Сатып алулар ережесі

Тіркелу

По техническим вопросам


«НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕПТЕРІ» ДЕРБЕС БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМЫ МЕН ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕПТЕРІ ҰЙЫМДАРЫНЫҢ ТАУАРЛАРДЫ, ЖҰМЫСТАРДЫ ЖӘНЕ ҚЫЗМЕТТЕРДІ САТЫП АЛУ ЕРЕЖЕЛЕРІ (18.12.2020 жылғы жағдай бойынша өзгерістерімен бірге)


Мазмұны

1-бөлім. Осы Ережелердің қолданылу аясы.

2-бөлім. Терминдер мен анықтамалар

3-бөлім. Жалпы ережелер

4-бөлім. Сатып алуды жоспарлау

5-бөлім. Сатып алу тәсілдері

6-бөлім. Тендер тәсілімен сатып алу 

7-бөлім. Тендерлік комиссия, сараптау комиссиясы (сарапшы) 

8-бөлім. Тендерлік құжаттама 

9-бөлім. Тендер тәсілімен сатып алуды өткізу туралы хабарлама 

10-бөлім. Тендерге қатысу туралы өтінімдердің мазмұны, рәсімделуі және ұсынылуы. 

11-бөлім. Тендерлік өтінімдерді ашу 

12-бөлім. Тендерлік өтінімдерді қарастыру, тендерге қатысуға алдын-ала рұқсат, тендерге қатысуға рұқсат 

13-бөлім. Тендерлік баға ұсыныстарын бағалау, салыстыру және тендер қорытындысын шығару

14-бөлім. Екі кезеңнен тұратын тендер арқылы сатып алу 

15-бөлім. Баға ұсыныстарын сұрату арқылы сатып алу

16-бөлім. Баға ұсыныстарын ашу және қарастыру

17-бөлім. Бір көзден сатып алу

18-бөлім. Кәсіпкерлік қызмет субъектісі болып табылмайтын, жеке меншік құқығында жеке тұлғаға тиесілі тұрғын үйді сатып алудың ерекше тәртібі

19-бөлім. Сатып алу шартын бекіту және орындау

20-бөлім. Ережелерде белгіленген нормаларды бұзғаны үшін жауапкершілік

21-бөлім. Қорытынды ережелер

 

      Осы Тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алу ережелері (бұдан әрі – Ережелер) «Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев қоры» мәртебесі туралы Қазақстан Республикасы заңының 6-бабы, 5-тармағы, 3-тармақшасына, сондай-ақ «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Жоғары Қамқоршылық кеңесінің 2013 жылғы 18 сәуірдегі №2 шешімімен бекітілген «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы Жарғысының 7-бабы, 7-тармағы, 5-тармақшасына сәйкес әзірленді және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы мен Зияткерлік мектептер ұйымдарының, қордың ұйымдық құқықтық нысанындағы коммерциялық емес ұйымдарды қоспағанда, тауарларлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алу ретін анықтайды.

Ережелер Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес 1-бөліммен толықтырылды.

1.      Осы Ережелердің қолданылу аясы.

1.1.  Бұл Ережелер Тапсырыс берушінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету, сондай-ақ функцияларын немесе жарғылық қызметін атқару үшін қажетті тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алуға байланысты қатынастарға қолданылады, оларға мыналар жатпайды:

1)    еңбек шарты бойыша жеке тұлғалардан немесе ақылы қызмет көрсету шарты бойынша кәсіпкерлік қызмет субъектісі болып табылмайтын жеке тұлғалардан, оның ішінде жеке нотариус, жеке сот орындаушысы мен жеке адвокаттардың жұмыстарын, қызметтерін сатып алу;

2)   жарналарды (салымдарды), оның ішінде жаңадан құрылатын заңды тұлғалардың жарғылық капиталына төлеу;

3)   заңды тұлғалардың жарғылық капиталындағы бағалы қағаздарды, қатысу үлестерін сатып алу;

4)   Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырылатын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мүше болып табылатын халықаралық ұйымдар қаржыландыратын инвестициялық жобалар шеңберінде тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алу;

5)   алымдар мен төлемдерді төлеу;

6)   іссапар шығындарын өтеу;

7)   оқушылардың, шетелдік мамандар мен басқа шақырылған тұлғалардың жол, тұратын жер және тамақтану шығындарын төлеу;

8)   табиғатты пайдалану құқығына ие болу;

9)   Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес алынған лицензиялар негізінде банк операцияларының жекеленген түрлерін жүзеге асыратын банктер мен ұйымдардың банк операцияларын орындаумен байланысты қаржылық қызметтерін сатып алу;

10)   басқару органдары және қадағалау кеңесі мүшелеріне сыйақы төлеу және/немесе шығындарын өтеу;

11)   демеушілік және/немесе қайырымдылық көмек есебінен тауарлар, жұмыстар, қызметтерді сатып алу;

12)  тапсырыс берушінің жарғылық қызметіне сәйкес халықаралық аккредитациялау және/немесе сертификаттау қызметтерін сатып алу;

13) көрмелер, семинарлар, конференциялар, жиналыстар, форумдар, симпозиумдар, тренингтер, фестивальдар, оқу-даярлық жиындар, жәрмеңкелер, олимпиадалар, ғылыми жобалар мен байқаулар, элективті курстар, мектептен тыс курстар, оның ішінде виртуалды режимдегі курстарға қатысу үшін ақы төлеу;

14)  қағаз және/немесе электронды түрдегі мерзімді баспа басылымдарын, оның ішінде мерзімді басылымдарға жазылуды сатып алу;

15)  шетелдік және отандық бұқаралық ақпарат құралдарында ақпаратты орналастыру қызметтерін сатып алу;

16)  отандық және шетелдік баспасөз басылымдарында мақалаларды жариялау;

17)  шетелдік онлайн-ресурстар арқылы 10 000 (он мың) АҚШ долларынан аспайтын сомаға тапсырыс берушінің негізгі қызметіне байланысты тауарларды, қызметтерді сатып алу, оған төлем карточкасы арқылы Тапсырыс берушінің ішкі құжатына сәйкес төлем жасау да кіреді;

18) білім беру бағдарламалары, техникалық көмек, тестілеу, сынамалы аккредитациялауды қамтитын қызметкерлерді оқыту, қайта даярлау және біліктілікті арттыру қызметтерін сатып алу;

19)   аралық сотта дауды шешуге қатысты төрелік шығындарды, жарналарды төлеу;

20)   әуе, теміржол, өзен, теңіз және автобуспен жол жүру (билеттерін) брондау, рәсімдеу және сатып алу қызметтерін сатып алу;

21)   кеден өкілдерінің, уақытша сақтау қоймаларының (УСҚ) алымдары мен басқа да төлемдерін төлеу қызметтерін сатып алу;

22)  ДББҰ және/немесе Зияткерлік мектептердің ұйымдарына тиесілі тұрғын және тұрғын емес үй-жайлардың тұрғын үй-коммуналдық және эксплуатациялық қызметтерін қамтамасыз етуге қатысты төлемдер;

23)    хайуанаттар бағы, театр, кинотеатр, цирк, мұражай, көрме, көрікті жерлер мен спорттық іс-шараларға бару билеттерін сатып алу;

24)    Қазақстан Республикасының сауда-өнеркәсіп палаталары қызметтерін сатып алу;

25)    материалдық көмек көрсету үшін тауарлар, жұмыстар, қызметтерді сатып алу;

26)  Акциясының (қатысу үлесінің) жиырма бес және одан көп пайызы Тапсырыс берушіге тікелей немесе жанама түрде тиесілі ұйымдардан, сондай-ақ Тапсырыс беруші акциясының (қатысу үлесінің) жиырма бес немесе одан көп пайызын иемденген ұйымдардан, құрылтайшысы Тапсырыс беруші болып табылатын мекемелерден, Зияткерлік мектептердің ұйымдарынан тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алу;

27)-тармақша Қамқоршылық кеңестің 18.12.2020 жылғы №6 шешіміне сәйкес өзгертілді.

27)   филиалдар үшін дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу;

28)    апаттық жағдайларды жою үшін тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алу;

29)   Зияткерлік мектептердің оқушыларына ағылшын тілінен English Language Testing System (IELTS) халықаралық емтиханын ұйымдастыру және өткізу қызметтерін сатып алу.

30), 31)-тармақшалар Қамқоршылық кеңестің 7.12.2019 жылғы №8 шешіміне сәйкес толықтырылды.

30)  оқушыларды және/немесе педагог қызметкерлерді бағалау рәсімдерін автоматтандыру, цифрландыру қызметтерін сатып алу;

31)  оқу, ғылыми, ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық, тәжірибелік-конструкторлық, инновациялық жұмыстарды және/немесе жобаларды іске асыру үшін зертханалық шығын материалдарын, химиялық реактивтерді, прекурсорларды сатып алу;

Келесі бөлімдер мен олардың тармақтарының нөмірлері Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес өзгертілді.

 

2.      Терминдер мен анықтамалар

 2.1. Осы Ережелерде қолданылатын негізгі терминдер мен ұғымдар: 

ДББҰ – «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы;

әлеуетті жеткізушінің үлестес тұлғасы – шешімдерді анықтау құқығына ие және/немесе әлеуетті жеткізушінің шешіміне, оның ішінде жазбаша түрде жасалған мәміле негізінде, ықпал ете алатын кез келген жеке немесе заңды тұлға, сондай-ақ әлеуетті жеткізушінің оған қатысты осындай құқығы бар кез келген жеке немесе заңды тұлға;

ішкі құжаттар – «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның ішкі нормативтік құжаттары

біртектес тауарлардың түрлері – бір-бірін алмастыра алмайтын біртектес тауарлар;

азаматтық нысандар – өндірістік емес саланың нысандары (ғимараттар): тұрғын үйлер, тұрғын үй кешендері, жатақханалар, қонақүйлер, сауда және қоғамдық тамақтану мекемелері, мектептер, оқу орындары, медициналық және балалар мекемелері, театрлар, мәдени орталықтар, кинотеатрлар, клубтар, шығармашылық сарайлары, кеңсе ғимараттары, спорт ғимараттары, кітапханалар, мұражайлар, әкімшілік ғимараттар, вокзалдар, әуежайлар;

сатып алу шарты – осы Ережелерге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жұмыс істеуді қамтамасыз ету, сондай-ақ Тапсырыс берушінің жарғылық қызметін жүзеге асыру үшін тауарларды жеткізу, жұмыстарды орындау, қызметттерді көрсету туралы жеткізуші мен тапсырыс беруші арасында бекітілген азаматтық-құқықтық шарт;

ұзақ мерзімді шарт – орындау мерзімі 12 (он екі) айдан асатын сатып алу шарты;

жосықсыз (әлеуетті) жеткізушілердің бірыңғай тізілімі – Тапсырыс берушінің жосықсыз (әлеуетті) жеткізушілері туралы жүйелендірілген деректер;

тапсырыс беруші – қордың ұйымдық құқықтық нысанындағы коммерциялық емес ұйымдарын қоспағанда, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы (оның ішінде филиалдар) және оның ұйымдары;

11-абзацқа Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

сатып алулар – тапсырыс берушінің жұмыс істеуді, сондай-ақ осы Ережелермен және Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасымен анықталған тәртіппен жүзеге асырылатын тапсырыс берушінің қызметін орындауына немесе жарғылық қызметін қамтамасыз етуіне қажетті тауарлар, жұмыстар және қызметтерді өз есебінен ақылынегізде иемденуі.           

Кешенді жұмыстар:

- келесі қызметтерді қамтитын жұмыстар мен қызметтер жиынтығы:

- жобалау және іздестіру жұмыстарын орындау, толық аяқталған құрылыс,

- жобалау және іздестіру жұмыстарды, толық аяқталған құрылысты (қажет болған жағдайда) басқару және аталған жұмыстармен байланысты тауарларды жеткізу, қызметтер көрсету;

- келесі қызметтерді қамтитын ақпараттық технологиялар саласындағы жобаларды аяғына дейін жүзеге асыру:

- бағдарламалық жасақтаманы жеткізу, ақпараттық жүйені енгізу және жабдықтарды жеткізу қызметтері (қажет болған жағдайда);

тендерлік комиссия мүшелері мүдделерінің қақтығысы – тендерлік комиссия мүшесінің мүддесі тендерлік комиссия шешімінің әділетті болуына әсер ете алатын жағдай;

біртекті тауарлар, жұмыстар, қызметтер – бірдей емес, бірақ ұқсас сипаттамаларға ие және бірдей функцияларды орындауға мүмкіндік беретін ұқсас құрамдастардан тұратын тауарлар, жұмыстар, қызметтер;

сатып алуды ұйымдастырушы – сатып алуды ұйымдастыру және өткізу рәсімдерін орындауға жауапты өзінің құрылымдық немесе оқшауланған бөлімшесінің (лауазымды тұлғасы) арқылы әрекет ететін тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастыру және өткізу рәсімдерін орындау мақсатында анықталған заңды тұлға;

Зияткерлік мектептердің ұйымдары – Назарбаев Зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымы құрған коммерциялық емес ұйымдар, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы меншік немесе сенімді басқару негізінде Назарбаев Зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымына тиесілі басқа да заңды тұлғалар, сондай-ақ қордың ұйымдастырушылық құқықтық нысанындағы коммерциялық емес ұйымдардан басқа оның еншілес ұйымдары;

жеткізуші – кәсiпкерлiк қызметпен айналысатын жеке тұлға, заңды тұлға (Қазақстан Республикасының заңдарымен өзгеше көзделмесе, мемлекеттiк мекемелердi қоспағанда), онымен бекітілген сатып алу шартында Жеткізушінің контрагенті ретiнде әрекет ететін заңды тұлғалардың уақытша бiрлестiгi (консорциум). Кәсіпкерлік қызмет субъектісі болып табылмайтын жеке тұлға Ережелердің 18-бөлімінде көзделген жағдайда жеткізуші бола алады;

әлеуетті жеткізуші – кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлға, заңды тұлға (егер Қазақстан Республикасының заңдарымен өзгеше көзделмесе, мемлекеттiк мекемелердi қоспағанда), сатып алу шартын бекітуге үміткер заңды тұлғалардың уақытша бiрлестiгi (консорциум). Кәсіпкерлік қызмет субъектісі болып табылмайтын жеке тұлға Ережелердің 18-бөлімінің тармақтарында көзделген жағдайда әлеуетті жеткізуші бола алады;

резиденттер – Қазақстан Республикасының азаматтары, оның ішінде уақытша шетелде жүргендер немесе мемлекеттен тыс жерде мемлекеттік қызметте жүргендер, бұған шетелде тұруға құқық беретін сол мемлекеттің заңнамасына сәйкес шығарылған құжаты бар азаматтар кірмейді; Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға құқық беретін құжаты бар шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар; Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған және оның аумағында орналасқан жері бар, сондай-ақ филиалдары мен өкілдіктері Қазақстан Республикасында және одан тыс жерлерде тіркелген барлық заңды тұлғалар;

 Қазақстан Республикасынан тыс орналасқан Қазақстан Республикасының дипломатиялық, сауда және өзге де ресми өкiлдiктерi;

 стратегиялық серіктестер – ДББҰ Қамқоршылық кеңесімен анықталған ұйымдар, бұған сәйкесінше (зияткерлік, ғылыми, әдістемелік, білім беру, технологиялық, кадрлық және т.б.) ресурстарға ие, сондай-ақ төменде көрсетілген салалардың бірінде немесе бірнешеуінде тәжірибесі бар еншілес ұйымдарды қоса алғанда шетелдік ұйымдар да кіреді:

- білім беруге замануи әдістер мен жаңа технологияларды енгізу;

- инновациялық білім беру мазмұнын, заманауи білім беру бағдарламаларын, оқулықтар мен білім беру ресурстарын әзірлеу және енгізу;

- білім беру жұмысына және оның нәтижесіне, оның ішінде оқыту сапасы мен оқушылардың оқу бағдарламасын меңгеруіне мониторинг жүргізу, сыртқы баға беру;

- сапалы білім беру жұмысын қадағалау және бағалау құралдарын, сондай-ақ балалар мен педагог қызметкерлерді конкурстық іріктеу құралдары мен технологияларын әзірлеу және енгізу;

- оқу үдерісін қамтамасыз ететін кабинеттер мен лабораторияларға арналған құрал-жабдықтарды әзірлеу және өндіру;

- сәулетшілік, қала құрылысы және/немесе құрылыс жұмыстары;

сатып алу мәселелері жөніндегі құрылымдық бөлімше (сатып алу мәселелеріне жауапты тұлға) – сатып алуды ұйымдастырып, өткізуге жауапты құрылымдық немесе оқшауланған (лауазымды тұлға) бөлімше;

тауарлар – заттар (нәрселер), оның ішінде жартылай фабрикаттар мен қатты, сұйық немесе газ түріндегі шикізаттар, электр және жылу энергиясы, шығармашылық зияткерлік жұмыстың объектіленген нәтижелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес алып-сату мәмілесін бекітуге болатын затқа құқық;

жұмыстар    – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс қатарына жатқызылған заттай нәтижелері бар қызмет;

қызметтер    – Тапсырыс берушінің талап-тілектерін қанағаттандыруға бағытталған заттай нәтижесі жоқ қызмет;

тендерлік құжаттама – тендерлік сатып алуға дайындалу үшін әлеуетті жеткізушіге берілетін және тендерді өткізу реті мен шарттары жайында ақпаратты қамтитын құжаттама;

тендерлік баға ұсынысы – әлеуетті жеткізуші тендер тәсілімен сатып алуға қатысу үшін ұсынған баға

комиссия      – сатып алуды ұйымдастырушы сатып алу рәсімін орындау үшін ұйымдастырған алқалы орган;

шартты баға – тендер қатысушының тендерлік баға ұсынысына тендерлік құжаттамада көрсетілген критерийлердің салыстырмалы мәнінің қолданылуын ескеріп есептелетін және тендер жеңімпазын анықтау мақсатында тендерлік баға ұсыныстарын салыстырып, бағалау кезінде ғана пайдаланылатын баға;            

өндірістік База – жер телімін, әкімшілік және техникалық ғимаратты(тарды) қамтитын мүлік кешені;

сарапшы       – сатып алынатын тауарлар, жұмыстар және қызметтердің техникалық сипаттамаларын (техникалық тапсырмаларын) әзірлеуге қатысуға, сондай-ақ әлеуетті жеткізушілер ұсыныстарының сатып алынатын тауарлар, жұмыстар және қызметтердің техникалық сипаттамаларына (техникалық тапсырмаларына) сәйкестігі туралы сараптамалық қорытынды дайындау үшін сатып алуды ұйымдастырушы немесе тапсырыс беруші тартқан жеке тұлға;

сараптау комиссиясы – сатып алынатын тауарлар, жұмыстар және қызметтердің техникалық сипаттамасын (техникалық тапсырмаларын) әзірлеуге қатысу үшін, сондай-ақ әлеуетті жеткізушілер ұсыныстарының сатып алынатын тауарлар, жұмыстар және қызметтерінің техникалық сипаттамаларына (техникалық тапсырманың) сәйкестігі туралы сараптамалық қорытынды дайындау үшін сарапшыларды тартып сатып алуды ұйымдастырушы немесе тапсырыс беруші құрған алқалы органы.

32, 33, 34-абзацтар Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес толықтырылды.

электрондық сатып алулар – баға ұсыныстарын сұрату немесе тендер тәсілімен сатып алуды ұйымдастыру және өткізу үдерістерін автоматтандыруды қамтамасыз ететін ақпараттық жүйелерді пайдалану арқылы сатып алу;

электрондық сатып алу порталы (ЭСП) – тауарлар, жұмыстар және қызметтерді электрондық сатып алуды жүзеге асыруға арналған ақпараттық жүйе;

электрондық цифрлық қолтаңба – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық таңбалар жиынтығы;

Ережелерде басқаша көзделмесе, сатып алу рәсімдерін жүзеге асыру барысында Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе іскерлік айналым дағдыларында белгіленген терминдер мен анықтамалар қолданылады.

