткен халықаралық ғылыми жобалар байқауы мен  республикалық «Тарих ата» қашықтық олимпиада жеңімпазы, «Astana Minerals and Metallurgy» халықаралық конгресіне қатысушысы. Барлубаева Анар - «Зияткер ұлт болашағы» ұлттық форум қатысушысы, республикалық «Тарих ата» қашықтық олимпиада мен ағылшын тілі пәні бойынша облыстық олимпиада жеңімпазы.


Бастауыш мектепті бітірген 87 оқушы  5-сыныпқа көшіп, ал  9-сыныптың 92 оқушысы негізгі мектеп курсы үшін мемлекеттік емтихан тапсырады. Осы оқу жылында мектепті аяқтайтын  45 түлектің 12 түлегі «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер болса, 10 түлегі үздік аттестатқа үміткер. Түлектеріміздің  ішінде  пәндік олимпиада және түрлі жарыстардың жеңімпаздары бар. 25 түлегіміз Халықаралық ғылыми жоба жарыстарының жеңімпазы. 7 түлегіміз айтулы жоғары оқу орындарына шақырылды: University of Chicago, Newcastle University, АҚШ University of Nottingham, АҚШ, «Bentley University», АҚШ, Embry-Riddle Aeronautical University, АҚШ,University of Minnesota Twin Sities, АҚШ. 22 түлегіміз Назарбаев Университетінің  халықарылық емтиханынан ойдағыдай  өтті.

 

Мерекенің құрметті қонақтары:

 

Шәмшидинова Куләш Ноғатайқызы - «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының  Басқарма Төрайымы


Ғалымова Әлия Қайратқызы - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы

Ада Йонат - Израильдік ғалым -кристаллограф, «Рибосоманың құрылымы мен қызметін зерттегені үшін»  2009 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты

Эдвард Прескотт - американдық экономист, «Динамикалық макроэкономиканың дамуына қосқан үлесі үшін» 2004 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты, философия докторы, Аризона университетінің профессоры, экономикалық динамика қоғамының Президенті

 

2009 жылы 12 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебін салтанатты түрде ашты. ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2008 жылғы 4 желтоқсандағы №636 бұйрығына сәйкес физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектеп апробациядан өтетін эксперименталды оқу бағдарламаларының тәжірибе алаңына айналды.

 

Баспасөз-релизі

 

 



Қаралым: 6074
Жарияланған: 24 Мамыр