Жаңалықтар

Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов жалпы білім беретін мектептер педагогтерінің біліктілігін арттыру курстарын ашты


 

2012 жылдың 4 сәуірінде сағат 09.00 - да. Астана қаласы физика - математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың қатысуымен жалпы білім беретін мектептер педагогтерінің біліктілігін арттыру курстары жұмысын бастады. Астанамен бірге тікелей трансляция арқылы курстар Семей, Көкшетау, Өскемен, Талдықорған, Орал, Павлодар, Тараз, Шымкент, Ақтөбе қалаларында басталды. Іс-шараға бір мыңнан астам адам қатысты. Енді әр қазақстандық мұғалімге Педагогикалық шеберлік орталығымен Кембридж Университеті бірлесіп әзірлеген оқудағы жаңа әдістемелер мен технологиялар қолжетімді.


Он-лайн трансляцияны Бақытжан Жұмағұлов бастады. Озат экономиканы озық ойлы адамдар қалыптастыруы тиіс және ондай адамдардың тәрбиеленуінде педагогтың рөлі теңдессіз болып табылады. «Мұндай курстар Қазақстанда тұңғыш рет өткізіліп отыр», - деді Жұмағұлов. Министрдің айтуынша 2012 жылы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің базасында 1000 педагогты, өзге орталықтарда 6000 - ға дейін мұғалімдерді дайындау көзделуде. Жалпы бес жыл ішінде, Педагогикалық шеберлік орталығы мен Кембридж университетінің жаңа  бағдарламасы бойынша 120 мың қазақстандық мұғалім қайта даярланатын болады. Біліктілік арттыру курстарын табысты аяқтаған әрі сәйкестік деңгейі сертификатына ие болған ұстаздардың жалақысын көтеру мәселесі де көзделеді. Үшінші деңгей сертификатын ие болған мұғалім өзінің жалақысына 30 пайыз үстемақы алатын болады. Екінші деңгей сертификатының иегері 70, ал бірінші деңгей сертификатын алған мұғалім 100 пайыз жалақысына үстемақы алады.

Министрдің баяндамасын толығымен осы жерде көре аласыз.
 


Астанадағы курстарға Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік – Қазақстан облыстарынан келген жалпы білім беретін мектептердің 256 мұғалімі қатысты. Өз тәжірибелерін оларға білімдегі жаңа технологиялар мен әдістемелер бойынша арнайы дайындалған қазақстандық тренерлер үйретеді. Олардың ішінде «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, «Өрлеу» біліктілікті арттырудың ұлттық орталығы» АҚ, өңірлік біліктілікті арттыру институттарының сарапшылары және тағы басқалар. Бұл тренерлер «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ мен Кембридж университетінің Халықаралық емтихан кеңесі арасында жасалған келісім шеңберінде Кембридж университеті білім беру факультетімен бірлесіп әзірленген 3 негізгі деңгейдегі арнайы 3 айлық бағдарлама бойынша Қазақстан Республикасы жалпы білім беретін мектептерінің 3000-нан астам мұғалімін оқытуды бастады.

Сабақтар шағын топтарда (25-30 адам) «face to face» («бетпе-бет») аудиториялық оқыту және қашықтықтан оқыту (он-лайн режімде) түрінде өткізіледі. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы тыңдаушыларды қажетті материалдармен: қазақ және орыс тілдеріндегі «Мұғалімге арналған нұсқаулық», «Курсалды тапсырмаларды орындауға арналған нұсқаулық», «Қашықтықтан оқыту кезеңінде мектепте орындауға арналған тапсырмалармен» қамтамасыз етеді.

 

             

Жалпы орта мектеп білім саласының іргетасы болып саналады. Оқушы алатын негізгі білім және икемділік деңгейі көбінесе оның болашағын  айқындайды. Қазіргі мектептің даму траекториясы өзгеріп, ол заманауи әрі өзекті мәселелерді шешуі қажет. Сыни тұрғыдан ойлауға, оқыту және оқуды бағалау, оқытуда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану, талантты және дарынды балаларды қолдау, білім берудегі менеджмент - міне әлемдегі қазіргі  білім жүйесі  осы тәсілдер бойынша дамуда. Бұл инновациялық әдістер Қазақстанның  жалпы білім беретін мектептер педагогтеріне арнайы біліктілік арттыру курстар аясында  оқытылады. Оқушы оқу процесінің енжар қатысушысы болған заман өтті, енді мұғалімнің басты мақсаты баланы өз бетімен оқуға, шығармашылық қабілетін дамытуға  үйрету.

 



Қаралым: 6733
Жарияланған: 12 Сәуір