Осы Ережелерде, мәнмәтінде басқаша талап етілмесе, жекеше түрде қолданылатын сөздер көпше түрде және керісінше қолданылады.

 

3.      Жалпы ережелер

 3.1. Сатып алуды өткізуді ұйымдастыру, сатып алуды жүзеге асыру барысында өзара әрекеттесу және басқа да мәселелер Ережелермен, сондай-ақ «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның басқа да ішкі құжаттарымен реттеледі. Сатып алу саласындағы ішкі құжаттар осы Ережелерге қайшы келмеуі керек.

 3.2. Тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алу төмендегі қағидаттарға негізделеді:

 1) инвестициялық жобаларды тиімді түрде жүзеге асыру;

 2) сатып алу үдерісіне қатысуда әлеуетті жеткізушілерге тең мүмкіндіктер ұсыну;

 3) әлеуетті жеткізушілер арасында әділетті бәсекелестік;

 4) сатып алу үдерісінің ашықтығы мен жариялылығы;

 5) сатып алу үшін пайдаланылатын ақшаны оңтайлы және тиімді жұмсау;

 6) сатып алу үдерісінде делдалдардың қатысуын барынша азайту;

 7) қабылданатын шешімдерді бақылау және оған қатысты жауапкершілік.

3.3. Сатып алу мыналарды қамтиды:

 1) Тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алу жоспарын (бұдан әрі – Сатып алу жоспары) әзірлеу және бекіту;

 2) Сатып алу рәсімдерін өткізу және жеткізушіні таңдау;

 3) Сатып алу шартын бекіту.

3.4. Сатып алуға қатысуға байланысты шектеулер. 

3.4.1. Әлеуетті жеткізушінің келесі жағдайларда өткізіліп жатқан сатып алуға қатысуға құқығы жоқ:

осы әлеуетті жеткізушінің және/немесе осы әлеуетті жеткізушінің уәкілетті өкілінің жақын туыстарының, жұбайының немесе жекжаттарының жеткізушіні таңдау туралы шешім қабылдау құқығына ие болуы немесе өткізіліп жатқан сатып алудың тапсырыс берушісінің немесе ұйымдастырушының өкілі болуы;

әлеуетті жеткізушінің және/немесе оның қосалқы мердігерінің Жосықсыз (әлеуетті) жеткізушілердің бірыңғай тізілімінде және/немесе Мемлекеттік сатып алулардың жосықсыз қатысушылары тізілімінде тіркелуі;

консорциумның құрамына кіретін заңды тұлғаның Жосықсыз (әлеуетті) жеткізушілердің бірыңғай тізілімінде және/немесе Мемлекеттік сатып алулардың жосықсыз қатысушылары тізілімінде тіркелуі;

әлеуетті жеткізушінің және/немесе оның қосалқы мердігерінің (бірлесіп орындаушының) қаржылық-шаруашылық қызметінің Қазақстан Республикасының заңнамасына немесе Қазақстан Республикасының әлеуетті бейрезидент-жеткізушісі мемлекетінің заңнамасына сәйкес тоқтатылуы;

сатып алуға қатысуға үміткер әлеуетті жеткізушінің басшысының Жосықсыз (әлеуетті) жеткізушілердің бірыңғай тізілімінде және/немесе Мемлекеттік сатып алулардың жосықсыз қатысушылары тізілімінде тіркелген заңды тұлғалардың жарғылық капиталын басқаруға, құруға және қатысуға байланысты болуы;

сатып алуға қатысуға үміткер әлеуетті жеткізушінің басшысының Жосықсыз (әлеуетті) жеткізушілердің бірыңғай тізілімінде және/немесе Мемлекеттік сатып алулардың жосықсыз қатысушылары тізілімінде тіркелуі, кәсіпкерлік қызметпен айналысатын жеке тұлға болуы;

кәсіпкерлік қызметпен айналысатын және сатып алуға қатысуға үміткер жеке тұлға болып табылатын әлеуетті жеткізушінің Жосықсыз (әлеуетті) жеткізушілердің бірыңғай тізілімінде және/немесе Мемлекеттік сатып алулардың жосықсыз қатысушылары тізілімінде тіркелген әлеуетті жеткізушінің басшысы болуы.

3.4.2. Әлеуетті жеткізуші және әлеуетті жеткізушінің үлестес тұлғасы бір тендерге (лотқа) қатысуға құқығы жоқ.              

3.4.3-тармаққа Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

3.4.3. 2.4.3. 2.4.1. және 2.4.2-тармақтарының талаптары сатып алу үдерісінің кез келген кезеңінде сақталуы тиіс.

3.5. Жосықсыз (әлеуетті) жеткізушілердің бірыңғай тізілімін ДББҰ-ның сатып алу мәселелері жөніндегі құрылымдық бөлімше ДББҰ-ның атқарушы органы белгілеген тәртіпте жүргізеді.

3.6. Тапсырыс беруші сатып алудың кез келген кезеңінде Сатып алу жоспарында көзделген тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алу шығындары қысқарған жағдайда, тауарлар, жұмыстар, қызметтерді сатып алу орынсыз болып немесе оларға деген қажеттілік негізделген түрде төмендесе сатып алудан бас тартуға құқылы.

            Мұндай жағдайда Тапсырыс беруші/ұйымдастырушының міндеттері:

3.6-тармақтың 1)-тармақшасына Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

1) сатып алуды өткізуден бас тарту туралы шешім қабылдаған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде сатып алуға қатысушыларды хабардар етіп, ДББҰ-ның интернет-ресурсында/ЭСП-да сәйкесінше хабарлама жасауы қажет;

2) сатып алуды өткізуден бас тарту туралы шешім қабылдаған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде өтінімді қамтамасыз ететін кепілді қайтаруы қажет. 

Тапсырыс берушінің сатып алуды жүзеге асырудан бас тартуы туралы шешімі шағымдануға жатпайды.

 3.7. Ережелермен көзделген әдістермен өткізілетін сатып алулар ДББҰ/тапсырыс берушінің шешімімен электрондық сатып алу арқылы жүзге асырыла алады.

3.8-3.10-тармақтар Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес толықтырылды.

3.8. Тапсырыс берушінің/ұйымдастырушының сатып алуды жүзеге асыру кезіндегі құқықтары:

1) тауарлар, жұмыстар және қызметтерді олардың біртектілігі, ұқсас сипаттамалары және компоненттері немесе оларды жеткізу (орындау, көрсету) орны бойынша лоттарға бөлу;

2) бір лотта күрделі техникалық сипаттамалары мен ерекшеліктері бар және бірнеше өзара байланысты компоненттерден тұратын тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алуды көздеу.

Әлеуетті жеткізушінің сатып алуға қатысу үшін тапсырған құжаттарын қарау, сондай-ақ жеңімпазды анықтау әрбір лот бойынша жеке жүзеге асырылады.

3.9. Әлеуетті жеткізуші сатып алуға қатысуына байланысты шығындардын өзі көтереді. Сатып алуды ұйымдастырушы, тапсырыс беруші сатып алу қорытындыларына қарамастан, бұл шығындарды өтеу міндеттемелерін алмайды.

3.10. Сатып алуды өткізу мақсатында:

1) ДББҰ Зияткерлік мектептер ұйымдары үшін сатып алуды ұйымдастырушы болуға құқылы;

2) ДББҰ Зияткерлік мектептердің бір (бірнеше) ұйымы үшін онымен (олармен) келісіп шешіп сатып алуды ұйымдастырушыны анықтауға құқылы;

3) Зияткерлік мектептер ұйымы онымен келісім бойынша Зияткерлік мектептердің басқа ұйымын ұйымдастырушы ретінде анықтауға құқылы;

2) ДББҰ Зияткерлік мектептердің бір (бірнеше) ұйымы үшін онымен (олармен) келісім бойынша сатып алуды ұйымдастырушыны анықтауға құқылы;

 

4.      Сатып алуды жоспарлау

4.1. Тапсырыс беруші тиiстi бюджет (бизнес-жоспар, кіріс пен шығындар сметасы) бекітілген күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні iшiнде осы Ережелерде және ДББҰ мен оның ұйымдарының Тауарлар, жұмыстар, қызметтерді сатып алу регламентінде (бұдан әрі – Регламент) белгіленген тәртіп пен нысанда тиiстi жылға Сатып алу жоспарын әзiрлеп, бекiтедi.

4.2. Сатып алу жоспарын Тапсырыс берушінің атқарушы органының басшысы немесе оны алмастыратын тұлға бекітеді.

4.3-тармаққа Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

4.3. Сатып алу жоспары мақұлданғаннан кейін 10 (он) жұмыс күні ішінде Тапсырыс беруші оны ДББҰ-ның интернет-ресурсында/ЭСП-да орналастыруға міндетті. Бұған Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпия болып есептелетін мәліметтер кірмейді.

4.4.   Тапсырыс беруші Сатып алу жоспарына өзгертулер және/немесе толықтырулар енгізуге құқылы.

4.5-тармаққа Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

4.5. Тапсырыс беруші Сатып алу жоспарына өзгертулер және/немесе толықтырулар енгізу туралы шешім қабылдаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде ДББҰ-ның интернет-ресурсына/ЭСП-ға енгізілген өзгертулер және/немесе толықтыруларды орналастыруға міндетті. Бұған Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпия болып есептелетін мәліметтер кірмейді.

4.6. Осы Ережелердің 1.1-тармағына сәйкес сатып алу нысанасы болып табылмайтын сатып алу туралы ақпарат Сатып алу жоспарына енгізілмейді.

4.7.      Тапсырыс беруші сатып алуды жүзеге асыру туралы шешімді тауарлар, жұмыстар және қызметтерді Сатып алу жоспары негізінде қабылдайды.

4.8-тармаққа Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

4.8.     Бекітілген Тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алу жоспарында көзделмеген тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алуға жол берілмейді. Бұған осы Ережелердің 1.1-тармағына сәйкес тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алу, сондай-ақ Ережелердің 4.10-тармағында көзделген жағдай кірмейді.

 4.9. Сатып алуды бір қаржы жылынан астам мерзімге жүзеге асыруға төмендегілерді сатып алған жағдайда жол беріледі:

            1) келесі қаржы жылы (жылдарында) аяқталатын жұмыстар мен қызметтер;

            2) өндірілуінің технологиялық ұзақтығына байланысты жеткізілу мерзімі келесі қаржы жылына жылдарына келетін активтер мен басқа тауарлар;

            3) оқушыларды (мектепке дейінгі жастағы балаларды) тамақтандыруды ұйымдастыру үш қаржы жылынан аспайтын қызметтер;

            4) оқушыларға арналған киім тігіп, жеткізу үш қаржы жылынан аспайтын қызметтер;

            5) үш қаржы жылынан аспайтын күзет қызметтері;

            6) үш қаржы жылынан аспайтын жылдық қаржы есебіне аудит жүргізу қызметтері.

 

4.10. Тапсырыс беруші бюджет (шығындар сметасы, даму жоспары, бизнес-жоспар) және Тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алу жоспары бекітілгенге (түзетілгенге) дейін жеткізушіні таңдауға қатысты сатып алу үдерістерін жүргізуге құқылы. Бұл жағдайда сатып алу шартын бекіту үшін бюджет (шығындар сметасы, даму жоспары, бизнес-жоспар) және міндетті түрде жеткізушіні таңдауға қатысты сатып алу үдерісі өткізілген тауарлар, жұмыстар, қызметтер көрсетілген Тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алу жоспары бекітілуі (түзетілуі) керек.

4.11. Тапсырыс беруші атқарушы органның шешімі бойынша өз филиалдары, Зияткерлік мектеп ұйымдары мен өкілдіктеріне тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алуды ұйымдастыру және өткізуді тапсыруға құқылы.

4.11-тармақтың екінші абзацы Қамқоршылық кеңестің 18.12.2020 жылғы №6 шешіміне сәйкес алынып тасталды

4.12. Тапсырыс берушінің өзі немесе оның атынан оның сатып алуды ұйымдастырып, өткізуге жауапты құрылымдық немесе оқшауланған (лауазымды тұлғасы) бөлімшесі немесе сатып алуды ұйымдастырып, өткiзу мақсатында белгiленген заңды тұлға сатып алуды ұйымдастырушы бола алады.

            Тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алуды ұйымдастырушыны анықтау тәртібі Регламентке сәйкес жүзеге асырылады.

5.      Сатып алу тәсілдері

5-бөлім Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес жаңа редакцияда жазылды.

5.1. Жеткізушіні таңдау келесі әдістермен жүзеге асырылады:

1) тендер;

2) екі кезеңдік тендер;

3) баға ұсыныстарын сұрату;

4) бір көзден алу.

5.2. Сатып алу әдісін Тапсырыс беруші осы Ережелерге сәйкес өз бетімен таңдайды, оған комиссия (тендерлік комиссия, баға ұсыныстарын сұрату арқылы сатып алу комиссиясы) бір көзден сатып алу туралы шешім қабылдаған жағдай кірмейді.

5.3. Осы Ережелердің 5.1-тармағында көзделген әдістер бойынша өткізілетін сатып алулар ДББҰ-ның ішкі құжаттарымен белгіленген тәртіпке сәйкес электрондық сатып алу арқылы жүргізіле алады.

 

6.      Тендер тәсілімен сатып алу

6.1. Тендер тәсілімен сатып алу осы Ережелерге және Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.

6.2. Сатып алуға қатысу үшін әлеуетті жеткізуші келесі жалпы біліктілік талаптарына сәйкес келуі керек:

1) құқықтық қабілетті және азаматтық іс-әрекетке қабілетті болу керек;

2) төлеуге қабілетті болып, үш айдан асатын салық берешегі болмауы тиіс;

3) сатып алу шарты бойынша міндеттемелерді орындауға қажетті жеткілікті материалдық, қаржылық және еңбек ресурстары болуы тиіс;

4) банкроттық немесе тарату үдерістерін өту үстінде болмауы керек.

6.3. Әлеуетті жеткізуші төменде көрсетілген негiздердiң бiрi бойынша қойылатын бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келмейтiн болып танылады:

1) әлеуетті жеткізушінің және/немесе жұмыстар немесе қызметтер көрсететін оның қосалқы мердігерінің (бірлесіп орындаушы) біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттарды тапсырмауы немесе дұрыс толтырмауы;

2) әлеуетті жеткізушінің өзінің немесе қосалқы мердігерінің (бірлесіп орындаушысының) жұмыс немесе қызметтің біліктілік талаптарына сәйкестігін растау үшін тапсырған құжаттарында көрсетілген мәліметтер негізінде біліктілік талаптарына сәйкес келмеуінің анықталуы;

3) біліктілік талаптарына қатысты берілген ақпараттың шынайы болмауының анықталуы.

Осы тармақта көзделмеген негіздер бойынша жұмыстарды немесе қызметтерді әлеуетті жеткізушіні және/немесе оның қосалқы мердігерін (бірлесіп орындаушысын) біліктілік талаптарына сәйкес келмейді деп тануға жол берілмейді.

6.4-тармақ Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес жаңа редакцияда жазылды.

6.4. Тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алуды тендер тәсілімен ұйымдастыру және өткізу келесі бірізді әрекеттерді талап етеді:

1) Тапсырыс беруші мен ұйымдастырушы бір тұлға ретінде әрекет еткен жағдайды қоспағанда, Тапсырыс берушінің сатып алуды ұйымдастырушыны анықтауы;

2) тауарлар, жұмыстар және қызметтерді тендер тәсілімен сатып алу туралы шешім қабылдау, тендерлік комиссияның құрамын, қажет болған жағдайда сараптау комиссиясының (сарапшы) құрамын бекіту, тендерлік комиссияның хатшысын анықтау, тендерлік құжаттаманы бекіту;

3) тендер тәсілімен сатып алу туралы хабарландыруды және бекітілген тендерлік құжаттаманы ДББҰ интернет-ресурсында/ЭСП-да орналастыру және әлеуетті жеткізушілердің тендерге қатысу туралы өтінімдерді тіркеу;

4) тендерлік комиссия хатшысының тендерлік өтінімдер ұсынған тендерге қатысушыларды, сондай-ақ тендерлік өтінімдер салынған конверттерді ашу рәсіміне қатысуға ниет білдірген тұлғаларды журналға тіркеп, қабылдауы (электрондық сатып алуды тендер тәсілімен жүргізу барысында қолданылмайды);

5) тендерге қатысу туралы өтінімдерді ашу және ДББҰ интернет-ресурсында жариялау; Электрондық сатып алу тендер тәсілімен жүргізілген жағдайда конверттерді ашу хаттамасы ЭСП-да қалыптастырылады;

6) тендерлік комиссияның әлеуетті жеткізушілер ұсынған тендерлік өтінімдердің тендерлік құжаттаманың талаптары мен біліктілік сипаттамасына сәйкестігін қарауы, тендерге қатысуға алдын-ала рұқсат туралы хаттаманы рәсімдеу және ДББҰ интернет-ресурсында/ЭСП-да орналастыру.

7) тендерлік комиссиясының әлеуетті жеткізушілер тендерлік құжаттаманың талаптарына және біліктілік сипаттамаларына сәйкестендірген тендерлік өтінімдерін қайта қарауы, тендерге жіберілген әлеуетті жеткізушілерді анықтауы, тендерге қатысушы ретінде танылған әлеуетті жеткізушілердің тендерлік баға ұсыныстарын шартты төмендетуге әсер ететін критерийлерді есептеу, тендерге қатысуға рұқсат беру хаттамасын рәсімдеп, ДББҰ интернет-ресурсында/ЭСП-да орналастыру;

6.4-тармақтың 8)-тармақшасына Қамқоршылық кеңестің 7.12.2019 жылғы №8 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

8) әлеуетті жеткізушілердің тендерлік баға ұсыныстарын ашу, тендер қорытындыларын шығару, рәсімдеу, қол қою және ДББҰ интернет-порталында/ЭСП-да орналастыру;

9) тендерлік комиссияның тендердің жеңімпазы мен екінші орын алған әлеуетті жеткізушінің өтінімдерінің түпнұсқаларын ЭСП-ға тапсырылған құжаттарға сәйкестігін салыстыруы (электрондық сатып алуды жүзеге асыру барысында қолданылады);

10) тендер жеңімпазымен сатып алу шартын бекіту.

 

7.      Тендерлік комиссия, сараптау комиссиясы (сарапшы)

 

7.1-тармаққа Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

7.1. Тендерлік комиссияның құрамына төраға, төрағаның орынбасары және тендерлік комиссияның мүшелері кіреді. Төраға болмаған кезде оның қызметін тендерлік комиссия төрағасының орынбасары атқарады. Тендерлік комиссияның құрамы тақ саннан, бірақ кем дегенде 5 (бес) адамнан тұруы тиіс.

Тендерлік комиссияның төрағасы ретінде Тапсырыс берушінің/сатып алуды ұйымдастырушының бірінші басшысы немесе бірінші басшысының орынбасары немесе аталған тұлғаларды алмастыратын тұлға әрекет етеді.

7.2. Тендерлік комиссияның төрағасы:

1) тендерлік комиссияның жұмысын жоспарлап, оның қызметіне басшылық етеді;

2) тендерлік комиссияның отырыстарында төрағалық етеді;

3) осы Ережелерде көзделген өзге де қызметтерді атқарады.

7.3-тармаққа Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

7.3. Тендерлік комиссия оны құру туралы шешім күшіне енген күннен бастап әрекет етеді және жеткізуші тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алу шартының орындалуын қамтамасыз ететін кепіл салған күннен бастап немесе осы ережелердің 3.6-тармағында көзделген жағдай орын алған кезде өз қызметін тоқтатады.

7.4. Тендерлік комиссияның отырыстары тендерлік комиссия мүшелерінің қарапайым көпшілігі қатысқан жағдайда өткізіледі және хаттамамен рәсімделеді, оған отырысқа қатысқан тендерлік комиссияның барлық мүшелері және тендерлік комиссияның хатшысы қол қояды. Тендерлік комиссия құрамындағы тұлғалардың біреуі болмаған жағдайда, тендерлік комиссия отырысының хаттамасында осы фактіні растайтын құжатқа сілтеме жасалып, оның болмау себебі көрсетіледі.

