Республикалық

Азамат Жақсылықов - Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Президенттік олимпиаданың қола медаль жүлдегері!


 Еліміздің бас қаласы – Астанада математика, физика, химия, биология пәндері бойынша ІV Президенттік олимпиада өз мәресіне жетіп,  жеңімпаздар анықталды. Бұл сайысты 2011 жылдың 6-10 желтоқсан күндері ҚР Білім және ғылым министрілігінің “Дарын” Республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырды. Аталған Президенттік олимпиада Қазақстан Тәелсіздігінің 20 жылдығы  аясында өткізілді.  Зияткерлік сайысқа Қазақстан мектептерінің 11-сынып оқушылары тартылды. 2011 жылдың 7 желтоқсанында сайыстың салтанатты ашылуы болып, шараға ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары Мұрат Орынханов  қатысты. Президенттік олимпиаданың қазылар алқасы құрамына халықаралық және Президенттік олимпиадалардың жеңімпаздары  мен жүлдегерлері, таңдаулы Отандық және шетелдік жоғарғы оқу орындары, атап айтсақ, Назарбаев Университеті, әл-Фараби атындағы  ҚазҰУ, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ, М. Ломоносов атындағы ММУ Қазақстандық филиалы, Калифорниялық технология университетінің магистрлары мен докторлары кірді.

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 20 оқушысы аталған білім додасында бақ сынасты. Сайыс қорытындысына сәйкес, Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Жақсылық Азаматқа қанжығасына физика пәнінен қола медалі бұйырды. Талдықорған мектебінен 4 оқушы І дәрежелі дипломмен, 7 оқушы ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. 

Аталған білім бәсекесі мемлекетіміздің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тапсырмасымен  2008 жылдан бері өткізіліп келеді. Бұл шараны Тәуелсіздік күні қарсаңында ұйымдастыру дәстүрге айналған. Президенттік олимиаданың басты мақсаты – жаратылыстану – математика саласына бейім дарынды оқушыларды анықтап, оларға қолдау көрсету, жаратылыстану – математика пәндері мазмұнын дамыту және жетілдіру, оқушылардың бойында патриоттық сезім қалыптастыру. 2010 жылдан бері Президенттік олимпиаданы  Назарбаев Университінде ұйымдастыру қолға алынған. Бұл олимпиаданың жеңімпаздары  жыл сайын инженерия, технология, медицина, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар бағытындағы беделді жоғарғы оқу орындары шәкірттерінің  қатарын толықтыруда. Өткен жылы осы олимпиаданың 27 дипломанты Назарбаев Университетінің студенттері болып атанды.  ҚР “Білім туралы” Заңына сәйкес, Президенттік олимпиаданың жеңімпаздары І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталған жүлдегерлері еліміздің жоғарғы оқу орындарының  білім гранттарын жеңіп алу кезінде айрықша басым құқықтарға ие.

Президенттік олимиадаға қатысушылар мен жеңімпаздарды қуттықтаймыз!


Қаралым: 2724
Жарияланған: 09 Сәуір