Баспасөз-релиздер

БАСПАСӨЗ-РЕЛИЗ


2015 жылы 11 тамыз күні сағат 09.30-да  Алматы қаласында химия-биология бағытында оқытатын Назарбаев Зияткерлік мектебінің ашылу салтанаты өткізіледі. Салтанатты шараға Алматы қаласы Әкімі Б.Қ. Байбек және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдары басқармасының төрайымы К.Н. Шамшитдинова қатысады. Сондай-ақ, шақырылған қонақтар арасында белгілі ғалымдар, саясат және қоғам қайраткерлері, педагогтер, оқушылар мен ата-аналар қоғамы мүшелері де бар.

Республикада Назарбаев Зияткерлік мектептерінің ашылуы Елбасының бастамасымен «20 Зияткерлік мектеп» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Алғашқы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі 2009 жылы Астана қаласында ашылды. Қазіргі таңда елімізде 18 мектеп бар.

 19 мектеп – Алматы қаласындағы химия-биология бағытында оқытатын Назарбаев Зияткерлік мектебі 960 оқушыға арналып салынды. 9 блоктан құралған мектепте соңғы үлгідегі мектеп  жабдықтарымен жабдықталған 70 оқу сыныбы мен 25 зертхана орналасқан. Дәстүрлі оқу қабинеттері мен хертханалардан басқа, интеграция, техникалық үлгілеу, нано және биотехнологиялар, робототехника, жеке жұмыс жүргізу және психологиялық жеңілдену кабинеттері бар. Физика, химия, биология пәндерінің кеңейтілген зертханалары халықаралық  заманауи талаптарға сәйкес жасалған.  

 Мектеп телестудиясы оқушылардың шығармашылық және ғылыми қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді.  Бұл мектептің басқа Зияткерлік мектептерден тағы бір айырмашылығы – әр түрлі бағыттағы техникалық үйірмелер жүргізілетін  технотория зертханалары. Мектеп орналасқан  ауданда тұратын  оқушылар аталған үйірмелерге келіп қатысуларына болады.

Мектеп жаңа компьютерлік жүйелермен, оқушыларға тиімді білім берумен қатар, мұғалімге де оқу үрдісін тиімді басқаруға қажетті заманауи компьютерлік техникалар, интерактивті электронды такталар, жоғары жылдамдықты интернет, инновациялық бағдарламалардың құралдары қойылған  мультимедиялық кабинеттермен жабдықтандырылған. 

3 залдан тұратын мектеп кітапханасын да ерекше атап өтуге болады. Кітапхана қоры оқу-әдістемелік құралдар, классикалық және көркем әдебиеттер, отандық басылымдар, медиатекамен толықтырылған. Кітапхана оқушылар ізденіс, ақпараттарды талдау жұмыстарын жүргізе алатын ақпараттық орталық ретінде қарастырылған.   

Мектептегі спорттық блокта үлкен және кіші спорт залдары, жаттығу залы және хореография залы бар. Мектеп алаңында футбол, баскетбол және волейбол ойындарына арналған алаңқайлар, теннис, жеңіл атлетика алаңдары және балалардың демалыс аймағынан тұратын заманауи спорт кешені орналасқан. 

 Кең әрі көп атқарымды  480 орындақ акт залы, 100 орындық дәрісхана және 50 орындық конференция залы мектепте түрлі іс-шараларды өткізуге арналған.

Оқушылар 500 орындық 2 үлкен асханада тамақтанатын болады.

Жатақхана корпусы Алматы қаласындағы екі Зияткерлік мектептің 270 оқушысын қамтиды.

Қазіргі таңда бұл мектепте Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің «Өркен» Білім грантының 790 иегері білім алады. Конкурстан өткен 7-8 сынып оқушыларының орташа балы – 1000- нан 819-646 аралығында болса, 9-10 сынып оқушыларының жинаған орташа балы ең жоғарғы 60 балдан 28,6-23,4 аралығында болды.  

Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыларына конкурстан іріктеліп алынған республиканың 140 үздік мұғалімі сабақ жүргізеді.

Сонымен қатар, Алматы қаласында ашылғалы отырған химия-биология бағытындағы зияткерлік мектеп жоғары оқу орындарымен байланыста жұмыс атқаратын болады, мектепте ғалымдар мен мұғалімдердің бірлескен «Ғылым әлемін ашамыз!» жобасы іске асырылады. Бұл жоба оқушылардың өнертапқыштық және зерттеушілік дағдыларын қалыптастырып, болашақ жас ғалымдарға өзіндік жеке ғылыми жобаларын жасауға бағыт береді. 

  


Қаралым: 1840
Жарияланған: 10 Тамыз