Тендерлік комиссия құрамының қарапайым көпшілігі болмаған жағдайда, Тапсырыс беруші/сатып алуды ұйымдастырушы кворумға қол жеткізу мақсатында (тиісті бұйрық шығару жолымен) тендерлік комиссияның қатыспаған мүшесін (мүшелерін) ауыстырады. Тендерлік комиссияның қатыспаған хатшысын және/немесе сарапшысын ауыстыруды Тапсырыс беруші/сатып алуды ұйымдастырушы міндетті түрде жүргізеді.

7.5-тармаққа Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

7.5.  Тендерлік комиссияның шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданып, оған тендерлік комиссияның отырысына қатысып отырған мүшелердің көпшілігі дауыс берсе, ол қабылданған болып саналады.

Электрондық сатып алу тендер тәсілімен жүргізілген жағдайда, тендерлік комиссияның шешімі ЭСП-да дауыс беру арқылы қабылданып, оған тендерлік комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданған болып саналады.

Тендерлік комиссия мүшелерінің дауыстары тең болған жағдайда, тендерлік комиссия төрағасының, ол болмаған жағдайда комиссия төрағасы орынбасарының дауысы шешуші болып табылады.

7.6. Тендерлік комиссияның шешімімен келіспеген жағдайда, тендерлік комиссия мүшесінің ерекше пікір айту құқығы бар, ол жазбаша түрде жазылып, тендерлік комиссия отырысының хаттамасына қоса берілуі тиіс.

7.7. Тендерлік комиссия құрамы мүшелерінің бірінде мүдделер қақтығысы болған жағдайда, ол тұлға бұл туралы тендерлік комиссияға жазбаша түрде хабарлайды, ал тендерлік комиссияның хатшысы тендерлік комиссия отырысының тиісті хаттамасына ондай жағдай туралы жазба жасайды. Бұл ретте ол тұлға тендерлік комиссияның шешім қабылдауына қатыспайды.

7.8. Тендерлік комиссияның ұйымдастыру қызметін тендерлік комиссияның мүшесі болып табылмайтын және тендерлік комиссия шешімдер қабылдаған кезде дауыс беру құқығы жоқ тендерлік комиссияның хатшысы қамтамасыз етеді.

7.9. Тендерлік комиссияның хатшысы сатып алу мәселелері жөніндегі құрылымдық бөлімшелер қызметкерлерінің қатарынан анықталып, келесі қызметтерді атқарады:

1)  тендерлік комиссия отырысының күн тәртібін жасайды, тендерлік комиссияны қажетті құжаттармен қамтамасыз етеді, тендерлік комиссиясының отырысын ұйымдастырады;

2)  тендерлік өтінімдер салынған конверттерді ашу хаттамасын, тендерге қатысуға алдын-ала рұқсат беру хаттамасын, тендерге қатысуға рұқсат беру хаттамасын, тендердің қорытындылары туралы хаттаманы, сондай-ақ тендерлік комиссия отырысының басқа хаттамаларын рәсімдеп, оларға қол қояды;

3) тендерлік өтінімдерді ашу сәтінен бастап тауарлар, жұмыстар және қызметтерді тендер тәсілімен сатып алуға қатысты құжаттар мен материалдардың сақталуын қамтамасыз етеді;

7.7-тармақтың 4)-тармақшасына Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

4)  келіп түскен өтінімдерді тіркеу журналдарына және тендерлік өтінімдер салынған конверттерді ашу рәсіміне қатысуға ниет білдірген әлеуетті жеткізушілердің өкілдерін тіркеу журналдарына; тендерлік баға ұсыныстары салынған конверттерді тіркеу журналдарына ақпаратты уақтылы енгізеді;

Электрондық сатып алу жүргізілген жағдайда, комиссия хатшысы ақпаратты банктік кепілдіктердің түпнұсқаларын және сатып алу жеңімпазы өтінімінің түпнұсқасын тіркеу журналына енгізеді.

7.7-тармақтың 5)-тармақшасына Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

5) хаттамаларды ДББҰ интернет-ресурсында/ЭСП-да орналастырады;

6) осы Ережелерде көзделген өзге де қызметтерді атқарады.

7.10. Техникалық тапсырманы және/немесе техникалық спцификацияны әзірлеу, әлеуетті жеткізушілер ұсынатын тауарлар, жұмыстар және қызметтердің тендерлік құжаттама талаптарына сәйкестігін анықтау мақсатында Тапсырыс беруші/ұйымдастырушы сараптау комиссиясын құруға (сарапшыны тартуға) құқылы.

Тапсырыс берушіде/ұйымдастырушыда техникалық тапсырманы және/немесе техникалық спцификацияны әзірлейтін, әлеуетті жеткізушілер ұсынатын тауарлар, жұмыстар және қызметтердің тендерлік құжаттама талаптарына сәйкестігін анықтайтын тиісті бейінді мамандар болмаған жағдайда, Тапсырыс беруші/ұйымдастырушы Тараптардың уағдаластығы бойынша сарапшылар ретінде мемлекеттік қызметшілерді өтеусіз негізде, сондай-ақ ақылы және ақысыз негізде басқа да сарапшыларды тартуға құқылы.

Сарапшы ретінде қандай да бір тұлғаны тарту үшін оның қызмет түрінің сатып алу мәніне сәйкестігі міндетті шарт болып табылады.

7.11. Бірнеше сарапшы тартылған жағдайда Тапсырыс беруші/ұйымдастырушы тартылған сарапшылар қатарынан сараптау комиссиясын қалыптастырып, олардың арасынан сараптау комиссиясының жетекшісін анықтайды. Сараптау комиссиясының құрамы 3 (үш) адамнан кем болмауы тиіс.

7.12. Сараптау комиссиясы (сарапшылар) әлеуетті жеткізушілер ұсынатын тауарлар, жұмыстар және қызметтердің тендерлік құжаттама талаптарына сәйкестігі тұрғысынан жазбаша сараптама қорытынды береді және тендерлік комиссия шешім қабылдаған кезде оның дауыс беру құқығы болмайды.

Сарапшы сараптау комиссиясының қорытындысымен келіспеген жағдайда, ол өзінің ерекше пікірін жазбаша түрде баяндайды, ерекше пікір сараптау комиссиясының қорытындысына қоса беріліп, оның ажырамас бөлігі болады.

7.13. Келесі тұлғалар сарапшы бола алмайды:

1) сатып алу рәсімдерінің нәтижелеріне мүдделі тұлға;

2) тапсырыс беруші, сатып алуды ұйымдастырушы немесе олардың ведомстволық бағынысты, еншілес және тәуелді ұйымдары немесе әлеуетті жеткізушілермен еңбек қатынастарымен байланысты тұлға;

3) Тапсырыс берушінің/сатып алуды ұйымдастырушының немесе олардың ведомстволық бағыныстағы, еншілес және тәуелді ұйымдарының бірінші басшыларының жақын туысы, жұбайы немесе жекжаты болып табылатын тұлға.

Тендерлік комиссия шешім қабылдаған кезде сарапшылардың дауыс беру құқығы болмайды.

 

8.      Тендерлік құжаттама

8.1. Сатып алуды ұйымдастырушы сатып алу рәсімін өткізу шарттары мен тәртібін анықтау мақсатында әрбір сатып алуға тендерлік құжаттама қалыптастырады.

8.2. Тендерлік құжаттама сатып алуды ұйымдастырушымен әзірленіп, мынадай мәліметтерді қамтуы тиіс:

1) Тапсырыс берушінің/сатып алуды ұйымдастырушының атауы және орналасқан жері;

2) әлеуетті жеткізуші (және ол тартатын қосалқы мердігерлер (бірлесіп орындаушылар) өзінің біліктілік талаптарына сәйкестігін растау үшін ұсынатын құжаттардың тізімі;

3) әлеуетті жеткізуші (және ол тартатын қосалқы мердігерлер (бірлесіп орындаушылар) өзінің тендерлік құжаттама талаптарына сәйкестігін растау үшін ұсынатын құжаттардың тізімі;

4) сипаттама және сатып алынатын тауарлар, жұмыстар және қызметтердің талап етілетін техникалық, сапалық және пайдалану сипаттамалары, оның ішінде белгіленген тәртіппен бекітілген жобалық-сметалық құжаттама (белгіленген тәртіппен бекітілген жобалық-сметалық құжаттаманың қажетті бөлімі), техникалық сипаттамалар және қажетті жағдайда нормативтік-техникалық құжаттамаға сілтемелер;

5) өткізіліп жатқан сатып алудың нысаны болып табылатын тауарлардың саны, орындалатын жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің көлемі;

6) ұсынылатын тауарлар, жұмыстар және қызметтердің сапасына кепілдік беру;

7) тауарларды жеткізу, жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсету орны мен шарттары;

8) тауарларды жеткізуге, жұмыстарды орындауға және қызметтерді көрсетуге талап етілетін уақыт;

9) төлем шарттары;

10) шартты бағаның төмендеуіне әсер ететін тендерге қатысу бойынша әлеуетті жеткізушілердің өтінімдерін бағалау мен салыстырудың барлық міндетті критерийлері;

11) баға ұсыныстың мазмұнына қойылатын талаптар:

әлеуетті жеткізушінің баға ұсынысында бірлік бағасы, сондай-ақ тауарлар, жұмыстар және қызметтердің жалпы сомасы, оның ішінде тасымалдау және сақтандыру шығындары, кедендік баждар, салықтар, алымдар және тауарларды жеткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету кезінде көзделген өзге де шығындар қамтылуы керек;

12) әлеуетті жеткізушінің баға ұсынысында көрсетілетін валюта немесе валюталар, сондай-ақ баға ұсыныстарын салыстырып, бағалау мақсатында оларды бірыңғай валютаға келтіруге қолданылатын валюта бағамы;

13) әлеуетті жеткізуші қосалқы мердігерлерге (бірлесіп орындаушыларға) сатып алудың нысаны болып табылатын жұмысты немесе қызметтерді орындау үшін бере алатын жұмыстар мен қызметтердің шекті мөлшері.

Әлеуетті жеткізушінің қосалқы мердiгерлерге (бірігіп орындаушыларға) жұмыс, қызмет көлемiнiң барлығы 2/3 (үштен екi) бөлігін қосалқы мердігерлікке беруіне жол берілмейді;

14) маңызды шарттар көрсетілген сатып алу шартының жобасы;

15) тендерге қатысу туралы тендерлік өтінімдерді тапсыру талаптары және құрастыру тіліне қойылатын талаптар;

16) тендерлік өтінімді қамтамасыз ететін кепілді салу, оның мазмұны және қамтамасыз ету түрі;

17) әлеуетті жеткізушінің тендерлік өтінімді тапсырудың соңғы мерзімі аяқталманға дейін оны өзгерту немесе қайтарып алу құқығы бар екені көрсетілуі тиіс;

8.2-тармақтың 18)-тармақшасына Қамқоршылық кеңестің 7.12.2019 жылғы №8 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

18) тендерлік өтінімді тапсыру тәртібі, әдісі, орны және шекті мерзімі, және тендерлік өтінімдердің талап етілетін әрекет ету мерзімі;

19) тендерлік құжаттаманың ережелерін түсіндіру, сондай-ақ әлеуетті жеткізушілердің тендерлік құжаттаманың мазмұны бойынша түсініктеме сұрату тәсілдері бойынша әлеуетті жеткізушілермен кездесу өткізу талаптары (егер тендерлік құжаттамада әлеуетті жеткізушілермен кездесу өткізу көзделген болса);

8.2-тармақтың 20) және 21)-тармақшаларына Қамқоршылық кеңестің 7.12.2019 жылғы №8 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

20) тендерлік өтінімдер салынған конверттерді ашу орны, күні және уақыты;

21) тендерлік өтінімдер салынған конверттерді ашу, тендерлердік өтінімдерді қарастыру, бағалау және салыстыру рәсімдерінің сипаттамасы;

22) сатып алу шартының орындалуын қамтамасыз ету шарттары, көлемі және тәсілі (тендерлік құжаттамада сатып алу шартын орындауды қамтамасыз ету көзделген болса);

23) тендер арқылы өткізіліп жатқан сатып алудың нысаны болып табылатын тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алуға бөлінген сомалар туралы мәліметтер;

24) жариялануға жататын ақпаратты орналастыру жоспарланған Интернет-ресурстың электрондық мекен-жайы;

25) тендерлік құжаттамаға өзгертулер мен толықтырулар енгізу тәртібі мен мерзімдері;

26) тендер қорытындысы бойынша сатып алу шартын бекіту тәртібі.

8.3. Тапсырыс беруші/ұйымдастырушы, қажетті жағдайда, тендерлік құжаттамада келесі арнайы біліктілік талаптарын белгілеуге құқылы:

1) сатып алынатын тауарлар, жұмыстар, қызметтер саласында тәжірибенің болуы. Дегенмен, келесі тауарлар, жұмыстар және қызметтерді қоспағанда, талап етілетін тәжірибе мерзімі 1 (бір) жылдан аспауы тиіс:

8.3-тармақтың 1)-тармақшасына Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

жаңа құрылыс нысандарын салған кезде – құрылыс тәжірибесі мен соңғы 5 (бес) жыл ішінде кем дегенде 3 (үш) аяқталған азаматтық нысаны болу керек; Құрылыс бойынша кешенді жұмыстарды сатып алуды жүзеге асырған жағдайда жобалау мақсатында тартылатын қосалқы мердігерде соңғы 5 жыл ішінде кем дегенде 3 (үш) азаматтық нысанды жобалау жұмыс тәжірибесінің болуы туралы қосымша талап белгілеуге болады;

күзету қызметін көрсеткен жағдайда – кем дегенде 3 (үш) жыл жұмыс тәжірибесі болу керек;

оқушыларға киім тігіп, жеткізу қызметін көрсету – кем дегенде 3 (үш) жыл жұмыс тәжірибесі болу керек;

тамақтандыру қызметін көрсету – кем дегенде 3 (үш) жыл жұмыс тәжірибесі болу керек;

аудиторлық қызмет және аудипет қатар жүретін қызметтер – кем дегенде 3 (үш) жыл жұмыс тәжірибесі болу керек;

кеңес беру (консалтингтік) қызметін көрсету – кем дегенде 3 (үш) жыл жұмыс тәжірибесі болу керек;

оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді тираждау қызметін көрсету – кем дегенде 3 (үш) жыл жұмыс тәжірибесі болу керек;

2) жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету және тауарларды жеткізу үшін құрал-жабдықтың (сандық және сапалық сипаттамалардың), өндірістік орынның (қойманы қоса алғанда), механизмдер, базалар, сервистік орталық және жабдықтар болу керек (оны растайтын құжаттардың нотариалды куәландырылған көшірмелері қоса берілуі тиіс);

3) жұмысты орындауға, қызметті көрсетуге қажетті (мемлекеттік немесе азаматтық құқықтық шарттар негізіндегі) еңбек ресурстары болу керек;

4) тендер нысанына байланысты салада тәжірибесі бар мамандардың және оны растайтын құжаттардың (дипломдар, сертификаттар, куәліктер және басқа да құжаттардың) нотариалды куәландырылған көшірмелері болу керек. Сонымен қатар, мамандардың 5 (бес) жылдан астам жұмыс тәжірибесін талап ететін шарттарды белгілеуге жол берілмейді;

5) зияткерлік меншікке құқықтарды сатып алу жағдайында, зияткерлік меншік объектілеріне айрықша құқықтардың болуы.

8.4. Тендерлік құжаттамада әлеуетті жеткізушілерге өткізіліп жатқан тендердің талаптары туралы толық ақпаратты алуға мүмкіндік беретін басқа да қосымша талаптар және/немесе деректер болуы мүмкін.

8.5. Тендерлік құжаттамада тауар таңбалары, қызмет көрсету белгілері, сауда атаулары, патенттер, пайдалы үлгілер, өнеркәсіптік үлгілер, тауар шыққан жердің атауы мен өндірушінің атауына, сондай-ақ сатып алынатын тауар, жұмыс және қызметтің жеке бір әлеуетті жеткізушіге жататындығын көрсететін өзге де сипаттамаларға нұсқаулар беруге жол берілмейді, бірақ бұған келесі жағдайлар жатпайды:

- толық жабдықтау, модернизациялау және жете жабдықтандыру, қолданыстағы негізгі (орнатылған) жабдықпен үйлесімділік үшін, сондай-ақ одан арғы техникалық қолдау, сервистік қызмет көрсету және жөндеу, оның ішінде негізгі (орнатылған) жабдықты жоспар бойынша жөндеу үшін тауарларды сатып алу;

- пайдалану, техникалық қолдау, сервистік қызмет көрсету және жөндеу, оның ішінде Тапсырыс берушінің негізгі (орнатылған) жабдықтарын жоспар бойынша жөндеуге байланысты жұмыстар мен қызметтерді сатып алу.

8.6. Тендерлік құжаттамада шартты бағаны төмендетуге әсер ететін әлеуетті жеткізушінің тендерлік өтінімдерін салыстыру және бағалаудың келесі критерийлері көзделеді:

8.6-тармақтың 1) және 2)-тармақшаларына Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

8.6-тармақтың 1)-тармақшасына Қамқоршылық кеңестің 13.12.2020 жылғы №6 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

1) әлеуетті жеткізушінің соңғы он жыл ішінде сатып алынатын тауарлар, жұмыстар және қызметтер бойынша жұмыс тәжірибесінің болуы – әрбір келесі бір жұмыс жылы үшін 0,5% (нөл бүтін, оннан бес пайыз), бірақ 5% (бес пайыздан) аспауы қажет, бұл сәйкесінше тауарларды жеткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету бойынша қабылдау-тапсыру актісі мен шарттың түпнұсқасымен немесе нотариалды куәландырылған көшірмелермен расталуы қажет.

Осы тармақшаның талаптары құрылыс жұмыстарын сатып алуға қолданылмайды;

2) әлеуетті жеткізушінің соңғы бес жыл ішінде азаматтық объектілерді салу тәжірибесі болу керек, ал жұмыс тәжірибесі, өз кезегінде, құрылыс объектілеріне теңестіріледі және олардың құны келесідей болуы керек:

 - осы тендерде сатып алынатын жұмыстардың жалпы құнының кем дегенде 15% (он бес) пайызын құрауы тиіс, егер әлеуетті жеткізуші бас мердігер ретінде жұмыс тәжірибесі болса əрбір объект үшін шартты бағаның 0,5% (нөл бүтін, оннан бес) пайызға шартты төмендеуі;

- егер әлеуетті жеткізушінің бас мердігер ретінде тәжірибесі болса, сатып алынатын жұмыстардың жалпы құнының 50% (елу) пайызынан астамы, әрбір объект үшін бағаның 1% (бір) пайызға шартты төмендеуі;

Жұмыс тәжірибесі шарттардың және орындалған жұмыстар актілерінің және/немесе шарттар мен КС-3 анықтамаларының және/немесе орындалған жұмыстардың құны мен фактісін, сондай-ақ бас мердігердің мәртебесін растайтын қабылдау комиссиясы актілерінің тиісті нотариалды куәландырылған көшірмелерімен расталуға тиіс.

Осы критерийдің тендерге қатысу туралы өтінімнің шартты бағасына жиынтық пайыздық әсері 30% (отыз) пайыздан аспауға тиіс.

Осы тармақшаның талаптары жаңа объектілерді салу жұмыстарын сатып алу кезінде ғана қолданылады.

3) әлеуетті жеткізушіде өткізілетін сатып алу мәніне сәйкес келетін тендерлік құжаттамаға сәйкес талап етілетін сертификаттардың (сертификатталған жүйелердің) болуы – бағаның 2%-ға (екі пайызға) шартты төмендеуі.

