Жаңалықтар

Педагогикалық шеберлік орталығында мұғалімдердің біліктілігін арттыру курсы жалғасуда



Бұл күндері Астанадағы  Педагогикалық шеберлік орталығында  Қазақстанның жалпы білім беретін мектептері мұғалімдерінің біліктілігін арттыру курсы жалғасуда. Естеріңізге сала кетейік, кезекті саты 2012 жылдың 4 сәуірінде басталған болатын. Кембридж университетімен  бірлесе әзірленген арнайы  бағдарлама бойынша сабақтар  жоғары  кәсіби деңгейде өтуде. Көптеген педагогтар осындай тәжірибемен бірінші рет танысып, мүлдем жаңа білім алуға құштарлықтары тіптен арта түсуде. Мұғалімдер үшін ПШО-да барлық қажетті  жағдайлар жасалған. Топтық сабақтар, интерактивті іскерлік ойындары,  пікірсайыстар, сұрақ-жауап жүйесі - міне осылар мен өзге де технологиялар  өтіп жатқан курстар аясында қолданылуда.

 


Жаңа бағдарлама 7 модульден тұрады, соның ішінде сыни тұрғыда ойлау, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, критериалды бағалау,  дарынды балалармен жұмыс, оқушының психологиялық-педагогикалық ерекшеліктерін ескеру, білім берудегі көшбасшылық және менеджмент  бар. Біліктілікті арттыру курстарын халықаралық дайындықтан өткен тренерлер өткізеді. Олардың сөзіне қарағанда оқулар кезінде оқушылардың өздерін - өздері  бақылауы және сыныптағы психологиялық орта сынды маңызды аспектілер де ескеріледі.   
 


«Бағдарламаның ең басты мақсаты, меніңше мұғалімдерге балаларымызға басқаша  көзқараспен қарауды үйрету болса керек», - деп ой бөліседі ПШО тренері, Семей қаласындағы физика-математика  бағыттағы  Назарбаев Зияткерлік мектебінің  мұғалімі  Ольга Хохотва. «Мұғалімдердің санасына олардың оқушыларға мейілінше аңғарымпаздықпен, олардың әрбірін жеке тұлға ретінде қарауын туындататын импульс жіберу біз үшін өте  маңызды», - дейді Ольга Хохотва.  Педагогикалық шеберлік орталығында өткен әрбір сабақта  оқытудың  белсенді әдістемесі қолданылады. Мұғалімдер шағын топтарда жұмыс істей жүріп, өздерінің ойлау үдерістерін дамытады, пікірталасқа түседі, алға қойылған  міндетті  орындаудың мейілінше  тиімді  жолдарын бірге табуға  ұмтылады. 

 


Қазақстанның түрлі аймақтарынан Астанаға жиналған 256 мұғалімнің әрбірі жұмыс үшін қажет негізгі екі материалға ие: «Курстық тапсырма жұмысын орындауға арналған нұсқаулық» және «Мұғалімге арналған нұсқаулық», үш тілде жазылған соңғы құжат бағдарламаның барлық модульдері мен оларды іс жүзінде  пайдалану туралы ақпараттарды жинақтаған. Аудиториялық сабақтардан бөлек, педагогтар Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі (физика-математика бағыттағы және ІВ) әріптестерінің мастер-класстарына қатысады. Бұл жұмыс 6-8 адамдық топтарда  өткізіледі.

 


Сондай мастер-класстардың бірі орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімдеріне  арналды. Педагогтар Н.В.Гоголдің «Ревизор»  шығармасымен  жұмыс істей отырып өздерінің алған білімдері мен тәжірибелерін сынап көрді.  Сабақ кезінде миға салмақ салу тәсілі белсенді түрде қолданылды, онда аты аңызға айналған  комедиямен байланысты ассоциация мен кілт сөздер айырықша аңғарылып тұрды. Өзгеше сипаттағы сабақ үш сатыда өтті: бірінші саты - бұл шақыру, екіншісі - ой қорыту және үшіншісі - рефлексия. Бұл жерде «нәзік» және «толық» сұрақтар технологиясы қолданылып, топтың әрбір мүшесі оларды құрастырып, кейін көпшіліктің  назарына  ұсынуы тиіс еді. Сабақ аяқталған кезде мұғалімдер эссе немесе интервью түріндегі қорытынды материалдар әзірледі.   


Үдеріске қатысушылардың айтуына қарағанда курстарда оқу, бірлескен жұмыс, берілетін ақпаратқа сыни тұрғыда қарау оларға педагогикалық шеберліктің  мүлдем жаңа көкжиегін ашуға көмектеседі.  Себебі  мұғалімнің дарыны оқушыларына теориялық білім ұсынуында емес, керісінше балалардың өз бетінше ақпарат жинауын, оларды талдауын және тапсырманы шығармашылық тұрғыда орындауға ұмтылысын туындатуда болса керек.  Осы тұста атап өтер бір жайт, курстар кезінде мұғалімдердің  мейілінше ашық, өздеріне және өз күштеріне сенімді бола түскені байқалды.

 

 



Қаралым: 5982
Жарияланған: 18 Сәуір