Конкурстық іріктеу ережелері

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 8-9, 11-сыныптарына оқушыларды конкурстық іріктеу


«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында дарынды балалардың оқуына ақы төлеу үшін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының «Өркен» білім беру грантын тағайындау қағидалары мен мөлшерлерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 наурыздағы №317 қаулысымен бекітілген ережеге (бұдан әрі – Ереже) сәйкес Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 8-9, 11-сыныптарына оқушыларды қабылдау Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының «Өркен» білім беру грантын (бұдан әрі – Грант) конкурстық негізде тағайындау арқылы жүзеге асырылады.

Ереже талаптарына сәйкес құжаттарды ұсынған, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 8-9, 11-сыныптарында оқуға үміткер Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын білім беру ұйымдарының оқушылары конкурсқа қатысуға жіберіледі. Конкурстық іріктеу кезінде үміткерлердің әлеуметтік-экономикалық мәртебесіне, тұрғылықты жеріне, денсаулық жағдайына, академиялық және басқа да жетістіктеріне қарамастан, барлығына бірдей тең құқық беріледі.

8-9, 11-сыныптарға конкурстық іріктеу Назарбаев Зияткерлік мектептері ғимаратында компьютерлік және/немесе жазбаша кешенді тестілеу форматында өткізіледі.

Кешенді тестілеу құрылымы:

Тест бөлімі Тапсырма саны Орындау уақыты Ең жоғары балл

Шекті балл

Математика 30 45 300 105 (35%)

Физика/Химия/Биология*

30 45 300 105 (35%)
Қазақ тілі 20 30 200 -
Орыс тілі 20 30 200 -
Ағылшын тілі 20 30 200 -
Барлығы: 120 тапсырма 180 минут 1200 -

*үміткерлер конкурсқа қатысу үшін құжаттарды тапсыру кезінде бейінді пәндердің біреуін таңдайды.

Үміткерлердің жауаптары «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ стратегиялық серіктестерімен – Педагогикалық өлшеулер институты (Cito, Нидерланд) және Джонс Хопкинс Университетінің Дарынды жастар орталығымен (СТҮ, АҚШ) бірлесіп әзірленген автоматтандырылған статистикалық талдау арқылы бағаланады. Аталған тәсіл нәтижелерді объективті және сенімді бағалауды қамтамасыз етеді, сондықтан конкурс нәтижелері бойынша апелляция өткізілмейді.

Конкурс қорытындысы бойынша «Математика» және таңдалған пән (физика, химия, биология) бойынша ықтимал ең жоғары балдың отыз бес және одан көп пайызын жинаған үміткерлердің нәтижелері Грант тағайындау жөніндегі республикалық комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) қарауына жіберіледі. Комиссия нақты мектептер бойынша бөлінген гранттар шегінде конкурс нәтижелері бойынша неғұрлым жоғары балл (ең жоғары балл – 1200) жинаған үміткерлерге Грант тағайындайды. Үміткерлердің жалпы балл саны тең болған жағдайда, 1) «Математика»; 2) «Физика»/«Химия»/«Биология»; 3) оқыту тілі бойынша неғұрлым жоғары балл жинаған үміткерлерге басымдық беріледі. Конкурс нәтижелері кешенді тестілеу аяқталған соң 30 күнтізбелік күннен кейін хабарланады және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ www.nis.edu.kz сайтында жарияланады.

Шекті балл жинаған, бірақ бос орындардың болмауына байланысты мектепке қабылданбаған үміткерлер Комиссия шешімімен бекітілетін резервтік тізімге енгізіледі. Резервтік тізімдегі үміткерлерге сол оқу жылы ішінде бос орын болған жағдайда, Ережеге сәйкес қосымша конкурстан өтпей-ақ грант тағайындалады. Бұл ретте нақты бір мектептің резервтік тізіміндегі үміткер бос орны бар және резервтік тізімі жоқ басқа мектепте оқуға да үміткер бола алады. Резервтік тізімдегі үміткерлерге Грант тағайындау туралы шешім Комиссия хаттамаға қол қойған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ www.nis.edu.kz сайтында жарияланады.


Қаралым: 5439
Жарияланған: 15 Қырқүйек