Әлеуетті жеткізушіде жүзеге асырылатын сатып алу мәніне сәйкес келетін және тендерлік құжаттамаға сәйкес талап етілетін сертификаттардың (сертификатталған жүйелердің) болуын растау мақсатында әлеуетті жеткізуші сертификаттың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нысан бойынша нотариалды куәландырылған көшірмесін тапсырады;

8.7. Әлеуетті жеткізуші бағаны шартты төмендетуге әсер ететін критерийлерді растайтын құжаттарды тапсырмаған жағдайда, тендерлік комиссия мұндай әлеуетті жеткізушілерге шартты жеңілдікті қолданбайды.

8.8. Тендерлік құжаттамада әлеуетті жеткізушінің келесі кепілдер беру ретінде тендерлік өтінімді қамтамасыз ететін кепіл салуы көзделу керек:

1) тендерлік өтінімдерді тапсыру мерзімі өткеннен кейін өзінің тендерлік өтінімін қайтарып алмайды немесе өзгертпейді және/немесе толықтырмайды;

2) ол тендер жеңімпазы болып анықталған жағдайда, тендер қорытындылары туралы хаттамада белгіленген мерзімде Тапсырыс берушімен шарт бекітеді және сатып алу талаптарында шарттың орындалуын қамтамасыз ететін кепіл салу көзделген жағдайда, сатып алу шартының орындалуын қамтамасыз ететін кепіл салады;

3) ол тендерге қатысушы болып танылған жағдайда өзінің тендерлік баға ұсынысын белгіленген мерзімде тапсырып, кейін қайтарып алмайды.

 8.9. Тендерге қатысуға өтінімді қамтамасыз ететін кепіл тендерлік құжаттамада көрсетілген тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алуға бөлінген соманың кем дегенде 1 (бір) пайызы мөлшерінде салынады.

8.9-тармақтың екінші абзацына Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

Тендерге бірнеше лотпен қатысқан жағдайда, әлеуетті жеткізуші тендерге қатысу туралы өтінімді қамтамасыз ететін кепілді әрбір лотқа жеке салуға міндетті, оған тендерге қатысу туралы өтінімді қамтамасыз ететін кепіл сатып алуды ұйымдастырушының банк шотына ақшалай жарна түрінде салынған жағдайлар кірмейді.

Тендерлік өтінімді қамтамасыз ететін кепілдің мерзімі тендерлік өтінім мерзімінен кем болмауға тиіс.

            Әлеуетті жеткізуші тендерге қатысу туралы өтінімді қамтамасыз ететін кепілдің келесі түрлерінің бірін таңдауға құқылы:

8.9-тармақтың 1) және 2)-тармақшаларына Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

            1) тендердің (лоттың) атауы көрсетіліп, сатып алуды ұйымдастырушының банк шотына салынатын кепілдік ақшалай жарна.

            2) тендерлік құжаттамада көзделген қағаз тасымалдауыштағы банк кепілдігі.

Электрондық сатып алуды жүзеге асыру барысында әлеуетті жеткізуші тендерлік өтінімді банк кепілдігі түрінде қамтамасыз еткен жағдайда, әлеуетті жеткізуші сатып алуды ұйымдастырушыға ЭСП-ға тендерлік өтінімдерді тапсыру мерзімі өткенге дейін банк кепілдігінің түпнұсқасын беруге міндетті.

 8.10. Әлеуетті жеткізушіге оның тендерге қатысу туралы өтінімінің мерзімі өткенге дейін оның салған кепілдік ақшалай жарнасын толығымен немесе оның бір бөлігін үшінші тұлғалардың талап ету құқығының туындауына әкеліп соғатын әрекеттер жасауына жол берілмейді.

8.11. Әлеуетті жеткізуші тендерлік өтінімді қамтамасыз ету үшін салған кепіл келесі жағдайлардың бірі орын алған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде әлеуетті жеткізушіге қайтарылады:

1) осы әлеуетті жеткізуші өтінімдерді ұсыну мерзімі өткенге дейін өз тендерлік өтінімін қайтарып алған жағдайда;

2) тендер қорытындылары туралы хаттамаға қол қойылған кезде. Аталған жағдай жеңімпаз болып анықталған әлеуетті жеткізушіге қолданылмайды;

3) сатып алу шарты күшіне енгенде және тендер жеңімпазы тендерлік құжаттамада көзделген сатып алу шартының орындалуын қамтамасыз ететін кепіл салғанда;

4) тендерлік өтінімнің мерзімі өткен жағдайларда.

8.12. Әлеуетті жеткізуші салған тендерлік өтінімді қамтамасыз ететін кепіл келесі жағдайлардың бірі орын алған кезде ұсталады:

8.12-тармақтың 1)-тармақшасына Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

1) әлеуетті жеткізуші тендерлік өтінімдерді ұсыну мерзімі өткеннен кейін тендерлік өтінімді қайтарып алса немесе өзгертсе және/немесе толықтырса;

2) тендер жеңімпазы болып анықталған әлеуетті жеткізуші сатып алу шартын бекітуден бас тартқан жағдайда;

3) тендер жеңімпазы сатып алу шартын бекітіп, тендерлік құжаттамада белгіленген сатып алу шартының орындалуын қамтамасыз ететін кепіл салу және/немесе кепіл салу мерзімі туралы талапты орындамаған немесе уақтылы орындамаған жағдайда;

4) тендерге қатысушы болып танылған әлеуетті жеткізуші белгіленген мерзімде өзінің тендерлік баға ұсынысын тапсырмаған немесе қайтарып алған жағдайда.

8.13. Әлеуетті жеткізуші екі кезеңдік тендер өткізу тәсілімен өткізілетін сатып алудың бірінші кезеңіне қатысса, ол тендерге қатысу туралы өтінімді қамтамасыз ететін кепіл салмайды.

8.14. Тапсырыс беруші/ұйымдастырушы тендерлік өтінімдерді ұсынудың соңғы күні өткенге дейін күнтізбелік үш күннен кешіктірмей өз бастамасы бойынша тендерлік құжаттамаға өзгертулер және/немесе толықтырулар енгізуге құқылы.

8.14-тармақтың екінші абзацына Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

Тапсырыс беруші/ұйымдастырушы тендерлік құжаттамаға өзгертулер және/немесе толықтырулар енгізу туралы шешім қабылданған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей енгізілген өзгертулерді және/немесе толықтыруларды көрсетіп, тендерлік құжаттаманы ДББҰ Интернет ресурсында/ЭСП-да жариялауға міндетті.

Тендерге қатысуға өтінімдерді тапсыру дың шекті мерзімі кем дегенде бес күнтізбелік күнге ұзартылуы тиіс.

8.15-тармаққа Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

8.15. Тендерлік құжаттама әлеуетті жеткізушілерге бекітілген тендерлік құжаттаманы ДББҰ Интернет ресурсында/ЭСП-да орналастыру арқылы ұсынылады.

Тендерлік құжаттаманы ДББҰ Интернет ресурсында/ЭСП-да орналастырғаннан бұрын ұсынуға жол берілмейді.

 

9. Тендер тәсілімен сатып алуды өткізу туралы хабарлама

 9-бөлім Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

 9.1. Тапсырыс беруші/сатып алуды ұйымдастырушы әлеуетті жеткізушілердің тендерлік өтінімдерді ұсынудың соңғы күнінен кем дегенде күнтізбелік 15 (он бес) күн бұрын:

1)      ДББҰ Интернет ресурсында/ЭСП-да тендер тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру туралы хабарландыру мәтінін орналастыруға;

2)     бекітілген тендерлік құжаттаманы ДББҰ Интернет ресурсында/ЭСП-да орналастыруға міндетті.

Мерзім хабарландыру ДББҰ/ЭДП Интернет-ресурсында орналастырылған күннен басталады.

Тендерді қайта өткізген кезде әлеуетті жеткізушілердің тендерлік өтінімдерді ұсыну мерзімі кем дегенде 10 (он) күнтізбелік күнді құрайды.

 

10. Тендерге қатысу туралы өтінімдердің мазмұны, рәсімделуі және ұсынылуы.

 10.1. Әлеуетті жеткізуші тапсырған тендерге қатысу туралы тендерлік өтінім сатып алуды ұйымдастырушыға тендерлік құжаттамада белгіленген мерзімде тапсырылады және әлеуетті жеткізушінің тауарларды жеткізуді, жұмыстарды орындауды, қызметтерді көрсетуді тендерлік құжаттамада белгіленген талаптар мен шарттарға сәйкес жүзеге асыруға келісім бергені болып табылады.

10.2. Әлеуетті жеткізушінің тендерге қатысу туралы тендерлік өтінімі келесі құжаттарды қамтуы тиіс:

1) әлеуетті жеткізушінің тендерге қатысу туралы толтырылған және қол қойылған өтінімі;

2) лицензиялардың нотариалды куәландырылған көшірмелері немесе Қазақстан Республикасының (тендер талаптарымен міндетті лицензиялауға жататын қызметтер көзделген болса) заңнамасында көзделген сатып алынатын тауарларды өндіруге, өңдеуге, жеткізуге және сатуға, жұмыстарды орындауға, қызметтерді көрсетуге арналған әлеуетті жеткізушінің құқығын растайтын электронды құжаттардың және/немесе патенттер түріндегі куәліктер, сертификаттар, рұқсаттар және өзге де құжаттардың қағаз көшірмелері түріндегі лицензиялар;

3) әлеуетті жеткізушінің қолы қойылған және мөрімен (болған жағдайда) бекітілген әлеуетті жеткізушінің техникалық спецификациялары (техникалық тапсырмасы) және тендерлік құжаттаманың техникалық спецификацияларында көзделген талаптарға сәйкес тапсырылатын өзге де құжаттар;

4) тендерлік өтiнiмді қамтамасыз ететін кепілдің салынғанын растайтын құжаттың түпнұсқасы (тендерлiк құжаттамада тендерлік өтiнiмді қамтамасыз ететін кепіл салу көзделген жағдайда);

10.2-тармақтың 5)-тармақшасына Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

5) осы Ережелердің 8.6-тармағында көрсетілген бағалау және салыстыру критерийлерін қолдануын растайтын құжаттар (әлеуетті жеткізуші шартты бағаны төмендетуге әсер ететін критерийлерді қолдануды талап еткен жағдайда);

10.2-тармақтың 6), 7)-тармақшаларына Қамқоршылық кеңестің 7.12.2019 жылғы №8 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

6) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің түпнұсқасы немесе нотариалды куәландырылған көшірмесі немесе ресми интернет дереккөзден алынған (www.e.gov.kz) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы электронды анықтаманың көшірмесі; жеке тұлға үшін – тиісті мемлекеттік орган берген заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру құқығын беретін құжаттың түпнұсқасы немесе нотариалды куәландырылған көшірмесі немесе ресми интернет дереккөзден алынған (www.e.gov.kz) құжаттың көшірмесі;

7) заңды тұлға үшін - құрылтайшылар туралы мәліметтерді қамтитын құжат: заңда белгіленген тәртіппен бекітілген жарғының түпнұсқасы немесе нотариалды куәландырылған көшірмесі; тендерлік өтінімдерді ашқанға дейін 30 (отыз) күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде берілген акционерлердің тізілімінен үзіндінің түпнұсқасы немесе нотариалды куәландырылған көшірмесі. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік қатысушыларының тізілімін жүргізген жағдайда серіктестік қатысушыларының тізілімінен үзіндінің түпнұсқасы немесе нотариальды куәландырылған көшірмесін ұсыну керек. Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмайтын заңды тұлғалар сауда тізілімінен үзіндінің түпнұсқасын немесе қазақ және/немесе орыс тілдеріне аударылған нотариалды куәландырылған көшірмесін тапсырады;

8) заңды тұлға үшін - әлеуетті жеткізушінің– бірінші басшысын (ол өзі тартатын қосалқы мердігерді (бірігіп орындаушыны) тағайындау (сайлау) туралы құжаттың түпнұсқасы немесе нотариалды куәландырылған көшірмесі;

10.2-тармақтың 9)-тармақшасына Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

10.2-тармақтың 9) және 10)-тармақшаларына Қамқоршылық кеңестің 7.12.2019 жылғы №8 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

9) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының қаулысымен бекітілген екінші деңгейдегі банктердегі және ипотекалық компаниялардағы бухгалтерлік есеп шоттарының үлгі жоспарына сәйкес банк немесе банк филиалы алдындағы әлеуетті жеткізушінің анықтама берілген күннің алдындағы үш айдан астам мерзімі өткен берешегінің жоқтығы туралы әлеуетті жеткізушіге қызмет көрсететін банктің немесе банк филиалының анықтамасының түпнұсқасы. Әлеуетті жеткізуші екінші деңгейдегі бірнеше банктің немесе оның филиалдарының, сондай-ақ шетелдік банктің клиенті болып табылса, аталған анықтама банктердің әрқайсысынан тапсырылады. Анықтама тендерлік өтінімдер салынған конверттерді ашу күніне дейінгі бір айдың ішінде тапсырылуы тиіс;

10) есеп мемлекеттік кірістер органдарында жүргізілетін берешектің болмауы (болуы) туралы (төлеу мерзімі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кейінге қалдырылған жағдайларды қоспағанда) немесе салық берешегінің және міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша бір теңгеден кем берешегінің болуы (болмауы) туралы тендерлік өтінімдер салынған конверттерді ашу күніне дейінгі бір ай ішінде берілген мәліметтердің түпнұсқасы (электрондық құжат);

11) біліктілік туралы мәліметтердің түпнұсқасы;

12)  әлеуетті жеткізушінің және/немесе оның қосалқы мердігерлерінің (бірлесіп орындаушыларының) біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттар;

13) жұмыстарды орындайтын қосалқы мердігерлер (қызметтер көрсету жағдайында бірлесіп орындаушылар) тізімі мен жұмыстар мен қызметтердің барлық көлемнің үштен екі бөлігінен аспауға тиісті қосалқы мердігерлікке (бірлесіп орындауға) берілетін жұмыстар мен қызметтердің көлемі (әлеуетті жеткізуші жұмыстарды орындауға немесе қызметтерді көрсетуге қосалқы мердігерлерді (бірлесіп орындаушыларды) тартуды көздеген жағдайда);

14)  әлеуетті жеткізушінің жарғысына сәйкес әлеуетті жеткізушінің атынан сенімхатсыз әрекет етуге құқығы бар әлеуетті жеткізушінің бірінші басшысын қоспағанда, әлеуетті жеткізушінің мүдделеріне өкілдік ететін тұлғаға (тұлғаларға) тендерлік өтінімге қол қою құқығын беретін сенімхаттың түпнұсқасы.

10.3-тармақ Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес жаңа редакцияда жазылды.

10.3. Тендерге заңды тұлғалардың уақытша бірлестігі (консорциум) қатысқан жағдайда, мұндай бірлестік (консорциум) келесі құжаттарды тапсыруы тиіс:

- Ережелердің 10.2-тармағының 1), 3), 4)-тармақшаларында белгіленген құжаттар;

- Ережелердің 10.2-тармағының 5)-тармақшасында белгіленген құжаттарды консорциум туралы келісімде белгіленген заңды тұлғалардың уақытша бірлестігінің (консорциумның) басшысы ғана тапсырады. Бағаның шартты төмендеуіне әсер ететін критерийлерді есептеу консорциум туралы келісімде белгіленген заңды тұлғалардың уақытша бірлестігінің (консорциумның) көшбасшысына қатысты қолданылады;

- бірлестіктің (консорциумның) әрбір қатысушысына Ережелердің 10.2-тармағының 6)-11)-тармақшаларында белгіленген құжаттар;

- консорциум туралы келісімнің нотариалды куәландырған көшірмесі. Алайда, консорциум құру туралы келісімде консорциумның барлық мүшелерінің ортақ жауапкершілігі, сондай-ақ бірлестіктің әрбір мүшесінің (қатысушының) қызметі ескерілуі тиіс;

- бірлескен шаруашылық қызметі туралы шартта көзделген қызмет бөлігінде тауарды жеткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету құқығына тиісті лицензиялардың немесе электрондық құжаттың қағаз көшірмесі түріндегі лицензияның нотариалды куәландырған көшірмелері;

10.4. Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмайтын әлеуетті жеткізуші Қазақстан Республикасының резиденттері тапсыратын құжаттарды немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тендерлік құжаттама тіліне нотариалды куәландырған аудармасы жасалған ұқсас мәліметтерді қамтитын құжаттарды тапсырады.

10.5. Тендерлік өтінімнің мерзімі тендерлік құжаттамада белгіленген мерзімге сәйкес келуі тиіс.

10.6. Мерзімі тендерлік құжаттамада көрсетілген мерзімнен қысқа тендерлік өтінім қабылданбайды.

10.7-тармаққа Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

10.7. Тендерлік өтінімді әлеуетті жеткізуші тендерлік құжаттамада көрсетілген өтінімдерді тапсырудың шекті мерзімі аяқталғанға дейін желімделген конвертте ұсынады. Тендерлік өтінім тігілген, беттері немесе парақтары нөмірленген болуы керек, соңғы беті немесе парағы әлеуетті жеткізушінің қолымен және мөрімен (бар болған жағдайда) куәландырылуы тиіс.

Мөрмен (бар болған жағдайда) куаландырылған техникалық спецификация тігілген, беттері немесе парақтары нөмірленген, соңғы беті немесе парағы әлеуетті жеткізушінің қолымен және мөрімен (бар болған жағдайда) бекітілген түрде беріледі және тендерлік өтінімді қамтамасыз ететін кепілдің салынғанын растайтын құжаттың түпнұсқасы бөлек қоса беріледі. Бұл ретте техникалық спецификацияны және тендерлік өтінімге қоса тігілген тендерлік өтінімді қамтамасыз ететін кепілдің салынғанын растайтын құжаттың түпнұсқасын тапсыру оны қабылдамауға негіз болып табылмайды.

Тендерге қатысу туралы өтінімге бірге тігілген тендерлік өтiнiмдi қамтамасыз ететін кепіл салуды растайтын құжаттың түпнұсқасы тапсырылған жағдайда, ол құжаттың түпнұсқасы әлеуетті жеткізушіге қайтарылмайды.

10.8. Тендерлік өтінім салынған желімделген конверттің беткі жағында әлеуетті жеткізуші келесі ақпаратты көрсету керек:

· әлеуетті жеткізушінің атауы және пошталық мекен-жайы;

· сатып алуды ұйымдастырушының тендерлік құжаттамада көрсетілген мәліметтерге сәйкес келуге тиісті атауы мен пошталық мекен-жайы;

· қатысу үшін әлеуетті жеткізушінің тендерлік өтінімі ұсынылатын тендердің (лоттың) атауы.

10.9. Тендерлік өтінімдер салынған конверттер немесе тендерлік өтінімнің құрамдас бөлігі болып табылатын құжаттар және/немесе материалдар өтінімдер салынған конверттерді тапсыру мерзімі өткеннен кейін, сондай-ақ тендерлік құжаттамамен белгіленген рәсімдеу тәртібі бұзылып ұсынылған өтінімдер салынған конверттер қабылданбайды.

10.10. Тапсырыс беруші/ұйымдастырушы тендерлік өтінімдер салынған конверттерді белгіленген мерзім аяқталғанға дейін ұсынған әлеуетті жеткізушілер туралы мәліметтерді тендерлік өтінімдерді тіркеу журналына хронологиялық тәртіпте енгізеді.

10.11. Әлеуетті жеткізуші тендерлік өтінімдерді тапсыру мерзімі аяқталғанша:

1) тапсырылған тендерлік өтінімді өзгертуге және/немесе толықтыруға;

2) тендерлік өтінімді қамтамасыз етуге салынған кепілді қайтарып алу құқығын жоғалтпай, өзінің тендерлік өтінімін қайтарып алуға құқылы.

10.12. Тендерлік өтінімге өзгертулер және/немесе толықтырулар енгізу үшін әлеуетті жеткізушінің тапсырыс берушінің/сатып алуды ұйымдастырушының атына еркін нысандағы жазбаша өтініші қажет.

