Қызылорда облысы

Қызылорда облысында «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» тәжірибесін енгізу негізінде инновациялық мектептер желісі құрылды


2015 жылдың 18-19 наурызы аралығында Қызылорда облыстық әкімдігінің бастамасымен «Мазмұнды жаңарту жағдайында білім беру ортасын трансформациялау» тақырыбында Қызылорда қаласында республикалық семинар-кеңес ұйымдастырылып, өткізілді.

Жиынға Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаев, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрайымы Күләш Ноғатайқызы Шәмшидинова, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ «Педагогикалық шеберлік орталығы» филиалының директор кеңесшісі, қоғам қайраткері Шәмшә Көпбайқызы Беркімбаева, Кембридж университетінің Білім беру факультетінің аға лекторы Элейн Уилсон, және Ұлыбритания, Оңтүстік Африка, Қазақстанның бірнеше өңірлерінен білім беру саласының үздіктері қатысты. Аталған семинар-кеңесте білім берудің озық әдістерін қолдану, педагог кадрлардың кәсіби дамыту, орта білім мазмұнын жаңарту, ХХІ ғасыр мұғалімін даярлау, Зияткерлік мектептердің тәрбие жұмысының тәжірибесі, білім саласының дамуы туралы өзекті мәселелер талқыланды.

Семинар-кеңестің басты мақсаты – Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін енгізу алаңы ретінде Қызылорда облысында өңірлік инновациялық мектептер желісін құру, «Назарбаев Зияткерлік мектебі» дербес білім беру ұйымының тәжірибесін тарату.

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаев республикалық семинар-кеңесте сөйлейтін сөзінде: «2008 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша Қазақстандық Зияткерлік мектептер құру жобасы іске аса бастады. Инновациялық білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларды іске асыру үшін, заманға сай басқару тетіктерін енгізу, академиялық еркіндік пен дербестікті дамыту үшін 2011 жылы «Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев қорының» мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Сол заңға сәйкес дербес білім беру ұйымы болып саналатын «Назарбаев Зияткерлік мектептері» осы күнде 17 мектепті іске қосып, қазақстандық орта білім беру жүйесін алға сүйрейтін локомотивке айналды. Осы күнде «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» жинақтаған әдістемелік қоры, тәжірибесі мен білігі жалпы қазақстандық білім беру мазмұнын жаңартуға негіз ретінде танылды. Аталған жобаны осы биікке көтеруде бүгін ортамызда отырған «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының төрайымы Шамшидинова Күләш Ноғатайқызының еңбегін атау керек.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасы бойынша, «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» тәжірибесін жалпы білім беру жүйесіне тарату жұмысы басталғаны белгілі.

Осы ретте, Қызылорда облысы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында өңірлік инновациялық мектептер желісін құру жобасын қолға алмақ. Аталған жоба шеңберінде облыс аудандарында екіден және Қызылорда қаласында 6 мектеп іріктеліп, «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» тәжірибесін енгізу алаңы ретінде дамытылады.

Жобаға кірген мектептердің мұғалімдері деңгейлік біліктілік көтеру курстарынан өтіп, алған білімі негізінде жұмыстарын жаңа арнаға түсіруі тиіс. Сонымен бірге, аталған жобаға енген мектептер «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» талаптарына сай жарақтандырылуы қажет.   

Бұл мектептер ұсынылған әдістеме мен тәжірибені тездетіп игеріп, облыс аумағындағы мектептерге таратуға және өңірлік білім беру жүйесіндегі озық жетістіктер үлгісін қалыптастыруы қажет», – деді аймақ басшысы.

Сыр өңірінің мектептері заманға сай болуы үшін не істелуі қажет?

Осы сұраққа облыс әкімі Қ.Е. Көшербаев: «Біріншіден, мектепте сапасы жоғары және қазіргі уақытта қолданбалы білім берілуі тиіс. Ең үздік және артта қалған оқушылар арасындағы айырмашылықты мейлінше қысқарту керек. Екіншіден, мектептің мақсаты баланы тек оқыту ғана емес, қазіргі заманда өз орнын тауып, бәсекелестікте өмір сүре алатын тұлға тәрбиелеу болуы шарт. Үшіншіден, мектептегі мұғалімнің білігін ұдайы көтеру және олардың шығармашылық жұмысына жағдай жасау басты назарда болуы тиіс. Төртіншіден, мектептер еліміз бен дүниеде болып жатқан әлеуметтік жаңалықтарға ашық болуы қажет», - деп атап өтті аймақ басшысы.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрайымы Шәмшидинова Күләш Ноғатайқызы «Білім мазмұнын әзірлеу және анықтаудағы заманауи тенденциялар» баяндамасында: «Жалпы қазіргі әлемдегі білім беру саясатына ықпал ететін бірнеше факторлар бар.

