2015 жылғы 30 наурызда Көкшетау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектеп кітапханасында «Мектеп кітапханалары жұмысының заманауи әдістері» тақырыбында оқыту семинары өткізілді.
Семинарға Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Ақан сері атындағы Мәдениет колледжінің «Кітапхана ісі» мамандығының студенттері, оқытушылар және «Өрлеу» Ақмола облыстық біліктілікті арттыру институтының өкілдерінен құралған 28 адам қатысты.
Семинардың басты мақсаты – болашақ кітапханашы мамандарына мектеп кітапханасының заманауи жұмыс әдістері, жаңа бағыттарынан ақпарат беріліп, зерделенген халықаралық тәжірибемен (Финляндия, Оңтүстік Корея, АҚШ) бөлісу. Сонымен бірге әр жастағы оқырмандармен жұмыс жасау тәжірибесін көрсету, мектеп, колледж, ЖОО арасында әріптестік қарым-қатынас орнату.
Сонымен қатар, Интернет кеңістігіндегі жұмыс, ақпараттық сауаттылық, зерттеу дағдыларын қалыптастыру, мектеп кітапханасы аясында кітап оқуды насихаттауда кітапханашының рөлі жөнінде мәселе талқыланды.
Семинар теориялық және практикалық түрде жүргізілді. Сонымен қатар семинарға қатысушылар оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында интерактивтік әдістермен танысты. Зияткерлік мектептерде кітапханаға келген жаңа кітаптарға интерактивті тұрғыда сайт, әлеуметтік желілер арқылы жарнама жасалынады.
Семинарға қатысушылар шығармашылық және креативті қабілеттерін көрсетіп, белсенділік танытты және семинар өте қызықты, мазмұнды өтті. Келешек жас мамандар алған білімдерін алдағы уақытта тәжірибеде қолданатындықтарына сенім білдірді.
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті және Ақан сері атындағы Мәдениет колледжінің оқытушылары Зияткерлік мектептермен алдағы уақытта ынтымақтастық орнату мәселесін талқылады.