Тендерлік комиссияның хатшысы тендерлік өтінімді қайтарады, ақпаратты тендерлік өтінімдерді тіркеу журналында көрсетеді.

Бұл ретте өзгертулер және/немесе толықтырулар енгізілген тендерлік өтінім белгіленген мерзімде тапсырылуы және тендерлік өтінім барлық белгіленген талаптарға сәйкес келуі тиіс.

Әлеуетті жеткізушінің тендерлік өтінімін қайтарып алу тапсырыс берушінің/сатып алуды ұйымдастырушының атына еркін нысанда жазбаша өтініш жолдау арқылы рәсімделеді.

10.13-тармаққа Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

10.13. Әлеуетті жеткізуші ұйымдастырушыға алдын ала рұқсат беру хаттамасында көрсетілген тендерлік комиссияның ескертулері бойынша тендерлік өтінімге толықтырулар ұсынатын жағдайды қоспағанда, әлеуетті жеткізушінің тендерлік өтінімді тапсыру мерзімі өткеннен кейін тендерлік өтінімді қайтарып алу сияқты өзгертулер және/немесе толықтыруларды енгізуге жол берілмейді.

10.14. Әлеуетті жеткізуші оның тендер тәсілімен сатып алуға қатысуына байланысты барлық шығындарды өзі көтереді. Тапсырыс беруші және/немесе ұйымдастырушы (тендерлік комиссия, сараптау комиссиясы, сарапшы) тендер тәсілімен сатып алу қорытындыларына қарамастан, осы шығындарды өтеу жөніндегі міндеттемелерді көтермейді.

10.15-тармақ Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес толықтырылды.

10.15. Электрондық сатып алу жүзеге асырылған жағдайда, Ережелердің 10-бөлімінде көзделген құжаттарды әлеуетті жеткізуші ЭСП-ға электрондық және/немесе сканерленген түрде (PDF форматы) орналастырады және әріптік, цифрлық және өзге де таңбалармен сәйкестендірілуі, сондай-ақ басқа да көру құралдарымен ашылуы тиіс.

Әріптік, цифрлық және өзге де таңбалармен сәйкестендірілмейтін, сондай-ақ файлды ашу қатесімен тапсырылған құжаттардың электрондық көшірмелері тапсырылмаған және қарауға қабылданбаған болып саналады.

 

11. Тендерлік өтінімдерді ашу

11.1 – 11.8-тармақтаға Қамқоршылық кеңестің 7.12.2019 жылғы №8 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

11.1. Тендерлік комиссия тендерлік өтінімдерді тендерлік құжаттамада көрсетілген күні, уақытта және орында ашады.

Электрондық сатып алу жүзеге асырылған жағдайда, тендерлік өтінімдер салынған конверттер автоматты түрде ЭСП арқылы ашылады.

11.2. Тендер тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру туралы хабарландыруда және тендерлік құжаттамада белгіленген мерзімде тапсырылған тендерлік өтінімдер ашылуға жатады.

Электрондық сатып алу жүзеге асырылған жағдайда, әлеуетті жеткізушілердің ЭСП-ға мерзімінде тапсырылған барлық тендерлік өтінімдері ашылуға жатады.

11.3-тармаққа Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

11.3. Тендерлік комиссияның төрағасымен анықталған тұлға тендерлік өтінімдерді ашып, тендерлік өтінімдердегі құжаттардың тізімін жариялайды (электрондық сатып алу жүзеге асырылған жағдайда қолданылмайды).

11.4-тармаққа Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

11.4. Аталған тендерлік комиссия отырысы өткен күннен кейін 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей сатып алуды ұйымдастырушы ДББҰ Интернет-ресурсында тендерлік өтінімдерді ашу хаттамасының қол қойылған мәтінін жариялайды. Электрондық сатып алу жүзеге асырылған жағдайда, өтінімдерді ашу хаттамасы ЭСП-да құрастырылады.

11.5. Әлеуетті жеткізушілер немесе олардың уәкілетті өкілдері тендерлік комиссияның тендерлік өтінімдерді ашу отырыстарына қатысуға құқылы (электрондық сатып алу жүзеге асырылған жағдайда қолданылмайды).

11.6. Өтінімдерді ашу хаттамасының көшірмесі әлеуетті жеткізушінің немесе оның уәкілетті өкілінің сұрауы бойынша сұрау түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей беріледі.

11.7. Тендерлік өтінімдер болмаған жағдайда, тендерлік өтінімдерді ашу хаттамасы рәсімделмейді (тендерлік өтінімдердің болмауы туралы ақпарат көрсетіліп, қорытындылар туралы хаттама рәсімделеді).

11.8. Тендерлік өтінімдерді тапсырудың шекті мерзімі мен тендерлік өтінімдерді ашу арасындағы кезең екі сағаттан аспауы тиіс.

11.9-тармаққа Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

11.9. Тендерге (лотқа) тендерге қатысу туралы бір ғана өтінім тапсырылған жағдайда, сол тендерге қатысу туралы өтінім де ашылып, қарастырылады.

 

12. Тендерлік өтінімдерді қарастыру, алдын ала рұқсат беру,

тендерге қатысуға рұқсат беру

12.1. Тендерге қатысу туралы өтінімдерді қарастыру тендерлік комиссиямен біліктілік талаптарына және тендерлік құжаттама талаптарына сәйкес келетін әлеуетті жеткізушілерді анықтау мақсатында жүзеге асырылады.

Тендерлік комиссия біліктілік талаптарына және тендерлік құжаттама талаптарына сәйкес келмейтін әлеуетті жеткізушілерді анықтаған жағдайда тендерге қатысуға алдын ала рұқсат беру хаттамасы рәсімделеді.

Барлық әлеуетті жеткізушілер біліктілік талаптарына және тендерлік құжаттама талаптарына сәйкес келген жағдайда, тендерге қатысуға алдын ала рұқсат беру хаттамасы рәсімделмейді.

12.2. Тендерлік комиссия әлеуетті жеткізушінің біліктілік талаптарына және тендерлік құжаттама талаптарына сәйкес келмейтінін анықтаған жағдайда мұндай әлеуетті жеткізушілерге алдын ала рұқсат беру хаттамасы ДББҰ Интернет ресурсында/ЭСП-да орналастырылған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде тендерлік өтінімдерді біліктілік талаптарына және тендерлік құжаттама талаптарына сәйкес келтіру құқығын береді.

12.3. Осы Ережелердің 3.4., 8.9-тармақтарын бұзған әлеуетті жеткізушілерге тендерлік комиссияның ескертулерін жою құқығы берілмейді.

12.4-тармаққа Қамқоршылық кеңестің 13.12.2019 жылғы №8 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

12.4. Тендерлік комиссияның әлеуетті жеткізушілерге тендерге қатысуға алдын ала рұқсат беру туралы шешімі тендерлік өтінімдер ашылған күннен бастап 10 (он) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қабылданады. Күрделі техникалық сипаттамалары мен спецификациялары бар тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алу жүзеге асырылған жағдайда, тендерлік комиссия өтінімдерді тендерлік өтінімдер ашылған күннен бастап 20 (жиырма) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қарайды. Содан кейін алдын ала рұқсат беру хаттамасы тендерге қатысуға алдын ала рұқсат беру хаттамасына қол қойылған күннен кейінгі 1 (бір) жұмыс күнінен кешіктірілмей ДББҰ Интернет порталында/ЭСП-да орналастырылады.

12.5. Тендерге қатысуға алдын ала рұқсат беру хаттамасына тендерлік комиссияның төрағасы, төрағаның орынбасары және барлық мүшелері, сондай-ақ тендерлік комиссияның хатшысы тендерге қатысуға алдын ала рұқсат беру туралы шешім қабылданған күні қол қояды.

12.6. Әлеуетті жеткізуші ұйымдастырушыға тендерлік комиссияның ескертулері бойынша тендерлік өтінімді тапсыратын кезде қойылатын талаптарға сәйкес рәсімделген тендерлік өтінімге толықтыруларды алдын ала рұқсат беру хаттамасында көрсетілген мерзім аралығында тапсырады.

12.7-тармаққа Қамқоршылық кеңестің 13.12.2019 жылғы №8 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

12.7. Толықтыруларды ашуды тендерлік комиссия алдын ала рұқсат беру хаттамасында көрсетілген мерзімде жүзеге асырады. Толықтыруларды тапсырған әлеуетті жеткізуші және/немесе оның уәкілетті өкілі тендерлік өтінімдерге толықтыруларды ашуға қатыса алады. Электрондық сатып алу жүзеге асырылған жағдайда, тендерге қатысуға алдын ала рұқсат беру хаттамасында көрсетілген толықтыруларды ашу ЭСП арқылы жүзеге асырылады.

12.8. Толықтырулар салынған конверттерді тапсырудың шекті мерзімі мен оларды ашу арасындағы кезең екі сағаттан аспауға тиіс.

12.9. Алдын ала рұқсат барысында біліктілік талаптарына және тендерлік құжаттама талаптарына сәйкес келмейді деп анықталған әлеуетті жеткізуші өтінімдерді қайта қарау мақсатында тендерлік комиссияға тендерге қатысуға алдын ала рұқсат хаттамасында көрсетілген сәйкес келмеген құжаттар, мәліметтер және өзге де растамаларды ғана тапсырады.

12.10. Тендерлік комиссия толықтыруларды ашқаннан кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде тендерге қатысуға алдын ала рұқсат беру хаттамасында көрсетілген әлеуетті жеткізушілердің тендерге қатысуға арналған өтінімдерін тендерге қатысуға алдын ала рұқсат беру хаттамасында көрсетілген құжаттар, мәліметтер және сәйкес келмейтін өзге де растамалар бойынша олардың біліктілік талаптарына және тендерлік құжаттама талаптарына толық сәйкестігі тұрғысынан қайта қарайды.

12.11. Тендерлік комиссияның өтінімдерді қарау кезіндегі құқықтары:

1)         әлеуетті жеткізушілерден өтінімдерді қарау, бағалау және салыстыру үшін қажетті материалдар мен түсіндірмелерді сұрау;

2)         өтінімдердегі мәліметтерді нақтылау мақсатында тиісті мемлекеттік органдардан, жеке және заңды тұлғалардан қажетті ақпаратты сұрату.

Тендерлік комиссия өтінімдерде қамтылған мәліметтерді нақтылау мақсатында тиісті мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғаларға сұрау жолдаған жағдайда, өтінімдерді қарау мерзімі 15 күнтізбелік күнге ұзартылуы мүмкін.

Тендерлік комиссияға тендерге қатысуға өтінімдерді қайта қарау кезінде әлеуетті жеткізушілерді тендерге қатысуға алдын ала рұқсат беру хаттамасында көзделмеген негіздемелер бойынша қабылдамауға жол берілмейді.

12.12. Тендерлік комиссия келесі жағдайларда өтінімді қабылдамайды:

1) тендерлік өтінім тендерлік құжаттаманың талаптарына сәйкес келмейді деп танылған жағдайда;

2) әлеуетті жеткізуші біліктілік талаптарына сай келмейді деп танылған жағдайда;

3) әлеуетті жеткізуші тендерде (лотта) тендерлік өтінім тапсырған басқа әлеуетті жеткізушінің үлестес тұлғасы болып табылса;

4) әлеуетті жеткізуші және/немесе оның қосалқы мердігері (бірлесіп орындаушысы) жосықсыз әлеуетті жеткізушілердің (жеткізушілердің) бірыңғай тізілімінде болса;

5) жеткізуші және/немесе оның қосалқы мердігері (бірлесіп орындаушысы) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінде болса;

6) әлеуетті жеткізуші күмәнді ақпарат берген жағдайда.

12.13. Тендерлік өтінімде қате, жаңылыс басу, қате жазу (тапсырылған бағаны (жеңілдіктерді), техникалық спецификацияны, тендерлік өтінімді қамтамасыз ететін кепілдің салынғанын растайтын құжатты қоспағанда) болғаны үшін тендерлік өтінімді қабылдамауға жол берілмейді.

12.14. Тендерлік өтінімдерді қарау нәтижелері бойынша тендерлік комиссия:

1) тендерлік құжаттаманың біліктілік және өзге де талаптарына сәйкес келетін әлеуетті жеткізушілерді анықтайды және тендерге қатысушылар деп таниды;

2) 1 (бір) әлеуетті жеткізуші тендерге қатысушы болып танылған жағдайды қоспағанда, оларға әлеуетті жеткізуші өлшемдерінің, бағасының шартты төмендеуінің салыстырмалы мәндерін қолданады;

3) тендерге қатысуға рұқсат беру туралы хаттаманы рәсімдейді.

12.15. Тендерге қатысуға рұқсат беру туралы хаттамаға тендерлік комиссияның құрамы, сондай-ақ тендерлік комиссияның хатшысы әлеуетті жеткізушілерді тендерге қатысуға рұқсат беру (тендерге қатысушылар деп тану) туралы шешім қабылданған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірмей қол қояды.

12.6-тармаққа Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

12.16. Тапсырыс беруші/сатып алуды ұйымдастырушы тендерге қатысуға рұқсат беру туралы хаттамаға қол қойылған күннен кейін бір жұмыс күнінен кешіктірмей қол қойылған хаттаманың мәтінін ДББҰ Интернет ресурсында/ЭСП-да орналастыруға міндетті.

12.17-тармаққа Қамқоршылық кеңестің 13.12.2019 жылғы №8 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

12.17. Тендерлік өтінімдер болмаған жағдайда, тендерге қатысуға рұқсат беру туралы хаттама рәсімделмейді (тендерлік өтінімдердің болмауы туралы ақпаратты көрсетіп, қорытындылар туралы хаттама рәсімделеді).

 

13. Тендерлік баға ұсыныстарын бағалау, салыстыру

және тендер қорытындысын шығару

13.1 – 13.4-тармақтарға Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

13.1. Тендерлік комиссияның тендерлік баға ұсыныстарын бағалау және салыстыру отырысы тендерге қатысуға рұқсат беру туралы хаттамада көрсетілген күні, уақытта және жерде, бірақ тендерге қатысуға рұқсат беру туралы хаттаманы ДББҰ Интернет ресурсында орналастырған күннен 3 (үш) жұмыс күнінен ерте болмайтын мерзімде жүргізіледі.

13.2. Тендерлік комиссияның тендерлік баға ұсыныстарын бағалау және салыстыру отырысына тендерге қатысушылар және/немесе олардың уәкілетті өкілдері қатысуға құқылы (электрондық сатып алу жүзеге асырылған жағдайда қолданылмайды).

13.3. Тендерге қатысушылар тендерге қатысуға рұқсат беру туралы хаттамада көрсетілген мерзімнен кешіктірмей ұйымдастырушыға тендерлік баға ұсыныстарын тапсырады.

13.4. Ұйымдастырушы шекті мерзімі өткеннен кейін тапсырылған тендерлік баға ұсыныстарын қабылдамайды.

13.5. Тендерге қатысушының бірден артық тендерлік баға ұсынысын тапсыруына, сондай-ақ тендерлік баға ұсынысын қайтарып алуына немесе тапсырылған тендерлік баға ұсынысына өзгертулер және/немесе толықтырулар енгізуіне жол берілмейді.

13.6 – 13.7-тармақтарға Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

13.6. Тендерлік комиссияның хатшысы тіркеу журналына тендерге қатысуға рұқсат беру туралы хаттамада белгіленген мерзім өткенге дейін тендерлік баға ұсыныстары салынған конверттерді тапсырған тендерге қатысушылар туралы мәліметтерді хронологиялық тәртіппен енгізеді (электрондық сатып алу жүзеге асырылған жағдайда қолданылмайды).

13.7. Тендерлік комиссия тендерге қатысушылардың және/немесе олардың уәкілетті өкілдерінің көзінше тендерлік баға ұсыныстары салынған конверттерді ашады және оларға әрбір тендерлік баға ұсынысын жариялайды. Электрондық сатып алу жүзеге асырылған жағдайда тендерге қатысушылардың тендерлік баға ұсыныстары ЭСП-да ашылады.

13.8. Әлеуетті жеткізушілердің уәкілетті өкілдері тендерлік баға ұсыныстарында әлеуетті жеткізушілер мәлімдеген бағалар мен жеңілдіктер жарияланғаннан кейін тиісті тендерлік баға ұсыныстарына қол қойып, басқа әлеуетті жеткізушілер мәлімдеген бағалар мен жеңілдіктермен (бар болса) танысуға құқылы.

13.9. Тендерлік комиссия келесі жағдайларда тендерге қатысушылардың тендерлік баға ұсыныстарынан бас тартады:

1) әлеуетті жеткізушінің тендерлік баға ұсынысы сатып алуға бөлінген сомадан асып кетсе;

2) тендерлік баға ұсынысының бағасы демпингтік болып табылса;

3) әлеуетті жеткізушінің тендерлік баға ұсынысы тендерлік құжаттаманың талаптарына сәйкес келмесе.

13.10. Тендерлік баға ұсынысы келесі жағдайларда демпингтік болып танылады:

1) құрылыс-монтаждау жұмыстарына және жобалау-іздестіру жұмыстарына арналған тендерлік баға ұсынысы, егер ол тендерлік құжаттамада көзделген сомадан 10 (он) пайыздан астам төмен болса, демпингтік болып танылады;

2) консультациялық қызметтерге тендерлік баға ұсынысы, ол тендерлік құжаттамада сатып алуға көзделген сомадан аспайтын, барлық тапсырылған баға ұсыныстарының орташа арифметикалық бағасынан 15 (он бес) пайыздан асатын сомаға төмен болса, ол демпингтік болып танылады;

3) оқушыларды (мектеп жасына дейінгі балаларды) тамақпен қамтамасыз ету қызметтеріне тендерлік баға ұсынысы, ол тендерлік құжаттамада сатып алуға көзделген сомадан 10 (он) пайыздан асатын сомаға төмен болса, ол демпингтік болып танылады;

4) осы тармақтың 1)-тармақшасында көрсетілмеген жұмыстарға, осы тармақтың 2) және 3)-тармақшаларында көрсетілмеген қызметтерге тендерлік баға ұсынысы, ол тендерлік құжаттамада сатып алуға көзделген сомадан аспайтын барлық тапсырылған тендерлік баға ұсыныстарының орташа арифметикалық бағасынан 15 (он бес) пайыздан асатын сомаға төмен болса, ол демпингтік болып танылады.

13.11. Тендер жеңімпазы тендерлік құжаттамада қамтылған критерийлерді қолданып есептелетін ең төмен шартты баға негізінде анықталады.

Салыстыру және бағалау қорытындылары бойынша екінші орын алған әлеуетті жеткізуші тендерлік құжаттамада қамтылған критерийлерді қолданып есептелетін ең төмен шартты бағадан кейінгі баға негізінде анықталады.

13.12.  Тендерлік баға ұсыныстарының шартты бағалары тең болған кезде тендер нысаны болып табылатын сатып алынатын тауарлар нарығында жұмыс тәжірибесі көбірек әлеуетті жеткізуші жеңімпаз (немесе салыстыру және бағалау қорытындылары бойынша екінші орын алған әлеуетті жеткізуші) болып танылады.

Тендерлік баға ұсыныстарының шартты бағалары тең болған және сатып алынатын тауарлар нарығындағы жұмыс тәжірибесі бірдей болған кезде (немесе әлеуетті жеткізушілер тапсырған құжаттардың негізінде жұмыс тәжірибесін айқындау мүмкін болмаған жағдайда) тендерлік өтінімді бірінші болып тапсырған әлеуетті жеткізуші жеңімпаз (немесе салыстыру және бағалау қорытындылары бойынша екінші орын алған әлеуетті жеткізуші) болып танылады.

13.13. Тендерлік баға ұсыныстарының шартты бағалары тең болған кезде тендер нысаны болып табылатын сатып алынатын тауарлар нарығында жұмыс тәжірибесі көбірек әлеуетті жеткізуші жеңімпаз (немесе салыстыру және бағалау қорытындылары бойынша екінші орын алған әлеуетті жеткізуші) болып танылады.