Бірінші фактор: жаһандану және интеграция, шекарасыз әлем;

Екіншісі, қоғамның әлеуметтік құрылымының күрделілігі және алуандылығы.

Үшіншісі, 21 ғасырдың еңбек рыногында өз орнын таба алатын, бәсекеге қабілетті  адам капиталын қалыптастыру.

Еліміздің білім беру жүйесі әлемдік білім беру кеңістігіне интеграциялануға бағытталған. Қазақстан жоғары білім саласында негізгі халықаралық келісімдерге, оның ішінде Лиссабон «Жоғары білім біліктілігін мойындау жөніндегі келісімге» (1997), Болон Декларациясына (1999) қосылды. Осыған орай 4-деңгейдегі Еуропалық біліктілікке сәйкес мектепте берілетін білімнің нәтижелері, еліміздің және әлемнің университеттеріне бакалавр дәрежесіне оқуға  қабылдануға мүмкіндік беруі керек. Осы  талаптарды орындау үшін  орта білімнің мазмұнын қайта қарауымыз қажет. Еліміздің білім беру жүйесі әлемдік білім беру кеңістігіне интеграциялануға бағытталған. Қазақстан жоғары білім саласында негізгі халықаралық келісімдерге, оның ішінде Лиссабон «Жоғары білім біліктілігін мойындау жөніндегі келісімге» (1997), Болон Декларациясына (1999) қосылды. Осыған орай 4-деңгейдегі Еуропалық біліктілікке сәйкес мектепте берілетін білімнің нәтижелері, еліміздің және әлемнің университеттеріне бакалавр дәрежесіне оқуға  қабылдануға мүмкіндік беруі керек.

Осы  талаптарды орындау үшін  орта білімнің мазмұнын қайта қарауымыз қажет. Ең бірінші, біз, «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясы негізінде баланың бойында қалыптасатын құндылықтардымызды анықтадық. Екінші, күтілетін нәтежелер анықталды. Содан кейін ғана білім мазмұны, яғни пәндер, анықталды. Бағалау жүйесі, оқу процесін ұйымдастыру жүйесі де қарастырылды.

Бастауыш мектепте пәндік салалардан бастапқы білім жинақталады, алғашқы зерттеу дағдыларын үйренеді, қоршаған ортаны тұтас ғылыми тануға алғышарттар қалыптасады, өздігінен оқуға үйренеді, ынтымақтастық пен пікірлесу дағдысы қалыптасады.

Негізгі мектепте базалық білім тәмамдалып, әлемді ғылыми танудың негізі қалыптасады, бастапқы кәсіптік бағдар беріледі.

Орта мектепте кәсіптік бағдар тереңдетіліп, Жоғарғы оқу орнында оқуға дайындау, өмірдегі болашақ жолын айқындау жүзеге асырылады.

Сын, шығармашылық тұрғысынан ойлауды дамыту, үш тілде оқыту, оқушыларды әлеуметтендіру  үш деңгейде де қарастырылған», – деді Басқарма төрайымы.

Сөз қорытындысында, Күләш Ноғатайқызы: «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің Қызылорда облысының ұстаздарымен әріптестігі ары қарай жалғасын табады деп сенемін. Біз өз тарапымыздан үш жобаны ұсынамыз:

1. Қызылордадағы мектебіміз шалғай ауылдың бір мектебін әріптестікке шақырады. Осы мектептің ұстаздарына методикалық көмек беруге дайынбыз.

2. Қызылорда өңіріндегі Педагогикалық шеберлік орталығының филиалы бір ауданның ұстаздарына тұрақты жағдайда семинарлар ұйымдастырып, методикалық көмек көрсететін болады.

3. Қорқыт ата атындағы қызылорда мемлекеттік университеті педагогика факультеттерінің студенттеріне Зияткерлік мектептің базасында іс-тәжірибе ұйымдастыруға дайынбыз», – деп атап көрсетті.

Аталған жиынның нәтижесінде «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы және Қызылорда облысы әкімдігі арасында 2015-2017 жылдарға арналған өзара ынтымақтастық туралы меморандум қабылданды.

 

сілтемелер:

http://alashainasy.kz/bil/kyizyilordada-blm-beru-salasyina-katyistyi-respublikalyik-forum-ott-65714/

http://kazvesti.kz/kz/kyzylorda/196-yzylorda-oblysynda-innovaciyaly-mektepter-zhels-rylady.html

http://baq.kz/kk/news/62478


Қаралым: 3699
Жарияланған: 03 Қырқүйек