Жаңалықтар

Семейдегі Зияткерлік мектепке – 10 жыл


Семей қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10 жылдық мерейтойына орай Абай атындағы облыстық сазды-драма театрында «Ұлы дала мұрагерлері» атты мерекелік театрландырылған концерт өтті.

Шараға «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының төрайымы Күләш Шәмшидинова, Семей қаласы әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев, қалалық мәслихат хатшысы Бейсенбек Ақжалов, ата-аналар, мектеп ұжымы, оқушылар қатысты.

– Елбасы, Қазақстан республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына орай алғашқы болып 2009 жылдың қаңтар айында Нұр-Сұлтан қаласында Зияткерлік мектебі ашылса, сол жылы Көкшетау, Семей шаһарларындағы Зияткерлік мектептер оқушыларды қабылдады. Сол кездері Елбасының, република Үкіметінің және Парламентінің, ең бастысы бізге балаларын сеніп тапсырған ата-аналардың қолдауын ерекше сезіндік. Қазіргі таңда түлектеріміз Гарвард, Колумбия, Стенфорд сондай-ақ отанымыздың университеттерін бағындырды. Мереке құтты болсын, той барлығымызға ортақ, – деді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова құттықтау сөзінде.

Мерекелік концертте оқушылар күшімен орындалған халық әндері, күйлері, бүгінгі заманның озық туындылары көптің көңілінен шықты.

– Тарих үшін 10 жыл қас-қағым сәт. Дегенмен, егемен елдің 10 жылының әрқайсысы бір төбе, бір белес. Семейдегі үлгілі білім ошағының шәкірттері елдің дамуына өз үлестерін қосып келеді. Ендеше, ғылым мен білімнің көші байсалды болсын, – деді Семей қаласы әкімінің орынбасары Айдар Серікқазыұлы.

Шара барысында мектеп тарихынан сыр шертетін деректі фильм көрсетілді. Мектептің озат ұстаздардың бір тобы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымының, қала әкімі мен қалалық мәслихаттың атынан грамота, алғыс хаттарымен марапатталды.

 

 



Қаралым: 68
Жарияланған: 12 Қараша