Тендерлік баға ұсыныстарының шартты бағалары тең болған және сатып алынатын жұмыстар немесе қызметтер нарығындағы жұмыс тәжірибесі бірдей болған кезде (немесе әлеуетті жеткізушілер тапсырған құжаттардың негізінде жұмыс тәжірибесін анықтау мүмкін болмаған жағдайда) жұмыстар мен қызметтерді орындау жүзеге асырылатын әкімшілік-аумақтық салада ұқсас жұмыстар мен қызметтерді орындауда тәжірибесі көбірек әлеуетті жеткізуші жеңімпаз (немесе салыстыру және бағалау қорытындылары бойынша екінші орын алған әлеуетті жеткізуші) болып танылады.

Тендерлік баға ұсыныстарының шартты бағалары тең болған кезде, сатып алынатын жұмыстар мен қызметтер нарығындағы жұмыс тәжірибесін, сондай-ақ әкімшілік-аумақтық саладағы жұмыстар мен қызметтерді орындау жүзеге асырылатын ұқсас жұмыстар мен қызметтер тәжірибесін ескеріп тендерлік өтінімді бірінші болып тапсырған әлеуетті жеткізуші жеңімпаз (немесе салыстыру мен бағалау қорытындылары бойынша екінші орын алған әлеуетті жеткізуші) болып танылады.

13.14 – 13.15-тармақтар Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес жаңа редакцияда жазылды.

13.14. Тендер қорытындылары хаттамамен рәсімделеді. Тапсырыс беруші/ұйымдастырушы тендердің қорытындылары туралы хаттамаға қол қойылған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей оны ДББҰ Интернет порталында/ЭСП-да орналастырады.

13.15. Тендер келесі жағдайларда тендерлік комиссиямен өтпеген болып танылады:

1) тендерге қатысуға тапсырылған тендерлік өтінімдердің болмауы;

2) тендерге қатысуға екіден аз тендерлік өтінімнің тапсырылуы;

3) тендерге қатысуға бірде-бір әлеуетті жеткізушінің жіберілмеуі;

4) тендерге қатысуға бір ғана әлеуетті жеткізушінің жіберілуі;

5) жеңімпаз бен екінші орын алған әлеуетті жеткізушінің шарт бекітуден бас тартуы;

6) тендер жеңімпазының немесе екінші орын алған әлеуетті жеткізушінің банк кепілдігін немесе шарттың орындалуын қамтамасыз ететін өзге де кепілді салмауы;

13.15-тармақтың 7)-тармақшасы Қамқоршылық кеңестің 7.12.2019 жылғы №8 шешіміне сәйкес толықтырылды.

7) екеуден аз тендерлік баға ұсынысын тапсыру.

13.16. Тендер тәсілімен сатып алу өтпеген болып танылса, тендерлік комиссия келесі шешімдердің бірін қабылдауға құқылы:

1)         тендер тәсілімен сатып алуды қайта өткізу туралы;

2)         тендерлік құжаттаманы өзгерту және тендер тәсілімен сатып алуды қайта өткізу туралы;

3)         сатып алуды бір көзден алу тәсілімен жүзеге асыру туралы.

13.17. Сатып алу шартында алғытөлем (алдын ала төлем) жасау көзделген болса, Тапсырыс беруші/ұйымдастырушы тендер жеңімпазының (сатып алу шарты бекітілген күннен бастап 10 (он) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде) жеткізушінің шарт бойынша міндеттемелері толық орындалғанға дейін алғытөлем (алдын ала төлем) сомасына банк кепілдігін немесе қамтамасыз ететін өзге кепілді салуын көздеуге құқылы.

Көзделген банк кепілдігі немесе қамтамасыз ететін өзге кепіл белгіленген мерзімде тапсырылмаған жағдайда, Тапсырыс беруші алғытөлемді (алдын ала төлемді) жасамайды.

13.18. Тендер жеңімпазы болып анықталған әлеуетті жеткізуші Тапсырыс берушіге белгіленген мерзімде қол қойылған сатып алу шартын тапсырмаса, Тапсырыс беруші салыстыру және бағалау қорытындылары бойынша екінші орын алған әлеуетті жеткізушімен сатып алу шартын бекітуге құқылы.   

13.19. Тапсырыс беруші/сатып алуды ұйымдастырушы тендерлік өтінімді тапсырған әлеуетті жеткізушінің жазбаша сұрауын алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей оған тиісті тендер қорытындылары туралы хаттаманың көшірмесін ақысыз негізде беруге тиіс.

Өткізілген тендерде оның қорытындыларына (тендер жеңімпазын анықтауға) әсер еткен бұзушылықтар анықталған жағдайда, тендерлік комиссия шарт бекітілген кезге дейін тендер қорытындысының күшін жоюға міндетті, бұл ретте тендер қайта өткізілуге тиіс.

13.20 – 13.24-тармақтар Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес толықтырылды.

13.20-тармаққа Қамқоршылық кеңестің 13.12.2019 жылғы №8 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

13.20. Тендер тәсілімен өткізілген электрондық сатып алудың жеңімпазы болып танылған әлеуетті жеткізуші ЭСП-да тендердің қорытындылары туралы хаттама жарияланған күннен бастап 5 (бес) күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде сатып алуды ұйымдастырушыға салыстыру рәсімін жүзеге асыру мақсатында Ережелердің 10.15-тармағына сәйкес ЭСП-ға жүктелген құжаттарды қоса, өтінімнің түпнұсқасын тапсыруға міндетті.

Осы Ережелердің 13.18-тармағында көзделген жағдай туындаған кезде екінші орын алған әлеуетті жеткізуші шарт бекітуге дейін ұйымдастырушының талабы бойынша сатып алуды ұйымдастырушыға салыстыру рәсімін жүзеге асыру мақсатында Ережелердің 10.15-тармағына сәйкес ЭСП-ға жүктелген құжаттарды қоса, өтінімнің түпнұсқасын тапсыруға міндетті.

            Өтінімдердің түпнұсқалары Ережелердің 10-бөлімінің талаптарына сәйкес тапсырылады.

13.21.  Ережелердің 10-бөлімінде көзделген құжаттармен қоса тапсырылған өтінімнің түпнұсқасын тендерлік комиссия олардың жеңімпаз және екінші орын алған әлеуетті жеткізуші тапсырған ЭСП-дағы өтінімнің құрамындағы электрондық және/немесе сканерленген құжаттарға сәйкестігі тұрғысынан өтінімнің түпнұсқасын тапсыру мерзімі өткен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қарастырады.

13.22.  Сатып алу жеңімпазы немесе екінші орын алған әлеуетті жеткізуші белгіленген мерзімде Ережелердің 10-бөлімінде көзделген қосымшалармен бірге өтінімнің түпнұсқасын тапсырмаған жағдайда, мұндай әлеуетті жеткізуші сатып алу шартын бекітуден бас тартқан болып танылады.

13.23.  ЭСП-ға жүктелген құжаттарды сатып алу жеңімпазы мен екінші орын алған әлеуетті жеткізуші тапсырған тендерлік өтінімдердің түпнұсқалары мен оларға қоса тапсырылған құжаттармен салыстыру рәсімінің қорытындылары бойынша тендерлік комиссияның хатшысы салыстыру хаттамасын рәсімдейді, оған тендерлік комиссияның мүшелері мен хатшысы қол қойып, оған қол қойылған күннен бастап оны 1 (бір) жұмыс күнінен кешіктірмей ЭСП-да жариялайды.

13.24.  Салыстыру рәсімін жүзеге асыру мақсатында тапсырылған өтінімдердің түпнұсқалары сатып алуды ұйымдастырушыда қалады.

 

14. Екі кезеңнен тұратын тендер арқылы сатып алу

14.1. Тендер келесі жағдайларда екі кезеңнен тұратын рәсімді қолданып өткізіле алады:

1)        сатып алынатын тауарлар, жұмыстар және қызметтердің техникалық сипаттамалары мен спецификациясын тұжырымдау қиын болған кезде;

2)        талап-тілектерді қанағаттандырудың ықтимал жолдарымен танысып, олардың ең тиімдісін таңдау қажет болған кезде;

3)      тендердің бірінші кезеңінде тендердің екінші кезеңінде тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алу жүзеге асырылатын тендерге қатысушылардың тізімін жасау орынды болған кезде.

14.2-тармаққа Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

14.2. Екі кезеңнен тұратын тендер тәсілімен сатып алу рәсімі келесі жүйелі іс-шараларды өткізуді көздейді:

1) бірінші кезеңде жүзеге асырылатын іс-шаралар:

- Тапсырыс берушінің/сатып алуды ұйымдастырушының тауарлар, жұмыстар жне қызметтерді сатып алуды екі кезеңнен тұратын тендер тәсілімен өткізу туралы шешім қабылдауы, қажет болған жағдайда сараптау комиссиясының (сарапшының) құрамын бекіту, тендерлік комиссияның хатшысын анықтау, тендерлік құжаттаманы бекіту;

- ДББҰ Интернет ресурсында/ЭСП-да сатып алуды екі кезеңнен тұратын тендер тәсілімен өткізу туралы хабарландыруды орналастыру;

- тендерлік құжаттаманы ДББҰ Интернет ресурсында/ ЭСП-да орналастыру, тендерлік құжаттаманы әлеуетті жеткізушілерге табыстау және тендерлік құжаттаманы алған әлеуетті жеткізушілерді тендерлік құжаттаманы алған әлеуетті жеткізушілерді тіркеу журналында тіркеу;

- тендерлік комиссия хатшысының екі кезеңнен тұратын тендерге қатысушыларды тіркеу журналына, екі кезеңнен тұратын тендерге қатысуға әлеуетті жеткізушілердің тендерлік өтінімдерін, сондай-ақ тендердің бірінші кезеңіне қатысуға тендерлік өтінімдер салынған конверттерді ашу рәсіміне қатысуға ниет білдірген тұлғаларды қабылдауы және тіркеуі (электрондық сатып алуды жүзеге асыру барысында қолданылмайды);

- тендерлік комиссияның екі кезеңнен тұратын тендердің бірінші кезеңіне қатысуға әлеуетті жеткізушілердің тендерлік өтінімдері салынған конверттерді ашу отырысы, әлеуетті жеткізушілердің өтінімдері салынған конверттерді ашу хаттамасын рәсімдеу;

- әлеуетті жеткізушілердің екі кезеңнен тұратын тендердің бірінші кезеңіне қатысуға өтінімдерін тендерлік комиссияның қарауы, әлеуетті жеткізушілерді тендерлік комиссияның сатып алынатын тауарлар, жұмыстар және қызметтердің тапсырылған техникалық сипаттамалары мен спецификациялары, Тапсырыс берушінің талап-тілектерін қанағаттандыру жолдары негізінде іріктеуі, тендердің екінші кезеңіне қатысушылардың тізімін қалыптастыру, екі кезеңдік тендердің бірінші кезеңінің қорытындылары туралы хаттаманы рәсімдеу, бірінші кезеңге қатысқан әлеуетті жеткізушілерді оның нәтижелері туралы хабардар ету;

2) екінші кезеңде жүзеге асырылатын іс-шаралар:

- қажет болған жағдайда тендерлік құжаттамаға техникалық спецификацияны (техникалық тапсырманы) нақтылауды қоса алғанда, өзгертулер енгізу;

- тендердің екінші кезеңінің қатысушыларына нақтыланған тендерлік құжаттаманы және/немесе техникалық спецификацияны (техникалық тапсырманы) жолдау және тендерлік ұсыныстарды тапсыруға шақыру;

- тендерлік комиссияның тендердің екінші кезеңіне қатысушылардың тендерлік ұсыныстарын қарауы, тендердің қорытындыларын шығаруы, тендердің қорытындылары туралы хаттаманы рәсімдеуі;

- тендердің екінші кезеңінің қатысушыларын оның қорытындылары туралы хабардар ету, екі кезеңнен тұратын тендердің қорытындылары туралы хаттаманы жариялау;

- тендер жеңімпазымен сатып алу шартын бекіту.

Электрондық сатып алуды екі кезеңнен тұратын тендер тәсілімен өткізу барысында бірінші және екінші кезеңнің іс-шаралары ЭСП арқылы жүзеге асырылады.

14.3.  Ережелерде басқаша көзделмесе, екі кезеңнен тұратын тендер өткізу барысында тендер тәсілімен сатып алу рәсімдері қолданылады.

 

15. Сатып алуды баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен жүзеге асыру

15.1. Тапсырыс берушінің тиісті қаржы жылына арналған сатып алу жоспарында көзделген тауарлар, жұмыстар және қызметтердің құндық мәндегі жылдық көлемі тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің төрт мың еселенген мөлшерінен аспаған жағдайда, баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алуды қолдануға жол беріледі, бұл ретте баға шешуші шарт болып табылады.

Баға ұсыныстарын сұрату тәсілін қолдану мақсатында тиісті қаржы жылына жоспарланған тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алу көлемдерін тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің төрт мың еселенген мөлшерінен аспайтын бөліктерге бөлшектеуге жол берілмейді.

Бұл талап Тапсырыс беруші өз филиалының (өкілдігінің) қызметін қамтамасыз етуге қажетті тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алуды жүзеге асырған жағдайларда, Тапсырыс берушінің атынан осындай сатып алуды Тапсырыс берушінің филиалы (өкілдігі) тікелей жүзеге асырған жағдайда қолданылмайды.

Техникалық сипаттамалары мен спецификациялары күрделі тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру барысында Тапсырыс беруші тендер тәсілімен сатып алуды таңдауға құқылы.

15.2. Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алуға қатысу үшін әлеуетті жеткізушінің (заңды тұлғалар үшін) құқық қабілеттілігі және (жеке тұлғалар үшін) азаматтық әрекет қабілеттілігі болуы тиіс.

15.3. Тауарлар, жұмыстар және қызметтерді баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алуды өткізу, комиссия құрамын бекіту және комиссия хатшысын анықтау туралы шешім Тапсырыс беруші/Ұйымдастырушы басшысының немесе оны алмастыратын тұлғаның бұйрығымен рәсімделеді.

15.4. Комиссия құрамына төраға, төрағаның орынбасары және комиссия мүшелері кіреді. Төраға болмаған кезде оның қызметін Комиссия төрағасының орынбасары атқарады.

Комиссия төрағасының қызметін Тапсырыс берушінің/ұйымдастырушының бірінші басшысы немесе бірінші басшысының орынбасары немесе аталған тұлғалардың орнын басатын тұлға атқарады.

15.5. Комиссия оны енгізу туралы шешім күшіне енген күннен бастап әрекет етеді және өз қызметін шарт бекітілген күннен бастап тоқтатады.

Комиссия отырыстары комиссия мүшелерінің қарапайым көпшілігі қатысқан жағдайда өткізіледі және сатып алу қорытындыларының хаттамасымен рәсімделеді.

Комиссия мүшелерінің қарапайым көпшілігі болмаған жағдайда Тапсырыс берушінің/ұйымдастырушының басшысы кворумға қол жеткізу мақсатында (тиісті бұйрық шығару жолымен) комиссияның қатыспаған мүшелерін ауыстырады. Комиссияның қатыспайтын хатшысын және/немесе сарапшыны міндетті түрде Тапсырыс берушінің/ұйымдастырушының басшысы ауыстырады.

15.6-тармақ Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес жаңа редакцияда жазылды.

15.6.  Комиссияның шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және оған отырысқа қатысып отырған rомиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданған болып саналады. Электрондық сатып алу баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен жүзеге асырылған жағдайда, комиссияның шешімі ЭСП-да дауыс беру арқылы қабылданады және оған комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берген жағдайда қабылданған болып саналады.

Тендерлік комиссия мүшелерінің дауыстары тең болған жағдайда, тендерлік комиссия төрағасының, ол болмаған жағдайда комиссия төрағасы орынбасарының дауысы шешуші болып табылады.

Комиссияның шешімімен келіспеген жағдайда комиссияның кез келген мүшесі ерекше пікірді жазбаша түрде беруге құқылы, ол қорытындылар хаттамасымен қоса тапсырылуы тиіс.

15.7. Комиссияның ұйымдастырушылық қызметін комиссия хатшысы қамтамасыз етеді. Комиссияның хатшысы комиссия мүшесі болып табылмайды және комиссия шешімдер қабылдаған кезде оның дауыс беру құқығы болмайды.

15.8-15.9-тармақтарға Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

15.8. Баға ұсыныстарын қарау, салыстыру және бағалау, сондай-ақ сатып алу жеңімпазын және Ережелердің 3.8-тармағында көрсетілген жағдайларда сатып алу жеңімпазын анықтау әрбір лот бойынша жүзеге асырылады.

15.9.  Тапсырыс беруші/ұйымдастырушы баға ұсыныстарын тапсыру мерзімі аяқталғанға дейін 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмей тиісті электрондық хабарландыруды ДББҰ Интернет порталында/ЭСП-да орналастырылады.

15.10.  Әлеуетті жеткізушінің баға ұсынысы оның хабарландыруда көзделген шарттарды сақтап, тауарды жеткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсетуді жүзеге асыруға келісім білдіру нысаны болып табылады.

15.11. Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алуға қатысуға ниет білдірген әлеуетті жеткізуші хабарландыруда көрсетілген мерзімде бір ғана баға ұсынысы мен оған қоса келесі құжаттарды тапсыруы керек:

15.11-тармақтың 1), 3)-тармақшаларына Қамқоршылық кеңестің 7.12.2019 жылғы №8 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

1)   хабарландыруға қосымшаға сәйкес нысанда рәсімделген әлеуетті жеткізушінің қолы қойылған және оның мөрімен (болған жағдайда) бекітілген баға ұсынысы. Әлеуетті жектізушінің баға ұсынысына тауарларды жеткізуге, жұмыстарды орындауға, қызметтерді көрсетуге байланысты барлық шығындар кіреді; Электрондық сатып алу жүзеге асырылған жағдайда, баға ұсынысы электрондық түрде ЭСП-ға тапсырылады.

2) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің түпнұсқасы немесе нотариалды куәландырылған көшірмесі немесе ресми интернет дереккөзден алынған (www.e.gov.kz) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы электронды анықтаманың көшірмесі; жеке тұлға үшін – тиісті мемлекеттік орган берген заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру құқығын беретін құжаттың түпнұсқасы немесе нотариалды куәландырылған көшірмесі немесе ресми интернет дереккөзден алынған (www.e.gov.kz) құжаттың көшірмесі;

3) лицензиялардың түпнұсқалары немесе нотариалды куәландырылған көшірмелері немесе Қазақстан Республикасының (тендер талаптарымен міндетті лицензиялауға жататын қызметтер көзделген болса) заңнамасында көзделген сатып алынатын тауарларды өндіруге, өңдеуге, жеткізуге және сатуға, жұмыстарды орындауға, қызметтерді көрсетуге арналған әлеуетті жеткізушінің құқығын растайтын электронды құжаттардың және/немесе патенттер түріндегі куәліктер, сертификаттар, рұқсаттар және өзге де құжаттардың көшірмелері түріндегі лицензиялар;

4)   техникалық спецификация (хабарландыру шарттарында техникалық спецификация көзделген жағдайда);

15.11-тармақтың 5)-тармақшасына Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

5)  Тапсырыс берушінің техникалық спецификациясының талаптарына сәйкес рәсімделген өзге де құжаттар (хабарландыру шарттарында техникалық спецификация көзделген жағдайда).

Электрондық сатып алу жүзеге асырылған жағдайда, осы тармақта көзделген құжаттарды әлеуетті жеткізуші ЭСП-ға электрондық және/немесе сканерленген түрде (PDF форматы) орналастырады және әріптік, цифрлық және өзге де таңбалармен сәйкестендірілуі, сондай-ақ басқа да көру құралдарымен ашылуы тиіс.

Әріптік, цифрлық және өзге де таңбалармен сәйкестендірілмейтін, сондай-ақ файлды ашу қатесімен тапсырылған құжаттардың электрондық көшірмелері тапсырылмаған және қарауға қабылданбаған болып саналады.

