Новости

Павлодарлық оқушы Португалия елінен қола медаль әкелді


Лиссабон қаласында физика пәнінен өткен 49-шы Халықаралық олимпиадаға 90 елден қатысушылар келді. Бес оқушыдан тұратын Қазақстанның құрама командасында біздің Дияр аталмыш олимпиадада алғаш рет бағын сынады. Олар физика пәнінен бес сағаттың ішінде теория бойынша үш және  тәжірибелік бір тапсырма орындады. Түрлі олимпиадаларда топ жарып жүрген еліміздің майталман оқушылары Португалия елінде  жеті  күн өткізді. Әрбір қатысушының білімі жеке бағаланып, төрт медаль мен бір Құрмет грамотасы табыс етілді.

Дияр Туленов математика пәнінен өтетін олимпиадада 5-6 сыныптардан бастап қатысады. 7-сыныпта Назарбаев зияткерлік мектебіне ауысқаннан кейін жетекшісі Назымгүл Кәрімова оның бойында физика пәніне деген құлшынысты көріп,  физикамен шұғылдана бастаған.

-  Нәтижесінде  7-10 сыныптарда физика пәнінен бірнеше олимпиаданың жүлдегері атанды.  Алғаш рет 2016 жылы республикалық олимпиадада бірінші орын иеленген. Бұдан кейін дәл сол жылы Индонезияның Бали аралында 16 жасқа дейінгі оқушылардың арасында өткен Халықаралық олимпиадада үшінші орын алған. Болашақта физикамен байланысты ғалым болуды армандайды, - дейді баспасөз хатшысы.

2017 жылы Халықаралық Жәутіков олимпиадасында жеңімпаз атанған жеткіншек бүгінде ҚБТУ  мен  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің грант иесі, яғни аталмыш екі  жоғары оқу орнының студенті болуға лайықты  деген  екі сертификаты бар. Еске сала кетейік, жуырда ғана Дияр Туленов Якутияда өткен «Туймаада» олимпиадасынан қола медальмен оралған болатын.

pavlodarnews.kz



Просмотров: 273
Опубликован: 31 Июля