15.12.  Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмайтын әлеуетті жеткізуші Қазақстан Республикасының резиденттері тапсыратын хабарландыруда көзделген құжаттарды немесе баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру туралы хабарландыру тіліне нотариалды куәландырылған аудармасы бар ұқсас мәліметтерді қамтитын құжаттарды тапсырады.

15.13.  Баға ұсынысында көрсетілген тауарларды жеткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету шарттары Тапсырыс беруші/ұйымдастырушы тауарлар, жұмыстар және қызметтерді баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру туралы орналастырған электрондық хабарландыруда көзделген шарттарға қайшы келмеуге тиіс.

15.14. Баға ұсынысы салынған желімделген конверттің беткі жағында әлеуетті жеткізуші келесі ақпаратты көрсету керек:

1) әлеуетті жеткізушінің атауы және пошталық мекен-жайы;

2) Тапсырыс берушінің/ұйымдастырушының электрондық хабарландыруда көрсетілген мәліметтерге сәйкес келуге тиісті атауы мен пошталық мекен-жайы;

3) қатысу үшін әлеуетті жеткізушінің баға ұсынысы тапсырылатын тауарлар, жұмыстар және қызметтердің атауы.

15.15.  Тапсырыс беруші/ұйымдастырушы:

15.15-тармақтың 1)-тармақшасына Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

1) баға ұсынысы салынған конвертте осы Ережелердің 15.14-тармағында көзделген мәліметтердің болуын тексереді.

Осы Ережелердің көрсетілген тармағының талаптарын бұзып рәсімделген баға ұсыныстары салынған конверттер тіркелуге жатпайды.

2)    тиісті түрде рәсімделген баға ұсыныстары салынған конверттерді қабылдайды және баға ұсыныстарын тіркеу журналына енгізеді.

15.16. Тапсыру мерзімі өткеннен кейін тапсырылған баға ұсынысы салынған конверттер қабылданбайды.

15.17. Баға ұсыныстары салынған конверттерді тіркеу журналы тігілген, беттері нөмірленген, баға ұсыныстарын тіркеу журналының соңғы беті сатып алу мәселелері жөніндегі құрылымдық бөлімше басшысының (лауазымды тұлғаның) қолымен және Тапсырыс берушінің/ұйымдастырушының мөрімен бекітілген болуы тиіс.

15.18-тармақ Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес толықтырылды.

15.18. Электрондық сатып алуды баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен жүзеге асыру барысында осы Ережелердің 15.14-15.17-тармақтарының талаптары қолданылмайды, әлеуетті жеткізушілердің баға ұсыныстарын ашу және қорытындыларды шығару ЭСП-да жүргізіледі.

 

16. Баға ұсыныстарын ашу және қарастыру

16.1. -16.4-тармақтарға Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

16.1. Әлеуетті жеткізушілер немесе олардың уәкілетті өкілдері баға ұсыныстарын ашу комиссиясының отырыстарына қатысуға құқылы (электрондық сатып алуды жүзеге асыру барысында қолданылмайды).

16.2. Комиссия отырысы басталғанға дейін комиссия хатшысы баға ұсыныстарын ашу рәсімін жүзеге асыру барысында әлеуетті жеткізушілердің мүдделеріне өкілдік ететін өкілдерінің құжат түрінде рәсімделген өкілеттіктерін тексереді (электрондық сатып алуды жүзеге асыру барысында қолданылмайды).

16.3. Баға ұсыныстарын ашу хабарландыруда көрсетілген күні, уақытта және орында жүзеге асырылады.

16.4. Комиссия төрағасы белгілеген тұлға баға ұсыныстары салынған конверттерді ашып, әлеуетті жеткізушілер баға ұсыныстарында мәлімдеген бағаларды жариялайды (электрондық сатып алуды жүзеге асыру барысында қолданылмайды).

16.5. Баға ұсыныстарын ашу рәсіміне қатысатын әлеуетті жеткізушілердің уәкілетті өкілдері баға ұсыныстарында әлеуетті жеткізушілер мәлімдеген бағалар жарияланғаннан кейін тиісті баға ұсыныстарына қол қойып, өзге әлеуетті жеткізушілер мәлімдеген бағалармен танысуға құқылы.

16.6-тармаққа Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

16.6. Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алудың жеңімпазын комиссия ең төмен баға ұсынысы негізінде анықтайды.

Салыстыру қорытындысы бойынша екінші орын алған әлеуетті жеткізушіні комиссия ең төмен баға ұсынысынан кейінгі баға ұсынысы негізінде анықтайды.

16.7. Ең төмен баға ұсынысын бірнеше әлеуетті жеткізуші тапсырған жағдайда, баға ұсынысы басқа әлеуетті жеткізушілердің баға ұсыныстарынан бұрын түскен әлеуетті жеткізуші жеңімпаз болып танылады.

16.8-16.9-тармақтарға Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

16.8. Әлеуетті жеткізушінің баға ұсынысы келесі жағдайларда қабылданбайды:

1) ол осы тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алуға бөлінген сомадан асып кетсе;

2) әлеуетті жеткізуші хабарландыру талаптарына сәйкес келмейтін құжаттар мен баға ұсынысының құрамындағы мәліметтерді тапсырған жағдайда;

3) әлеуетті жеткізуші біреуден көп баға ұсынысын тапсырған жағдайда;

4) әлеуетті жеткізуші жосықсыз әлеуетті жеткізушілердің бірыңғай тізімінде және мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізімінде болған жағдайда.

Баға ұсыныстарын басқа негіздемелер бойынша қабылдамауға жол берілмейді.

16.9. Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу келесі жағдайларда өтпеген болып танылады:

1) баға ұсыныстарын қабылдамағаннан кейін бір баға ұсынысы қалған жағдайда;

2) қабылдамағаннан кейін бірде-бір баға ұсынысы қалмаған жағдайда;

3) екеуден кем баға ұсынысы келіп түскен жағдайда;

4) жеңімпаз бен екінші орын алған әлеуетті жеткізуші шарт бекітуден бас тартқан жағдайда.

16.10. Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу өтпеген болып танылған жағдайда, комиссия келесі шешімдердің бірін қабылдауға құқылы:

1) сатып алуды баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен қайта өткізу туралы;

2) елеулі шарттардың өзгеруі және баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алуды қайта өткізу туралы;

3)   сатып алуды бір көзден алу тәсілімен жүзеге асыру туралы.

16.11-тармаққа Қамқоршылық кеңестің 13.12.2019 жылғы №8 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

16.11. Баға ұсыныстары ашылған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде Тапсырыс беруші/ұйымдастырушы сатып алу қорытындыларының хаттамасын рәсімдеуге міндетті.

 16.12.  Тапсырыс беруші/ұйымдастырушы баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу қорытындылары рәсімделген күннен бастап 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірмей қорытындылар хаттамасын ДББҰ Интернет-ресурсында/ЭСП-да орналастыруға міндетті.

Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен жүзеге асырылған сатып алуда оның қорытындыларына (жеңімпазды анықтауға) әсер еткен бұзушылықтар анықталған жағдайда, комиссия шарт бекітуге дейін сатып алу қорытындысының күшін жоюға міндетті, бұл ретте баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу қайта өткізілуге тиіс.

16.13. Әлеуетті жеткізуші Тапсырыс берушіге белгіленген мерзімде қол қойылған сатып алу шартын тапсырмаған жағдайда, Тапсырыс беруші сондай баға ұсынысын тапсырған әлеуетті жеткізушімен, ал ондай әлеуетті жеткізуші болмаған жағдайда, баға ұсынысы сатып алу шартын бекітуден бас тартқан әлеуетті жеткізуші ұсынған бағадан кейін ең төмен болып табылатын әлеуетті жеткізушімен сатып алу шартын бекітуге құқылы.

Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу қорытындыларында көрсетілген әлеуетті жеткізушілер шарт бекітуден бас тартқан жағдайда, Тапсырыс беруші сатып алуды баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен қайта өткізуге немесе сатып алуды бір көзден алу тәсілімен жүзеге асыруға құқылы.

16.14. -16.18-тармақтар Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес толықтырылды.

16.14-тармаққа Қамқоршылық кеңестің 13.12.2019 жылғы №8 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

16.14. -16.18-тармақтар Қамқоршылық кеңестің 18.12.2020 жылғы №6 шешіміне сәйкес алынып тасталды.

 

17. Бір көзден сатып алу

17.1-тармаққа Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

17.1. Бір көзден сатып алу келесі жағдайларда жүзеге асырылады:

1) Тапсырыс берушінің алқалы атқарушы органының шешімі негізінде (тапсырыс берушінің алқалы атқарушы органы болмаған жағдайда, бұл шешімдерді Тапсырыс берушінің бірінші басшысы қабылдайды);

2) тендер тәсілімен сатып алу өтпеген болып танылған жағдайларда, Тендерлік комиссия шешімінің негізінде;

3) баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу өтпеген болып танылған жағдайларда, Комиссия шешімінің негізінде;

4) тікелей шарт бекіту арқылы.

17.2. Бір көзден сатып алу Тапсырыс берушінің алқалы атқарушы органының шешімі негізінде келесі жағдайларда жүзеге асырылады:

1) мұндай тауарлар соңғы үш жыл ішінде Қазақстан Республикасының аумағында өндірілмеген болса, Тапсырыс берушінің техникалық шарттары бойынша Қазақстан Республикасында тауарлардың сериялық өндірісін ұйымдастыруды көздейтін отандық тауар өндірушілерден тауарларды ұзақ мерзімді шарттар бойынша сатып алу;

2) қызметтерді мүлікті сенімгерлік басқару негізінде сатып алу;

3) инвестициялық стратегиялық жобаларды жүзеге асыру мақсатында тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алу;

4) халықаралық коммерциялық төреліктерде және шетелдік сот органдарында Тапсырыс берушінің мүдделерін қорғау және мүдделеріне өкілдік ету жөніндегі консультациялық және заң қызметтерін сатып алу;

5) уақытша бос ақшаны орналастыруға байланысты қазынашылық операцияларды жүзеге асыру кезінде бағалы қағаздарды сатып алу;

6) қандай да бір жеткізушіден тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алған Тапсырыс берушіден қолдағы тауарлар, жабдық, технология, жұмыстар немесе қызметтермен біріздендіру, стандарттау немесе үйлесімділігін қамтамасыз ету мақсатында нақ сол жеткізушіден басқа да сатып алуды жүзеге асыру қажеттілігінің туындауы;

7) Тапсырыс берушінің оқшауландырылған бөлімшелерінің қызметін қамтамасыз ету мақсатында шет мемлекеттің аумағында (Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде) тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алу;

8) мамандандырылған кітапханалардың қызметтерін сатып алу;

9) халықаралық ақпараттық ұйымдардың ақпарат беру қызметтерін сатып алуы;

10) теңіз агенті мен теңіз брокерінің қызметтерін сатып алу;

11) мемлекеттік метрологиялық бақылауды тарату саласында қолданылатын өлшем құралдарын салыстырып тексеру қызметтерін сатып алу;

12) Тапсырыс берушінің мемлекеттік сатып алу шарты заңнама аясында жеткізуші ретінде өзі бекіткен мемлекеттік сатып алу шарты бойынша міндеттемелерді орындау үшін тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алуы;

13) жобалау алдындағы құжаттаманы дайындау жұмыстарының негізгі көлемін тиісті түрде орындаған жеткізушіден жобалау жұмыстарын сатып алу;

14) жобалау құжаттамасына өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажеттігінен туындайтын жобалау құжаттамасын әзірлеген жеткізушіден жобалау жұмыстарын сатып алу;

15) заңнамада белгіленген тәртіппен бекітілген нысаналы ғылыми-техникалық бағдарламаларды жүзеге асыру үшін қажетті тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алу;

16) ілеспе аударма қызметтерін сатып алу, Тапсырыс берушінің көрмелер, оқытулар, семинарлар, конференциялар, кеңестер, форумдар, симпозиумдар, тренингтер, жәрмеңкелер, олимпиадалар, ғылыми жобалар мен конкурстар ұйымдастыруы үшін үй-жайларды жалға алу;

17) тестілік аккредиттеу желісін қоса алғанда, халықаралық аккредиттеуге және/немесе сертификаттауға дайындық қызметтерін сатып алу;

18) сатып алынатын тауар, жұмыс және қызметтің тиісті күнтізбелік жылға арналған сатып алу жоспарында көзделген жалпы сомасы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің екі мың еселенген мөлшерінен аспаса, тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алу;

19) күнделікті және/немесе апта сайын қажет сатып алуды жүзеге асыру қажеттілігі болса (жарияланған кезден бастап тендер қорытындылары бойынша шарт бекіткенге дейінгі кезеңге) тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алу;

17.3. Тапсырыс берушінің алқалы атқарушы органының шешімі негізінде бір көзден сатып алуды жүзеге асыру Тапсырыс берушінің алқалы атқарушы органының тиісті шешімімен рәсімделеді, ал Тапсырыс берушінің алқалы атқарушы органы болмаған жағдайда шешім Тапсырыс берушінің бірінші басшысының бұйрығын шығару арқылы рәсімделеді.

17.4-тармақтың бірінші абзацына Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

17.4. Ережелердің 17.1-тармағының 2) және 3)-тармақшаларында көзделген жағдайларда бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру кезінде сатып алуды ұйымдастырушы әлеуетті жеткізушіге сатып алуға қатысуға шақыру жібереді, ол келесі мәліметтерді қамтуы тиіс:

1) сатып алуды ұйымдастырушының атауы және орналасқан жері;

17.4-тармақтың 2)-тармақшасына Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

2) сатып алынатын тауарлар, жұмыстар және қызметтердің сипаттамасы және талап етілетін функционалдық, техникалық, сапалық және пайдалану сипаттамалары, техникалық спецификациялары;

3) өткізіліп жатқан сатып алудың нысаны болып табылатын тауарлардың саны, орындалатын жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің көлемі;

4) тауарларды жеткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету орны;

5) тауар жеткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсетудің талап етілетін мерзімдері, ұсынылатын тауарлар, жұмыстар және қызметтердің сапасына кепілдік беру;

6) төлем талаптары және сатып алу шартының жобасы;

7) осы Ережелерде көзделген жағдайларда сатып алу шартының орындалуын қамтамасыз ететін кепілді салу шарттары, нысаны, көлемі және тәсілі;

8) бір көзден алу тәсілімен өткізілетін сатып алудың нысаны болып табылатын тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алуға бөлінген сомалар туралы ақпарат;

17.4-тармақтың 9)-тармақшасына Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

9) Ережелерде көзделген біліктілік талаптарының тізімі, сондай-ақ бір көзден алу тәсілімен сатып алу осы Ережелердің 17.1-тармағының 3)-тармақшасы негізінде жүзеге асырылатын жағдайларды қоспағанда, әлеуетті жеткізуші қойылатын біліктілік талаптарына өзінің сәйкестігін растау үшін тапсыруға тиіс құжаттардың тізімі.

10) әлеуетті жеткізушінің құжаттарды тапсыру орны мен мерзімі.

17.5-17.7-тармақтарға Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

17.5. Бір көзден алу тәсілімен өткізілетін сатып алудың нысаны болып табылатын тауарды жеткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсетуді жүзеге асыруға ниет білдірген әлеуетті жеткізуші белгіленген мерзімде сатып алуды ұйымдастырушыға келесі ақпаратты беруге тиіс:

1) сатып алынатын тауарлар, жұмыстар және қызметтердің сипаттамасы және талап етілетін функционалдық, техникалық, сапалық және пайдалану сипаттамалары, техникалық спецификациялар (болған жағдайда);

 2) бір көзден алу тәсілімен сатып алу Ережелердің 17.1-тармағының 3)-тармақшасы негізінде жүзеге асырылатын жағдайларды қоспағанда, әлеуетті жеткізушінің және ол жұмыстардың немесе қызметтердің қосалқы мердігерлері (бірлесіп орындаушылары) ретінде тартуды көздейтін тұлғалардың біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттар;

3) ұсынылатын тауарлар, жұмыстар және қызметтер бағасының негіздемесі.

Сатып алу Ережелердің 13.15-тармағы 4)-тармақшасының және 16.9-тармағы 1)-тармақшасының негізінде өтпеген болып танылған жағдайда, бір көзден алу тәсілімен өткізілетін сатып алудың нысаны болып табылатын тауарды жеткізуді, жұмыстарды орындауды, қызметтерді көрсетуді жүзеге асыруға ниет білдірген әлеуетті жеткізуші ақпаратты осы тармақтың 3)-тармақшасына сәйкес қана ұсынады.

17.6. Тендер тәсілімен сатып алу Ережелердің 13.15-тармағының 4)-тармақшасы негізінде өтпеген болып танылған жағдайда, Тапсырыс беруші сатып алуды осы әлеуетті жеткізушіден жүзеге асыруға құқылы.

Бұл ретте сатып алу шарты Тапсырыс берушімен оның тендерге қатысуға өтінімінде, баға ұсынысында көзделген шарттармен бекітілуі тиіс және онымен бекітілген шарттың бағасы оның баға ұсынысында, тендерге қатысуға өтінімде көрсетілген бағасынан аспауға тиіс.

17.7. Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу Ережелердің 16.9-тармағының 1)-тармақшасы негізінде өтпеген болып танылған жағдайда, Тапсырыс беруші сатып алуды осы әлеуетті жеткізушіден жүзеге асыруға құқылы.

Бұл ретте сатып алу шарты Тапсырыс берушімен оның баға ұсынысында көзделген талаптармен бекітілуі тиіс және онымен бекітілген шарттың бағасы оның баға ұсынысында көрсетілген бағадан аспауға тиіс.

17.8. Тендерлік комиссия/Комиссия әлеуетті жеткізуші сұралған ақпаратты берген күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде әлеуетті жеткізуші тапсырған құжаттарды олардың Ережелерде белгіленген талаптарға сәйкестігі тұрғысынан қарастырады.

17.9. Комиссия хатшысы бір көзден алу тәсілімен сатып алу қорытындылары туралы хаттаманы әзірлейді.

17.10-тармақ Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

17.10. Тендерлік комиссия/Комиссия тендерді/баға ұсыныстарын сұратуды өзге негіздемелер бойынша өтпеген деп таныған жағдайда, сатып алу осы Ережелердің 17.4-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.

17.11. Тікелей шарт бекіту жолымен жүзеге асырылатын сатып алу:

1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тұлғадан тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алу;

2) сатып алынатын тауарлар, жұмыстар және қызметтерге айрықша құқықтары бар тұлғадан зияткерлік меншік объектілері болып табылатын тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алу;

3) Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе басқа елдердің заңнамасында белгіленген бағалар, тарифтер, алымдар мен төлемдер бойынша тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алу;

4) Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамасына сәйкес реттеліп қызметтер бойынша табиғи монополия субъектісінен тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алу;

5) сатып алынатын тауарлар, жұмыстар және қызметтердің белгілі бір нарығында үстем (монополиялық) жағдайға ие тұлғадан немесе мемлекеттік монополия субъектісінен оның қызметінің негізгі нысаны бойынша осындай нарықтағы үлесі 100 (жүз) пайызға тең тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алу;

6) табиғи газ, су, сумен жабдықтау және су бұру қызметтерін, қосылған желі арқылы электр және жылу энергиясы қызметтерін сатып алу;

7) өкілдік шығыстарға қатысты тауарлар мен қызметтерді сатып алу;

8) сауда-саттықта (аукциондарда) сатылатын мүлікті (активтерді) сатып алу:

- Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу туралы заңнамасына сәйкес сот орындаушыларымен;

- Қазақстан Республикасының банкроттық туралы заңнамасына сәйкес жүргізілетін;

- Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жүргізілетін;

- мемлекеттік мүлікті жекешелендіру кезінде;

9) рейтингтік агенттіктердің қызметтерін, қаржылық қызметтерін сатып алу;

10) Тапсырыс берушінің жарғылық мақсаттарына сәйкес білім беру, ғылыми қызметті ұйымдастыру және жүзеге асыру үшін білім беру және оқу бағдарламаларын (оның ішінде оқушыларды іріктеу және қабылдау), даму тұжырымдамаларын әзірлеу, енгізу және/немесе іске асыру қызметтерін және/немесе жұмыстарын сатып алу.

17.11-тармақтың 11)-тармақшасы Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

11) стратегиялық серіктестерден, сонымен қатар олардың еншілес ұйымдарынан тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алу;

12) құрылтайшысы жергілікті атқарушы орган болып табылатын заңды тұлғадан Назарбаев Зияткерлік мектептерінің күрделі құрылысына Тапсырыс берушіге бөлінген жер телімдерінде құрылыстарды сатып алу және бұзу жұмыстары мен қызметтерін сатып алу.

13) ДББҰ атқарушы органы бекіткен тізбе бойынша және осы мәселелерге жетекшілік ететін ДББҰ құрылымдық бөлімшеcімен(-лерімен) келісім бойынша арнайы оқу, оқу-әдістемелік және/немесе көркем әдебиетті, оның ішінде ақпаратты электрондық тасымалдағыштарда (CD/DVD және т. б.) білім беру бағдарламаларының мазмұнына сәйкес сатып алу;

14) ДББҰ-ның осы мәселелерге жетекшілік ететін құрылымдық бөлімшесінің(-лерінің) келісімі бойынша веб-сайттарда орналастырылған ақпарат, әртүрлі магнитті тасымалдағыштарда және/немесе электрондық тасымалдағыштарда басылған дыбысталған кітаптар, рельефті-нүктелік қаріппен басылған кітаптарды, көру қабілеті бойынша мүгедектерге қызмет көрсетуге арналған тифлоқұралдарды ұсыну қызметтерін сатып алу;

15) төтенше жағдайлардың салдарын оқшаулау және/немесе жоюға; оқушылардың өміріне және/немесе денсаулығына қауіп төндіретін оқиғалардың салдарын, оның ішінде оның себептерін жоюға; электр энергетикасы объектілеріндегі, тіршілікті қамтамасыз ететін коммуникациялық жүйелердегі және өзге де қауіпті өндірістік объектілердегі апаттарды жоюға арналған тауарлар, жұмыстар және қызметтерді, сондай-ақ растайтын құжаттар болған кезде дереу қалпына келтіруді талап ететін коммуникациялар, тетіктер, агрегаттар, қосалқы бөлшектер және материалдар сынған, істен шыққан кезде оларды сатып алу;

16) осы мәселелерге жетекшілік ететін ДББҰ құрылымдық бөлімшелерінің келісімі бойынша онлайн электрондық толық мәтінді, рефераттық, библиографиялық және басқа да дерекқорлар, журналдардың электрондық топтамалары, электрондық кітапханалар, кітаптардың электрондық топтамалары және электрондық журналдар мен кітаптардың жекен атауларын пайдалану қызметтерін сатып алу;

17) телефон байланысы, деректерді табыстау (интернет, IP VPN), теледидар қызметтерін сатып алу.

18) тиісті авторлардың күрделі құрылыс объектілерді жобалау құжаттамасын әзірлеуін авторлық қадағалау, күрделі құрылыс объектілерінің құрылысын, оларды реконструкциялау және күрделі жөндеуді авторлық қадағалау қызметтерін сатып алу;

19) Тапсырыс берушінің жарғылық қызметін қамтамасыз етуге қажетті жалдау қызметтерін бастапқы сатып алуды қоспағанда, жалдау қызметтерін, сондай-ақ оларды пайдалану қызметтерін бастапқы сатып алу жүзеге асырылған тұлғадан үй-жайлар, ғимараттар және құрылыстарды жалдау қызметтерін сатып алу;

20) Тапсырыс берушінің электрондық алаңы арқылы өткізілетін тауарларды жеткізу мақсатында оператордың төлемдерді қабылдау және пошта байланысын қамтамасыз ету қызметтерін, сондай-ақ оларға ілеспе қызметтерді сатып алу;

17.11-тармақтың 21) және 22)-тармақшалары Қамқоршылық кеңестің 13.12.2018 жылғы №6 шешіміне сәйкес толықтырылды.

21) осындай біртекті тауарлар, жұмыстар және қызметтердің құндық мәндегі жылдық көлемі тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің жүз еселенген мөлшерінен аспаса, біртекті тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алу;

22) ISBN қызметтер кешеніне қатысты библиографиялық қолдау қызметтерін сатып алу.

17.12. Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасының нормаларында басқаша көзделмесе, бір көзден сатып алуды шартты тікелей бекіту тәсілімен жүзеге асыру шартты тікелей бекіту арқылы рәсімделеді.

17.13. Сатып алуды бір көзден алу тәсілімен жүзеге асыру кезінде Тапсырыс беруші әлеуетті жеткізушіден шарт бекіту мақсатында ақпарат пен мәліметтер сұрауға құқылы.

 

18. Кәсіпкерлік қызмет субъектісі болып табылмайтын, жеке меншік құқығында жеке тұлғаға тиесілі тұрғын үйді сатып алудың ерекше тәртібі

18.1. Кәсіпкерлік қызмет субъектісі болып табылмайтын жеке тұлғаға жеке меншік құқығы негізінде тиесілі тұрғын үйді сатып алуды ерекше тәртіппен жүзеге асыруға құқылы.

18.2. Кәсіпкерлік қызмет субъектісі болып табылмайтын жеке тұлғаға жеке меншік құқығы негізінде тиесілі тұрғын үйді сатып алу тендер тәсілімен жүзеге асырылады.

18.3. Ерекше тәртіпті қолданып сатып алу осы Ережелерде көзделген біліктілік талаптарын белгілейтін, сондай-ақ тендер тәсілімен сатып алуды өткізу рәсімдері мен мерзімдерін реттейтін нормаларды қоспағанда, осы Ережелерге сәйкес жүзеге асырылады.

18.4. Хабарландыру жарияланған және тұрғын үйді сатып алуды өткізу туралы ақпарат пен техникалық спецификация ДББҰ Интернет-ресурсында орналастырылған күннен бастап күнтізбелік 15 (он бес) күннен аспайтын мерзімде әлеуетті жеткізушілер келесі құжаттарды мөрленген конверттерде тапсыруға тиіс:

1) жеке тұлғаның жеке куәлігінің нотариалды куәландырылған көшірмелері;

2) тұрғын үйге құқық белгілейтін құжаттардың көшірмелері;

3) әлеуетті жеткізушінің қолы қойылған баға ұсынысы;

4) әлеуетті жеткізушінің ұсынылып отырған тұрғын үйге үшінші тұлғалардың ауыртпалықтарының және/немесе талаптарының болмауы туралы жазбаша кепілдігі;

5) ұсынылып отырған тұрғын үй некеде болған кезде сатып алынған болса (сыйға немесе мұрагерлік бойынша алған жағдайлардан басқа), жұбайының сатуға келісімі туралы нотариалдық өтініші;

18.5. Конверттерді тіркеу осы Ережелерге сәйкес жүргізіледі. Конверттерді тендерлік комиссия келген әлеуетті жеткізушілердің және/немесе олардың уәкілетті өкілдерінің қатысуымен (келмеу жағдайын қоспағанда) белгілі бір уақытта ашады.

18.6. Құжаттарды қарау келген әлеуетті жеткізушілердің және/немесе олардың уәкілетті өкілдерінің қатысуымен (келмеу жағдайларын қоспағанда) жүргізіледі.

18.7. Техникалық спецификацияның талаптарына сәйкес келмейтін және осы Ережелердің 18.4-тармағында көрсетілген құжаттарды қамтымайтын құжаттар салынған конверттер қабылданбайды.

18.8. Құжаттарды қарау барысында әлеуетті жеткізушілер өздерінің баға ұсыныстарын төменде алады.

18.9. Құжаттар салынған конверттерді қарау нәтижелері бойынша ерекше тәртіпті қолданып, сатып алу қорытындыларының хаттамасы рәсімделеді.

 

19. Сатып алу шартын бекіту және орындау 

19.1. Тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштен екі жүз есе аспайтын көлемдегі тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алу барысында Тапсырыс беруші ДББҰ-ның ішкі құжатында көрсетілген тәртіппен келісімшарт бекітпей, сатып алынатын тауарлар, жұмыстар және қызметтердің құнын корпоративтік карточкамен төлеуге құқылы.

19.2. Сатып алу шарты тендерлік құжаттамадағы сатып алу туралы хабарландыруға, сатып алу шартының жобасына сәйкес жасалады.

Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмайтын тұлғамен сатып алу шартын бекіткен жағдайда сатып алу шартын Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына ескеріп, сол тұлға ұсынған нысанда рәсімдеуге болады.

Тапсырыс беруші бір жылдан астам мерзімге шарт бекітуге құқылы.

Жылдық қаржы есептемесіне аудит жүргізу қызметтерін сатып алу шартын үш жылдан аспайтын мерзімге бекітілуі тиіс.

19.3-тармаққа Қамқоршылық кеңестің 18.12.2020 жылғы №6 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

 

19.3.  Сатып алу шарты сатып алу қорытындылары жөнінде хаттамада (шешіммен) белгіленген мерзімде, бірақ қорытындылар жөнінде хаттамаға (шешімге) қол қойылған күннен бастап 30 (отыз) күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде бекітіледі.

13.18 немесе 16.13-тармақтарда көрсетілген жағдай орын алған кезде сатып алу шарты Тапсырыс беруші белгілеген, бұл жағдай орын алған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспайтын мерзімде бекітіледі.

Сатып алу шартында Тапсырыс беруші оны одан әрі орындай алмайтын жағдайда шартты орындаудан бір жақты тәртіпте бас тарту құқығы көзделуі тиіс.

19.4. Әлеуетті жеткізуші сатып алу шартын бекіткен күннен бастап он жұмыс күні ішінде сатып алу шартын орындауды қамтамасыз ететін кепіл салады. Жеткізуші сатып алу шартын орындауды қамтамасыз ететін кепілді онымен бекітілген сатып алу шарты бойынша өз міндеттемелерін уақтылы, толық көлемінде және тиісті түрде орындауға кепілдік ретінде салады.

Сатып алу шартының орындалуын қамтамасыз ететін кепіл салу туралы талап осы Ережелердің 17.3 және 17.11-тармақтарының негізінде жүзеге асырылған баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен және бір көзден сатып алу қорытындылары бойынша анықталған жеткізушілерге қатысты қолданылмайды.

19.5. Сатып алу шартының орындалуын қамтамасыз ететін кепіл мөлшері тендерлік құжаттамада сатып алу шартының жалпы сомасының 3 (үш) пайызы мөлшерінде белгіленеді.

Сатып алу шартында алғытөлем жасау көзделген болса, әлеуетті жеткізуші шарттың орындалуын қамтамсыз ететін кепілге қосымша алғытөлем мөлшерінде алғытөлемді қамтамасыз ететін кепіл салады. Бұл ретте әлеуетті жеткізушінің алғытөлем төлеуден бас тартуға құқығылы.

19.6. Әлеуетті жеткізуші сатып алу шартының орындалуын қамтамасыз ететін кепілдің келесі түрлерінің бірін таңдауға құқылы:

1) тапсырыс берушінің банк шотына салынатын кепілді ақшалай жарна;

2) банк кепілдігі.

19.7. Тапсырыс беруші сатып алу шартының орындалуын қамтамасыз ететін кепілді жеткізушіге ол сатып алу шарты бойынша өз міндеттемелерін толық және тиісті түрде орындаған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде қайтарады.

19.8. Сатып алу шартының орындалуын қамтамасыз ететін кепіл жеткізушіге келесі жағдайларда қайтарылмайды:

1) Жеткізушінің шарттық міндеттемелерді орындамауына немесе тиісті түрде орындамауына байланысты сатып алу шартын бұзуы;

19.8-тармақтың 2)-тармақшасына Қамқоршылық кеңестің 7.12.2019 жылғы №8 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

2) сатып алу шарты бойынша өз міндеттемелерін орындамаған немесе тиісті түрде орындамаған және орындамағаны немесе тиісті түрде орындамағаны үшін шартта көзделген айыппұлды төлемеуі.

19.9-тармақтың бірінші абзацына Қамқоршылық кеңестің 18.12.2020 жылғы №6 шешіміне сәйкес өзгертулер енгізілді.

19.9. Әлеуетті жеткізуші Тапсырыс берушіге Тапсырыс берушімен белгіленген мерзімде қол қойылған сатып алу шартын тапсырмаған немесе шартты бекітіп, шарттың орындалуын қамтамасыз ететін кепілді салмаған жағдайда, мұндай әлеуетті жеткізуші сатып алу шартын бекітуден бас тартқан болып саналады және Жосықсыз әлеуетті жеткізушілердің (жеткізушілердің) бірыңғай тізіліміне енгізіледі.

Әлеуетті жеткізуші тендер қорытындылары бойынша сатып алу шартын бекітуден бас тартқан болып танылған жағдайда, сатып алуды ұйымдастырушы өзі салған тендерлік өтінімді қамтамасыз ететін кепілді ұстап қалады.

19.10. Сатып алу шартының жобасына өзгертулер енгізуге келесі өзара байланысты талаптар сақталған кезде жол беріледі:

1)         сатып алу шартының жобасына өзгертулер енгізуге тараптардың бірі тендер тәсілімен сатып алу қорытындылары хаттамасына қол қойылған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмей бастамашылық жасауы;

2)         жеткізушіні таңдауға негіз болған сапа мен басқа да шарттарды өзгертпей, сатып алу шарты жобасының сомасын азайту бөлігінде өзгерту енгізуге болады;

3) шарттың сомасын азайту бөлігіне өзгерту енгізу туралы шешім тараптардың өзара келісімі бойынша қабылданады.

Осы тармақта көзделген талаптарды сақтамай, сатып алу шартының жобасына өзгертулер енгізуге жол берілмейді.

19.11. Жеткізушіні таңдауға негіз болған сапа мен басқа басқа да шарттарды өзгертпей, сатып алу шартына өзгертулер енгізуге келесі жағдайларда жол беріледі:

1) сатып алу шартын орындау барысында сатып алынатын ұқсас тауарлар, жұмыстар және қызметтердің бағалары төмендеу бағытында өзгерген жағдайда, тараптардың өзара келісімі бойынша тауарлар, жұмыстар және қызметтердің бағасын және тиісінше сатып алу шартының сомасын төмендету бөлігінде өзгерту;

2) мемлекеттік сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжаттамаға өзгертулер енгізілген және белгіленген тәртіппен осындай өзгерту сомасына қосымша ақша бөлу туралы шешім қабылданған жағдайда, сатып алу шартының сомасын арттыру бөлігінде, сондай-ақ шартты орындау мерзімдерін тиісінше өзгерту бөлігінде;

3) осы тармақтың 2)-тармақшасында көрсетілген жұмыстарды, қызметтерді қоспағанда, сатып алынатын тауарлар, жұмыстар көлеміне деген қажеттіліктің азаюына немесе негізді артуына байланысты сатып алу шартының сомасын азайту немесе арттыру бөлігінде, сондай-ақ сатып алу шартында көрсетілген тауар, жұмыс, қызмет бірлігінің бағасын өзгертпей, шартты орындау мерзімін өзгерту бөлігінде. Бекітілген тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алу шартын осылай өзгертуге осы тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алу жоспарында сатып алуға бөлінген сомалар шегінде жол беріледі;

4) жеткізуші онымен бекітілген сатып алу шартын орындау барысында онымен бекітілген сатып алу шартының нысаны болып табылатын тауар бірлігінің бағасы өзгермеген жағдайда сапасы және/немесе техникалық сипаттамалары және/немесе тауар жеткізудің одан да жақсы шарттарын ұсынған жағдайда;

5) салық, кеден және өзге де салалардағы заңнаманың өзгеруіне байланысты, сондай-ақ мемлекеттік сараптамалардан өткен жобалық-сметалық құжаттамаға тиісті өзгертулер енгізілген жағдайда жылдар бойынша қаржыландырудың өзгеруі жағдайында шартты орындау мерзімінің тиісті өзгеруіне байланысты келесі (одан кейінгі) жылдағы (жылдардағы) жұмыстың аяқталу мерзімімен жұмыстарды орындауға арналған сатып алу шартының сомасын азайту немесе арттыру бөлігінде;

6) салық, кеден және өзге де салалардағы заңнаманың өзгеруіне байланысты, сондай-ақ жылдар бойынша қаржыландыру өзгерген жағдайда шартты орындау мерзімдерін тиісті өзгерту кезінде қызметтерді көрсету, тауарларды жеткізу қызметтерін сатып алу туралы ұзақ мерзімді шарттың сомасын азайту немесе арттыру бөлігінде. Мұндай өзгертуді енгізуге шарт бір жыл бойы әрекет еткеннен кейін рұқсат етіледі және жылына бір реттен артық өзгерту енгізуге болмайды;

7) ДББҰ алқалы атқарушы органының шешімі негізінде қамтамасыз етіглен алғытөлем ұсыну бөлігінде тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алу шарттарының талаптарын өзгерту.

8) кешенді жұмыстарды жүзеге асыру барысында Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік сараптамадан өткен бекітілген жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес сатып алу шартының бағасын өзгерту бөлігінде;

9) сатып алу шартының мәні болып табылатын жұмыстарды жүзеге асыруға кедергі келтіретін қолайсыз климаттық (ауа райы) жағдайлар себебінен, сондай-ақ сатып алу шартының уақтылы орындалуына кедергі келтіретін, Тапсырыс берушінің және/немесе Тапсырыс берушінің басқа да жеткізушілерінің құрылыс алаңындағы әрекеттеріне байланысты құрылыс жұмыстарын жүзеге асыру барысында сатып алу шартының орындалу мерзімін ұлғайту бөлігінде. Осы тармақшада көзделген сатып алу шартын орындау мерзімін ұлғайтудың мән-жайлары сатып алу шартына тиісті қосымша келісімдер бекітілгенше құжатпен расталуға тиіс.

19.12.  Сатып алу шартына енгізілетін өзгертулер мен толықтырулар шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын шартқа қосымша жазбаша келісім түрінде рәсімделеді.

19.13. Бекітілген сатып алу шартына немесе оның жобасына өткізілетін (өткізілген) сатып алу шарттарының мазмұнын және/немесе жеткізушіні таңдауға негіз болған ұсынысты өзгерте алатын өзгертулер енгізуге жол берілмейді.

19.14. Сатып алу шартын орындау Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына, Тапсырыс берушінің шарттарды әзірлеуін, бекітуін және орындауын реттейтін қағидаттарына және ішкі құжатына сәйкес жүзеге асырылады.

 

20. Ережелерде белгіленген нормаларды бұзғаны үшін жауапкершілік

20.1. Тапсырыс беруші/сатып алуды ұйымдастырушының басшылары, комиссия, сарапшы (сарапшылар), сатып алу рәсімдерін ұйымдастыратын және өткізетін тұлғалар, сондай-ақ тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алуға қатысатын басқа тұлғалар ережелерді бұзғаны үшін жеке жауап береді.

20.2. Ережелердің нормаларын бұзғаны үшін қызметкерлерді жауапкершілікке тарту тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасына және белгіленген тәртіппен бекітілген ДББҰ-ның ішкі құжаттарына сәйкес анықталады. 

21. Қорытынды ережелер

21.1. Осы Ережелерді қабылдағанға дейін басталған (жарияланған) сатып алу рәсімдері сатып алу туралы шешім қабылданған күнгі қолданыстағы сатып алу ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.

21.2. Әлеуетті жеткізушілер сатып алуды ұйымдастырушының, комиссияның, сарапшының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), олардың әрекеттері (әрекетсіздігі) әлеуетті жеткізушінің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзатын жағдайда шағым жасауға құқылы.

Тапсырыс берушінің сатып алуды жүзеге асырудан бас тартуы туралы шешімі шағымдануға жатпайды.

 


Қаралым: 535
Жарияланған: 03 Қазан